30 октября 2019 | 10:19

"Twitter-ге жазсам, бәрі біліп отырады". Тоқаевтың дереу орындалған тапсырмалары

Қасым-Жомарт Тоқаев. © Тұрар Қазанғапов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желі арқылы тапсырма берудің өте қолайлы екенін айтады. "Әлеуметтік желі маған жат емес. Әлеуметтік желілерде жұмыс істеймін. Кей тапсырмаларды WhatsApp арқылы беремін. Бұл қауіпсіздік тұрғысында дұрыс емес шығар, есесіне ол жедел жіберіледі", - деген еді Тоқаев. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желі арқылы тапсырма берудің өте қолайлы екенін айтады. "Әлеуметтік желі маған жат емес. Әлеуметтік желілерде жұмыс істеймін. Кей тапсырмаларды WhatsApp арқылы беремін. Бұл қауіпсіздік тұрғысында дұрыс емес шығар, есесіне ол жедел жіберіледі", - деген еді Тоқаев. 

Tengrinews.kz тілшісі Тоқаевтың тапсырмасынан кейін дереу шешілген мәселелерге шолу жасады. 

Реклама
Реклама
Қаламқастағы өрт

25 наурызда сағат 04.40-та "Қаламқас" кен орнындағы №8237 авариялық ұңғымада грифон өздігінен жана бастаған болатын. "Маңғыстау ауданында "МаңғыстауМұнайГаз" АҚ "Қаламқас" кен орнындағы мұнай ұңғымасында 900 шаршы метр алаңда биіктігі 10 метр грифон газ су аралас ашық отпен лаулаған.

Осы жағдайдан соң Тоқаев жағдайды өз бақылауына алды.

"Үкіметке "Қаламқас" кен орнындағы өртті тоқтатып, төтенше жағдайды қалыпқа келтіру жөнінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырдым. Бұл мәселе менің бақылауымда", - деген еді Мемлекет басшысы Twitter желісіндегі парақшасында.

Нәтижесінде өрт сөндірушілер 28 наурызда алапат өртті толығымен ауыздықтай алды. Өрттен кейін Энергетика министрлігі жағдайды өз қолына алып, кен орнын қалпына келтірумен айналысты.

Леңгір тұрғындарының мәселесі

Наурыздың аяғында Түркістан облысы Леңгір қаласындағы №25Б көпқабатты үйінің тұрғындары су ағындысы мен жаман иіске шағым келтірген. Бұл жайт та Президенттің назарынан тыс қалмады.

Ол Twitter-парақшасында 31-арнаның сюжетін қосып, арнайы тапсырма берген.

"Премьер-министр мен Түркістан облысының әкіміне Леңгірдегі көпқабатты үй тұрғындарының апатты жағдайдағы мәселесін дереу түрде шешуді тапсырдым", - делінген Президент жазбасында.

Көп ұзамай Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Президент тапсырмасының дереу орындалғанын хабарлады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Facebook желісіндегі парақшасында видео жарияланды, онда көпқабатты үй тұрғындары ешқандай проблема жоқ екенін, әкімдік көмектескенін айтқан.

Қосшыдағы ауызсу мәселесі

Ақмола облысындағы Қосшы ауылының тұрғындары қардың еруімен ауызсусыз қалған. Себебі Нұра өзені тасып, ол ауызсу ұңғымасын басып тастаған.

Салдарынан ауыл тұрғындары ұзақ уақыт бойы таза ауызсусыз қалған болатын.

9 сәуірде Мемлекет басшысы су мәселесін шешуді Үкімет пен Ақмола облысының әкіміне тапсырған.

"Үкімет пен Ақмола облысының әкіміне дереу түрде Қосшы ауылының тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырдым. Бұл - халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін жүйелі инфрақұрылымдық проблема", - деп жазған еді Президент Twitter-парақшасында.

Ал 20 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшыға барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Тұрғындардың айтуынша, Президент келгеннен кейін ауызсу бірден берілген.

Атқа мінген полиция басшысы

Мамырдың ортасында желіде Атырау облысы полициясының басшысы Аян Дүйсембаевтың сыйлыққа ат алып, қошеметпен оған отырған сәті түсірілген видео жарияланған еді. Қошемет көрсеткендердің ішінде полиция формасымен тұрғандар да болды. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыға түскен.

Осы видеодан кейін Тоқаев ішкі істер министріне Аян Дүйсембаевқа қатысқы қызметтік тексеріс бастауды тапсырған.

"Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа Атырау облыстық Полиция департаменті бастығының ерсі әрекетіне қатысты қызметтік тексеру жүргізуді тапсырдым. Қатаң шара қолданылатын болады", - деп Тоқаев тапсырма берген еді.

Нәтижесінде бес күннен соң Аян Дүйсембаев қызметтік этиканы бұзғаны үшін Атырау облысы полиция басқармасының басшысы қызметінен босатылды.

Ақтөбедегі экологиялық жағдай

Биыл Ақтөбе облысындағы өзендердің арнасын кеңейту салдарынан облыста экологиялық мәселелер туындаған. Үлкен апаттың алдын алу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев экология министрі Мағзұм Мырзағалиевке тапсырма берген. Бұл жаңа министрге берілген алғашқы тапсырма болатын.

"Ақтөбеде өзен арнасын кеңейту бойынша гидрологиялық жұмыстардың дұрыс ойластырылмағанынан экологиялық қауіпті жағдай қалыптасып отыр. Мәселені шұғыл түрде шешу керек. Бұл жаңадан құрылған министрліктің басшысына алғашқы тапсырма", - деп жазды Тоқаев.

Мырзағалиев келесі күні Ақтөбеге ұшып барып, жағдаймен танысты. Сол күні Ақтөбедегі өзендердің арнасын кеңейту жұмыстары уақытша тоқтатылғаны хабарланған.

Алматыда бас дәрігердің қамалуы

Биыл қыркүйекте Алматыдағы № 4 қалалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаевтың тұтқындалғаны мәлім болған еді. Дәрігер Алматы полиция департаменті басшысы Серік Күдебаевтың ұлы қайтыс болған соң тергеуге алынған. Сондай-ақ бұл іс бойынша аурухана анестезиологы Асқар Тұңғышбаев тұтқындалған.

Дәрігердің жары кейін президентке ашық хат жолдаған. Дина Тезекбаеваның мәліметі бойынша, 2019 жылы шілдеде Нұрсұлтан Күдебаев жол апатына түсіп, №7 ауруханаға жеткізілген. Артынша оны №4 ауруханаға ауыстырып, ота жасаған. Кейін Нұрсұлтан Күдебаев Германиядағы ауруханаға жеткізіліп, сол жақта қайтыс болған.

Осы жағдайдан соң Тоқаев Нью-Йорктен тапсырма берген еді.

Нью-Йоркте сапармен жүріп, Алматыдағы 4-ші қалалық аурухананың бас дәрігері және анестезиологының тұтқындалуы жөніндегі медицина қауымының өтініш-тілектерін оқыдым. Германия ауруханасында жасалған отадан соң қайтыс болған науқастың өлімін Заңға сәйкес тексеруді тапсырдым. Бұл мәселе Президент Әкімшілігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Алматы қаласы әкімінің бақылауында", - деп жазған Президент Twitter желісіндегі парақшасында.

Қамауға алынған бас дәрігер Тоқаевтың тапсырмасынан кейін сол күні бостандыққа шықты. Бірақ бұл дерек бойынша іс әлі жүріп жатыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы "Россия" телеарнасына берген сұхбатында тапсырмаларды неге Twitter арқылы беретінін түсіндірген. 

"Twitter-ді БҰҰ-дан "алып келдім". Ол жақта Twitter-де жеке парақшаңды жүргізу қалыптасқан. Байланыстың осы түріне үйреніп қалдым деуге де болады. Twitter деген не? Бұл жеке телеграф агенттігі. Мысалы, бүгін облыстардың біріндегі полиция бастығы жайлы жазба жарияладым. Twitter-ге жазсам, бәрі біліп отырады, ол тұрғанда біреуге хабарласып, қандай да бір өтініш айтудың маған не керегі бар?", - деген еді Тоқаев.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная