1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

"Үшеу салу керек". Қазақстандық ғалым пандемияны тоқтата алатын вакциналарды атады 04 июня 2021, 09:34

Қазақ Ұлттық аграрлық университеті жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов коронавирусқа қарсы екі түрлі вакцина
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек

Фото: Қайсар Табыновтың Facebook парақшасынан Фото: Қайсар Табыновтың Facebook парақшасынан

Қазақ Ұлттық аграрлық университеті жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов коронавирусқа қарсы екі түрлі вакцина салдырып, көп ұзамай COVID-19 жұқтырған. Қазақстандық ғалымның айтуынша, кез келген вакцинадан кейін түзілген антиденелер алты айда жоғалып кетеді. Коронавирусқа қарсы екі түрлі вакцина салдырған қазақстандық ғалым иммундауды жиілету керегін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Табынов аустралиялық COVAX-19 вакцинасын алып, Қазақстанда бірінші болып COVID-19-ға қарсы салдырған.

"Жақсы вакцина, олардың өз адъюванттарына негізделген, яғни иммундық реакцияны жақсартатын препарат. Біз оның үлгілерін алып, мен біріншісін және 21 күннен кейін екінші дозасын салдырдым. Иммундық реакция өте күшті қалыптасты, 6 айдан кейін кез келген вакцинадағыдай антиденелер жоғала бастады. Осыдан кейін, нанобөлшектерге негізделген интраназалдық NARUVAX-C19/Nano эксперименттік вакцинасын қабылдадым. Ол мұрынішілік вакцина, коммерциялық вакцина ретінде әлі жоқ, кейінірек біз зертханалық жануарларға тәжірибе жасаған кезде, оның толық қорғаныс жасамайтынын білдік. Сондықтан болар, екінші мәрте жасалған иммундау толыққанды қорғанысты қамтамасыз етпеді, маған вирус жұқты. Дәл қазір бұл вакцинаның құрамын жақсартып, сынақ зерттеулерімізді бастап кеттік. Бұл жолы әлдеқайда жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын", - деді Табынов.

Ғалымның айтуынша, жаппай қолданысқа енетін болса, мұрынға шашатын вакцина екпеден қорқатындар үшін жақсы жаңалық болады.

"ДДСҰ тізіліміне сәйкес, үміткер вакциналардың саны 200-ден асады. Олардың арасында төртеуі қазақстандық және олардың екеуі біздің орталықтыкі. Бірінші вакцина бұлшықетке салынады, ал екіншісі нанобөлшектерге негізделген, ол мұрынға бүрку арқылы қабылданады. Яғни, мен сол мұрынға шашатын вакцинаны алдым. Біз осы вакцинаға зор үміт артамыз. Ол барынша қауіпсіз, инновациялық және жаңашыл. Болашақта халық жаппай қолдана алады деп ойлаймын. Әсіресе инъекциядан қорқатындарға арналған. Мұндай вакциналар иммунизация кампаниясын жеделдете алады", - деді ол.

Табыновтың айтуына қарағанда, оған коронавирустың ұлыбританиялық нұсқасы жұққан.

"Аустралиялық вакцинаны алғаннан кейін 10 ай өткенде маған коронавирус жұқты, вакцина салынғаннан кейін жарты жылда антиденелер ағзамда қалмаған еді. Осыдан кейін біз бұл не үшін болғанын, қандай проблемалар барын анықтай бастадық. Маған жұққан вирусты зертханада оқшаулап, генетикалық талдау жасадық. Біздің мәліметтер халықаралық GISAID базасында орналастырылған. Бұл вирустың ұлыбританиялық штамм екені дәлелденді. Біз оны оңтүстікафрикалық немесе үнді штамы деп ойладық. Бірақ бұл вирустың біздің елде кең тараған нұсқасы болып шықты, вирус жұқты, ауруханаға түстім", - деді Табынов.

Табынов вакцинадан кейін коронавирус жұқтырып, қалай ауырғанын әңгімеледі.

"Өкпенің 35 пайызы зақымданғанына қарамастан, менде жөтел болмады, асқа тәбетім бұзылмады, тек дене қызуым көтеріліп, қалтырадым, бірақ жатып қалмадым, парацетамолдан кейін қызуым бірден түсіп, қалтырау да бірден басылып қалатын. Әлеуметтік желіде вакцинадан кейін коронавирус жұққаны туралы жазғаным сол еді, вакцинаға қарсы адамдар іліп әкете жөнелді. Жоқ, бұл дұрыс емес. Вакцина салдыру керек және оны жиілету қажет. Сол мәлімдемеден кейін маған көптеген сұрақ келіп түсті, вакцина қорғамаса неліктен жиі салдыру керек деген. Жоқ, ол қорғайды. Барлық вакцина аурудың ауыр дәрежеде өтуінен қорғайды. Мысалы мен вакцина салдырмаған болсам, бәлкім жасанды тыныс алдыру (ИВЛ) аппаратында жатар ма едім", - деді ғалым.

Қайсар Табыновтың айтуынша, шетелдік өңдірушілер ұзақ иммунитетті қалыптастыру үшін вакцинаның екі емес, үш дозасын салуды ұсынып отыр.

"Қытайдағы вакцина өндірушілердің деректеріне негізделсек, олар екі дозадан кейін 4-6 ай өткенде үшінші дозаны салуды ұсынады. Себебі, алты айда іс жүзінде антиденелер қалмайды. Иммундық жүйеге жауап беруді "еске салып", жауап беру жылдамдығын арттырып отыру қажет. Бұл ұсыным қытайларға ғана қатысты емес, иммундық жүйе инфекциямен күресу үшін екінші вакцинадан кейін 8-10 ай өткенде үшіншісін салуды Moderna, Pfizer вакциналарын өндірушілер де ұсынады. Сондай-ақ, біз бәрібір иммундауды жиі жүргізуге мәжбүр болатынымызды айтқым келеді. Егер мен 6 айдан кейін жақсы, дәлелденген вакцинаны қабылдағанда, бәлкім ауырмайтын едім", - деді Табынов.

Сонымен қатар, ол әзірлеп жатқан вакцинаның бірі вирустан қорғап қана қоймай, таралуын да тоқтата алатынына сенімді.

"Жасалып жатқан вакциналарды қалай тексереміз? Біз жануарларға вакцинаны салып, белгілі бір уақыттан кейін оларға вирус жұқтырамыз және не болып жатқанын бақылаймыз, ауырды ма, ауырмады ма. Біздің инъекциялық суббірліктік NARUVAX-19 вакцинасы керемет нәтиже көрсетті, аурудан қорғап қана қоймай, вирустың таралуына тосқауыл қойды. Пандемияны тоқтата алатын дәл осы вакциналар", - деді Қайсар Табынов.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирусқа қарсы алғашқы екпе былтыр 1 тамызда салынған болатын және оны салдырған - ҚҰАУ жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов.

Қазақстандық ғалым коронавирусқа қарсы екінші рет вакцина салды



Join Telegram