Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
07 февраля 2019 12:52

Түнгі ауысымдағы жұмыс: Не білу керек

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

© pixabay.com © pixabay.com

Заң бойынша түнгі уақытта жұмыс істейтіндердің жалақысы қалай төленеді және қай санаттағы адамдарға түнде жұмыс істеуге заң бойынша тыйым салынады? Қызметкерді түнгі уақытта жұмысқа шақырған жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері қандай? Tengrinews.kz тілшісінің бұл сұрақтарына заңгер Нариман Сүлейменов жауап берді. 


Заң бойынша түнгі уақытта жұмыс істейтіндердің жалақысы қалай төленеді және қай санаттағы адамдарға түнде жұмыс істеуге заң бойынша тыйым салынады? Қызметкерді түнгі уақытта жұмысқа шақырған жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері қандай? Tengrinews.kz тілшісінің бұл сұрақтарына заңгер Нариман Сүлейменов жауап берді. 

Заңгердің сөзіне сүйенсек, Еңбек кодексіне сәйкес, түнгі ауысым сағат 22.00-ден 06.00-ге дейінгі уақытты қамтиды.

Маманның айтуынша, түнгі уақытта атқарылған жұмыстың әрбір сағаты жұмысшының күндізгі ауысымдағы сағаттарынан алуы тиіс төлемінен бір жарым еседен төмен болмауы тиіс. 

"Мысалы, қызметкердің жалақысы - 150 000 теңге. Күнтізбелік 22 жұмыс күні бар. Жұмыс күнінің ұзақтығы - 8 сағат. Осылайша, бір айда 176 сағат жұмыс істейміз. Әр сағатқа берілетін тарифтік төлем: 150 000 теңге / 176 жұмыс сағаты болса, сағатына 852,27 теңге төленеді деген сөз. Содан бір айдағы 176 жұмыс сағатының 144 сағаты күндізгі ауысымға түссе, 32 сағаты түнгі ауысымға түседі. Бұдан күндізгі ауысымдағы жұмысты санаймыз, ол 852, 27-ні 144-ке көбейтеміз, сонда күндізгі уақытта алатын жалақысы 122 726, 88 теңге шығады. Түнгі ауысымды санаймыз, 852,27*32*1,5 сонда түнгі уақытқа 40 908,96 теңге төленеді. Жалпы бір айлық жалақыны санасақ, 122 726, 88 теңгеге 40 908,96 теңгені қоссақ, 163 635,84 теңге шығады. Бірақ кейбір жағдайларда жұмыс беруші өзінің бұйрығымен түнгі уақыттағы жұмысқа одан да көбірек жалақы белгілей алады", - дейді Сүлейменов.

Дегенмен, маманның айтуынша, Қазақстанда заң бойынша кез келген адам түнгі ауысыммен жұмыс істей алмайды. 

Міндетті түрде жазбаша келісім болуы тиіс

"Түнгі уақытта жұмыс істеуге тыйым салынған адамдардың қатарында 18 жасқа толмаған балалар, жұмыс берушіге жүктілігі жайлы анықтама берген әйелдер бар. Бұл санаттағы адамдар өз келісімін беріп отырса да заң бойынша оларды жұмысқа алуға болмайды", - дейді маман.

Ал мүгедектер, Сүлейменовтің айтуынша, түнгі ауысымдағы жұмысқа тек дәрігерлердің ол жұмыстың денсаулыққа зиян келтірмейтіні жайлы көрсеткен анықтамасынан кейін және үміткердің келісімінен кейін ғана жұмысқа шығуға құқығы бар екен.

Сондай-ақ, заңгер жеті жасқа дейінгі баласы бар және он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларды асырап отқан әйелдердің жазбаша келісімі арқылы түнгі уақыттағы жұмысқа шыға алатынын айтады.

Медициналық корытындыны талап ету керек

Бірақ заңгер белгілі бір ауруларға шалдыққандарды түнгі уақытта жұмысқа жұмылдыруға болмайтынын ескертеді. Оның айтуынша, өкілетті органдар бекіткен белгілі бір дерттердің тізімі әлі жоқ. Барлығы дәрігер жазып берген медициналық қорытындыға байланысты шешіледі екен.

Бұдан бөлек, ол түнгі ауысымдағы жұмысты үстеме жұмыспен шатастырмау керектігін айтады.


Суреттер pixabay.com сайтынан

Міндеттер мен құқықтар қандай?

Заңгердің айтуынша, әдеттегідей күндізгі уақытта жұмыс істейтін қызметкерлер мен олардың басшыларының заң бойынша міндеттері мен құқықтарының түнгі ауысымдағылардан еш айырмашылығы жоқ. Онда басшылық тек түнде жұмысқа тартуға тыйым салынғандардың тізімін ескеруі қажет.

"Арнайы техникалық талаптар қойылатын жұмыс түрлері болған жағдайда да тыйым салынған адамдардың санатын ескеру керек", - дейді ол.

Денсаулыққа қаншалықты зиян?

Таяуда Гонконг университетінің ғалымдары ұйқының жетіспеушілігінен және түнде белсенді болудан ДНҚ құрылымы бұзылады деген тұжырым жасаған еді. Зерттеушілердің бұл ғылыми еңбегін Anaesthesia журналынан оқуға болады. Ғалымдардың мәліметінше, түнгі ауысымдағы жұмыс ДНҚ-ның қышқылдайтын зақымы күшейе түседі, бұл өз кезегінде созылмалы ауруларды асқындырады екен.

Зерттеу авторлары өздеріне жасаған тәжірибенің қорытындысына негізделе отырып осындай шешімге келген. Әрдайым түнде жұмыс істейтін дәрігерлер сараптамаға қан тапсырған. Оның қорытындысында ДНҚ зақымдану деңгейі жоғары болған, ал күндіз жұмыс істейтін дәрігерлердің көрсеткіші қалыпты болған.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети