28 мая 2019 | 18:35

Төлқұжатыңызды қолға түсірген алаяқтар не істей алады - 4 қауіп

Жеке куәлік жоғалтып алғанда неліктен бейқам жүрмей, тез арада құзыретті органға хабар берудің маңызын көбіміз білеміз. Алайда құжатыңызды қолға түсірген қаскөй не істей алады? Одан қандай зиян шегуіңіз мүмкін? Бұл сұрақтарды Tengrinews.kz тілшісі заңгер Нұра Тынысқызына қойған еді. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Жеке куәлік жоғалтып алғанда неліктен бейқам жүрмей, тез арада құзыретті органға хабар берудің маңызын көбіміз білеміз. Алайда құжатыңызды қолға түсірген қаскөй не істей алады? Одан қандай зиян шегуіңіз мүмкін? Бұл сұрақтарды Tengrinews.kz тілшісі заңгер Нұра Тынысқызына қойған еді. 

Ең танымал алаяқтық түрі - атыңыздан несие ала алады

Реклама
Реклама

Маман ең көп кездесетін алаяқтық түрлеріне тоқталды. Оның біріншісі әрі ең танымал түрі - сырттай несие алу.

"Бөтен адам атыңыздан несие алса, мұны әрине дәлелдеп, өз құқығыңызды қорғай аласыз. Бірақ көпшілік бұл жайлы несие қарызы келгеннен кейін ғана біліп жатады. Бізге келіп, көмек сұрайтындардың көбі алаяқтың құрбаны болғанын сот орындаушыларынан келген атқарушы парағының негізінде ғана біледі. Бірінші кезекте мұндай жағдайларда жәбірленуші ішкі істер органдарына барып, арыз жазуы керек, болмаса сотқа шағымданады", - дейді ол.

Көп жағдайда, маманның айтуынша, қаскөйдің несие беруші екінші деңгейлі банктердегі сыбайластары болады екен.

"Себебі несие алатын болсаңыз бүгінде кез келген банкте видеоға түсіреді, менеджерлер де суретке түсіріп алады, компьютеріне мәліметтеріңізді жазып алады. Банкке барған-бармағаны және қашан барғаны жайлы мәліметтерді анықтауға болады. Кім болса да мұндай тексерістерден оңай өте алмайды. Сол үшін көбіне алаяқтар арам пиғылын банктегі мүдделес сыбайластарының көмегімен іске асырады. Жалпы мұндай жағдайда заң жүзінде өз құқыңызды қорғай аласыз, тәжірибеміз бойынша, адам өз атынан қаскөйлердің несие алғанын дәлелдей алады, мұндағы басты проблемалар: адамның созылатын сот істеріне барып-келу шығыны, жүйкесінің жұқаруы, тіпті ауруханаға түсіп қалуы", - дейді Нұра Тынысқызы.

Атыңыздан заңсыз фирма аша алады

Құжат жоғалтқанда кездесетін тағы бір алаяқтық түрі - атыңыздан заңсыз компаниялар ашу. 

"ЖШС дейміз, басқа да компаниялар ашып, сіздің атыңыздан қаржы әрекеттерін жасауы мүмкін. Мұндай жағдайда ең бастысы салық төлемеу, жалтару мәселелері көптеп кездеседі. Кейбір кездерде мұндай істер сотқа жетіп, қылмыстық іс ретінде қаралады. Мұндайда салық департаменті жазығы жоқ адамның мүлкіне тыйым салып, іс насырға шабатын оқиғалар көп. Бізге көмек сұрап келетіндердің басым бөлігінде осындай іс. Ең қиыны көпшіліктің салық органдарынан келген ескерту хабарламаларындағы шараларды жасамауы, шақыртқанда бармауы, немқұрайлы қарауы", - дейді заңгер.

Осыдан кейін маман атынан бөтен адамдардың басқа қаладан фирма ашқан жігіттің оқиғасын айтты.

"Мәселен жақында Тараздан хабарласқан жас жігіт өз атынан әлдекімдердің Ақтауда фирма ашқанын айтып, шағымданды. Бірақ өзі Ақтауға барып көрмеген. Одан кейін тергеу амалдары жүріп, ұзақ уақыт өткеннен кейін ғана тараздық тұрғынның бұл іске еш қатысы жоқ екені анықталды. Бірақ ол бала енді іске куәгер ретінде барып, қатысып жүр. Себебі мұндай жалған фирмалар мәселен террористік ұйымдарды қаржыландыру ісімен де айналысуы мүмкін. Сондықтан бұл өте маңызды", - дейді ол.

Атыңыздан мүлік аудара алады

"Мәселен құжат негізінде жоғалтқан адамның атына өмірде жоқ көлікті аударып, кейін сатып, пайдақорлық іс-әрекеттер жасауы мүмкін. Бар көлікті де сол куәлік арқылы бөтен адамның атына тіркеп, қандай да бір қылмыс жасалуы мүмкін. Одан келетін шығын мен жауапкершілік төлқұжат иесінің мойнында болады", - дейді заңгер.

Оның айтуынша, мүлікті өзге адамның атына аудару жайлы айтқанда бір ғана көлік емес, үй және мүліктің кез келген басқа түрлерімен алаяқтық әрекеттер жасалуы әбден мүмкін екен. 

SIM-карта тіркей алады

"Биылдан бастап әр телефонның нөмірі иесінің атына тіркеу міндеттелгенін білеміз. Бұл заңның негізгі мақсаты телефон терроризмімен күресу. Яғни төлқұжатын жоғалтқан адамның атынан қаскөйлер нөмір сатып алып, тіркеп, қоғамды дүрліктіру мақсатында түрлі хабарлама қалдырып немесе қоңырау соғып, терроризм актісі жайлы жалған хабарлама беруі мүмкін", - дейді заңгер. 

Сондай-ақ SIM-картаны бөгденің атына тіркеген қаскөйлер телефон арқылы ақша аударымдарына қатысты түрлі алаяқтық әрекеттер жасауы мүмкін дейді маман.

Нұра Тынысқызы төлқұжат жоғалтуға қатысты қылмыс деректері көбіне қай қалаларда кездесетінін айтты.

"Мұндай оқиғалар Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтау қалаларында жиі болады, оған себеп - бұл қалалардың қаржы орталығы болғандығы, қала халқының тығыз орналасуы. Сондықтан ақша айналымы белсенді қалаларда құжат жоғалуына қатысты заңға қайшы іс-әрекеттер көп болады", - дейді ол. 

Оқи отырыңыз:

"Жеке куәлікті өзіңмен алып жүруге міндетсің" - Қазақстандықтар сенетін 5 аңыз

Құжат жоғалтқанда не істеу қажет - Нұсқау


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная