Қазақстан үкіметі 2013 жылы "Жұмыспен қамту 2020 жол картасы" бағдарламасын қабылдаған. Осы бағдарламада "жұмыс күшіне тапшы" аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден жұмыс күшін шақыру туралы айтылған. Содан бері әр облыс осы бағдарлама негізінде азаматтарды көшіру жоспарын жасауға кіріскен. Жыл санап бұл бағдарлама бойынша елдің оңтүстігінен солтүстікке көшіп жатқандардың саны артып келеді. Tengrinews.kz тілшісі бұл бағдарламаға қатысып жатқан отбасымен тілдесіп, пікірін тыңдады.
Қазақстан үкіметі 2013 жылы "Жұмыспен қамту 2020 жол картасы" бағдарламасын қабылдаған. Осы бағдарламада "жұмыс күшіне тапшы" аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден жұмыс күшін шақыру туралы айтылған. Содан бері әр облыс осы бағдарлама негізінде азаматтарды көшіру жоспарын жасауға кіріскен. Жыл санап бұл бағдарлама бойынша елдің оңтүстігінен солтүстікке көшіп жатқандардың саны артып келеді. Tengrinews.kz тілшісі бұл бағдарламаға қатысып жатқан отбасымен тілдесіп, пікірін тыңдады.
Шымкенттен Қостанай облысы Сарыкөл ауданы Соналы ауылына көшіп бара жатқан Омаровтар әулеті 2003 жылы Өзбекстанның Жизақ облысынан келген. Жасы 70-ке келген Төрехан Омаров өзі тұратын "Асар" шағынауданында тұрмысы төмен 50-дей отбасы барын айтады.
Төрехан ақсақал бақшасын көрсетіп тұр
"Жеңгелерің, ұлым мен келінім және немерем болып Қостанайдағы Сарыкөл ауданына көшуді жөн көрдік. Бағдарламаға қатысқымыз келіп, осы мақсатта барып, көріп те қайттым", - дейді ақсақал.
Төрехан ақсақал өмір бойында диханшылықпен айналысып келе жатқанын айтады. Негізгі күнкөрісі егістік жерді жалға алып, асқабақ, қызанақ, қияр егіп, өнімін базарға сату болыпты.
Алайда бұл кәсіптен кейде табыс түссе, кейде түспейді. Ал ұлы Сұлтан жұмыс табылмағандықтан такси жүргізеді екен.
"Ұлым такси жүргізеді, келінім мамандығы бойынша фельдшер-акушер, бала туып, қазір үйде. Енді солтүстікке көшуді ұйғарып, мемлекеттік бағдарлама бойынша сол жақтан баспаналы болып, кәсіппен айналыссақ дейміз. Алдымен бізді сол жаққа апарып, үш ауданды көрсетті, жергілікті халқы тамаша қарсы алып, ілтипатын білдіріп жатыр. Біз соның ішінде Сарыкөл ауданындағы Соналы ауылын таңдап, сонда көшетін болып отырмыз. Біз сол төрт адамға 12 ай бойы беретін 45 мың теңгені бірден алып, осы ауылдан үй сатып алғымыз келіп отыр", - дейді ол.
Енді ақсақал жергілікті жұмыспен қамту бөліміне барып, ауыл шаруашылығымен айналысу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
"Егін жерді де, техниканы да, көмектің бәрін береміз деп жатыр. Ұлымды кәсіпкерлік оқуға алып, мал шаруашылығымен айналысуға да кредит береді екен. Біз енді сол жағдайымызға қарай не мал шаруашылығы, не егін шаруашылығына бөлініп, жақсы тұрмыс құрып кетеміз деп отырмыз", - дейді Төрехан ақсақал.
Ақсақал Қостанай облысына апарып, үй таңдауына көмек көрсеткен облыстық мәслихаттың депутаты Жаңабай Ағыбековке рақметін айтып отыр.
"Маңызды іске бастама болып, әрмен қарай ілгерілету үшін табанды түрде еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі ОҚО мәслихат депутаты Жаңабай Ағабеков деген кісі. Жаңабай бауырымыз солтүстікке қоныстанып еңбек еткісі келген отбасылардың жол шығынын өз қалтасынан төлеп беріп, талай отбасыға көмек қолын созды. Тіпті кей отбасыларға баспана да сатып алып берді", - дейді Төрехан Омаров.
Ақсақалдың ұлы Сұлтан қолы босағанда такси жүргізетінін, бүгінде екі қолға бір күрек таппай отырғанын айтады.
"Былтыр үйленген едім. Осы бір ай бұрын әйелім шекесі торсықтай ұл сыйлады. Енді әкем мен шешемді қолға алып, кәсіппен айналыссам деймін. Әулетіміз диханшылықпен де, мал шаруашылығымен де айналысқандықтан, енді Қостанайға барған бетте кәсіптік білім алып, кредит алып, ісімді бастап кетсем деймін. Көшу туралы шешімді әкем қабылдады, енді маған артып отырған үмітін ақтағым келеді", - дейді 31 жастағы Сұлтан.
Ол қазіргі уақытта акушер-фельдшер мамандығында колледжде оқып жатқан әйелінің оқуына қатысты мәселе туындап отырғанын айтады. "Әйелімнің оқуын Қостанайға ауыстыру мәселесін қарастырып, басым қатып отыр. Әйтеуір бір шешімі табылар", - дейді Сұлтан.
Бүгін, 24 сәуірде Омаровтар әулеті Қостанайға жолға шығып барады. Ол жаққа автобуспен үш күн жүріп барады екен.
ОҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Көші-қон бөлімінің бас маманы Нұржан Нұрашевтің айтуынша, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда әкімдік жергілікті жұртшылыққа насихат жұмыстарын жүргізумен айналысып келеді.
Халқы тығыз орналасқан аудандарда жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде аталған облыстарға көшуге ниет білдіргендер баршылық. Мәселен, 2015-2017 жылдары 1392 мүшесі бар 347 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударды. Көшіп барған әрбір жанұяның кемінде бір адамы жұмыспен қамтылып, түрлі салада жемісті жұмыстар атқарып келеді. Ал, биыл 665 отбасы қоныс аударады деп жоспарланып отыр екен.
"Бұл отбасылар жаңа қонысқа жетіп, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген соң жол шығынын жергілікті атқару органдары, яғни жұмыспен қамту орталығы қайтарады. Жалпы отбасылар көптеп аттанып кетіп жатыр. Отбасыларды әкім орынбасарының қатысуымен шығарып салу шараларын ұйымдастырдық. Бұл отбасылар бірден көшіп кете алмайды, себебін алдын ала бір барып, жерін, алатын үйін көріп, барлық жағдайымен танысып шыққан соң ғана өздері шешім қабылдап барып, көшеді", - деп жағдайды түсіндірді Нұрашев.
Азаматтарды қоныстандыру, жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына қажеттілігі есепке алынуымен, еңбекке орналасуы бойынша мемлекеттік қолдау берумен, көшуіне субсидия төлеумен, сондай-ақ тұрғын үй мәселесіне жәрдем көрсетумен жүзеге асырылады.
Солтүстікке қоныс аударған оңтүстік азаматтарына жеңілдіктер мен қаржылай көмек ұсынылады. Нақтырақ айтсақ, республикалық бюджеттен бағдарламаға қатысушыларға және оның әрбір отбасы мүшесіне бір реттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері - 35 айлық есептік көрсеткіш, бұл 84 175 теңгеге тең.
Сонымен қатар, коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеу үшін 12 ай бойы ақшалай көмек көрсетіледі. Қалалық жерге қоныс аударғандарға 48 100 теңге төленсе, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса - 60125 теңге, ал 5 немесе одан да көп болса 72 150 теңге төлеу қарастырылған. Ауылдық жерге қоныс аударғандарға бір жыл бойында ай сайын 36 075 теңге беріліп отырады. Отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 43 290 теңге, 5 не одан да көп болса - 50 505 теңге материалдық көмек көрсетіледі екен.
Ал баспана сатып алғысы келетіндер осы қаражаттың бір жылдық ақысын бірден алып, үй сатып ала алады. Мұндағы талап - отбасындағы кем дегенде бір адам жұмыспен қамтылуы керек. Бұл үшін жұмысты жергілікті билік, яғни елді мекендердегі жұмыспен қамту бөлімдеріне мамандығы бойынша жұмыс тауып беруін сұрап, өтініш жазу қажет.