1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

"Үш себебі бар". ТЖ біткен соң вирус жұқтырғандар саны неге екі есеге өсті?

© Reuters  © Reuters 

Қазақстанда күн санап коронавирус жұқтырғандар саны артып жатыр. Бүгінде 12 067 қазақстандық COVID-19 жұқтырған. Көрсеткіштің өсуіне мамандар түрлі себеп келтіреді. Tengrinews.kz тілшісі COVID-19-дың тарауына байланысты мамандардың пікіріне шолу жасады.

Вирус жұқтырғандардың артуына үш себеп

Еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова елімізде вирус жұқтырғандар саны артып жатқанына үш себеп келтірді.

"Біріншіден, коронавирусқа қатысты профилактикалық мақсатта тексеру саны артты. Екіншіден, ұжымдарда вирус жұқтыру жағдайы көбейді. Ал үшіншіден, ол ауруханаға жүгінетіндер санының артуымен байланысты", - деді бас санитар дәрігер брифингте.

Оның пікірінше, науқастар санының артуы ең алдымен коронавирусты анықтау үшін тексеріс жұмыстарының қарқынды жүргізілгенімен байланысты. Басында бір күнде мың тест жасалса, бүгінге 20 мыңға дейін сынама алынады екен.

Бас санитар дәрігер елде вирус жұқтырғандар саны артқанымен аурудан қайтыс болғандар аз екенін айтады.

"Тестілеу көлемі коронавирустың елдегі тарауын бағалауға мүмкіндік берді. Бұл жағдайдың көбеюіне қарамастан, біз өлім-жітімнің немесе ауыр науқастар санының көбеюін байқамадық. Бұл жағдай бақылауда екенін және денсаулық сақтау жүйесі уақтылы әрекет етуге, жағдайларды анықтауға, ауыр науқастарға медициналық көмек көрсетуге және өлімнің көбеюіне жол бермеуге дайын екенін білдіреді", - деді Айжан Есмағамбетова.

Сондай-ақ, бас санитар дәрігер елде вирустың кең тарап жатқанын тұрғындардың өзара жиі байланыса бастағанымен де түсіндірді.

"Егер жалпы эпидемиялық жағдайды сипаттайтын болсақ, вирус жұқтырғандардың көбеюі болжалды деп айта аламыз. Біз жұмысқа қайта оралдық, біз байланыс жасай бастадық, көшеге шықтық. Яғни, әлеуметтік байланыстардың өсуі инфекцияның көбеюіне әкеледі. Бірақ біз тіркеген жағдайлар, инфекцияның өсуі - бақылауға алынып, басқарылады", - деді ол.


© Reuters 

ДДҰ қандай пікір білдірді?

Елімізде коронавирустың тарап жатқанын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы да түсіндірген.

Ханс Клюгенің айтуынша, коронавирус жұқтырғандардың саны көбеюіне инфекцияны зертханалық жолмен анықтау әдісінің өзгеруі себеп болып жатыр.

"Кей ел, мысалы, Әзербайжан мен Қазақстан соңғы бірнеше апта инфекцияны анықтау жолын қайта қарап, енді қазіргі уақытта өздерінің эпидемиялық бақылау жүйесі бойынша анықтап жатыр", - деді ұйым басшысы.

Алматыда вирус жұқтырғандар неге көбейді?

Қазақстанда коронавирус ең қатты тарап жатқан өңір - Алматы. Бүгінде оңтүстік астанада 2790 адамнан коронавирус табылған.

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин шаһарда COVID-19 жұқтырғандардың саны неге өскенін түсіндірді. Оның айтуынша, вирус жұқтыру дерегінің көбеюі тест санының артқанына байланысты.

"Оның себебі бәрімізге мәлім. Карантин режимі кезінде қалаға кіреберістер ашылды. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен коронавирусқа тестілеуге тапсырыс бере алады. Тестілеу ауқымды болды. 3 мыңға жуық қызметкер өз еркімен тестілеуден өтті. Ауру дерегінің өсуі осыған байланысты", - деді ол брифингте.


© Reuters 

Төтенше жағдай аяқталғалы қанша адам вирус жұқтырған?

Елімізде коронавирус алғаш рет 13 наурызда тіркелген. Ал 11 мамырда, шамамен, екі айдан соң Қазақстанда төтенше жағдай режимі аяқталған. Сол кезде елімізде барлығы 5207 адамнан коронавирус табылған болатын. Оның 2074-і аурудан жазылып шықса, 32 адам көз жұмған еді.


© Reuters 

Содан бері 24 күн өтті. Осы уақыт ішінде елімізде коронавирус жұқтырған адамдар саны екі еседен асты. Дәлірек айтқанда, соңғы 24 күн ішінде 6860 адамнан COVID-19 анықталған. 4532 адам аурудан жазылған. 20 адам көз жұмған.

Елде төтенше жағдай режимі біткеннен кейін Нұр-Сұлтанда 1246 адам COVID-19 жұқтырған. Ал Алматыда 1148 адамнан коронавирус табылған. Атырау облысында вирус 852 адамнан анықталған. Бұл - соңғы 24 күнде вирус көп табылған үш өңір.

ТЖ режимі біткеннен кейінгі әр өңірдің көрсеткіші:

Қарағанды облысы - 826 адамнан вирус табылған
Шымкент - 670
Батыс Қазақстан облысы - 500
Жамбыл облысы - 223
Алматы облысы - 219
Қызылорда облысы - 219
Түркістан облысы - 198
Ақтөбе облысы - 191
Маңғыстау облысы - 179
Қостанай облысы - 125
Шығыс Қазақстан облысы - 108
Павлодар облысы - 70
Ақмола облысы - 57
Солтүстік Қазақстан облысы - 28.