1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

"Үйден алып кетеді". Қаруды полицияға өткізгенде қанша сыйақы берілетіні айтылды

Фото: Tengrinews.kz Фото: Tengrinews.kz

Нұр-Сұлтан қаласында тіркелмеген қаруларды қабылдау акциясы басталды. Коронавирус пандемиясына биыл қаруларды онлайн қабылдайды. Яғни, Полиция департаментіне қоңырау шалсаңыз, мамандар қаруды үйіңізден алып кетеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қаруды еліміздің басқа аймақтарынан да өткізуге болады. Бұл туралы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының Азаматтық және қызметтік қару айналымына бақылау тобының аға инспекторы Бағлан Қазбеков онлайн-брифингте айтты.

Аға инспектордың айтуынша, акция аясында тек ресми тіркелмеген қарулар қабылданады.

"Ескерте кетейін. Тек тіркелмеген қарулар қабылданады. Көбі шатастырады. Тіркелген қаруды өткізгісі келеді. Бірақ бұл шараға олар жатпайды. Тапсырылған қару Ішкі істер министрлігінің базасында және техникалық ақаулары мен нөмірлері тексеріледі. Бұрын-соңды тіркелген қару болса, сыйақы берілмейді", - деді аға инспектор.

Қару өткізген адамға мылтықтың түріне байланысты 30-300 мың теңге аралығында сыйақы беріледі.

"Сыйақы мөлшері әр мылтықтың техникалық жағдайына байланысты, 10 АЕК-тен 100 АЕК аралығында, яғни 30 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін төленеді. Мысалы, ойық мылтыққа шамамен 90 мың теңгедей төленеді. Оны Полиция департаментінде  құрылған комиссия шешеді де, ақша өткізген адамның есепшотына аударылады", - деді Қазбеков.

Сондай-ақ Қазбеков Полиция өкілдері жиналған қаруларды не істейтінін түсіндірді.

"Жиналған қарулардың бәрі Тылмен жабдықтау басқармасына өткізіледі. Қару сындырылады, бұзылады, арнайы темір қыздыратын пеште ерітіледі, сөйтіп пайдалануға жарамсыз болып қалады да, жойылады. Бұл шараға Полиция департаментінің ішінде құрылған комиссия мүшелері және БАҚ өкілдері қатысады, бақылайды", - деді ол.

Аға инспектордың айтуынша, қазақстандықтар қару өткізу үшін арнайы телефондарға хабарласса, полицейлер өздері үйіне барып алып кетеді. Коронавирус пандемиясына байланысты осындай шара қабылданыпты.

"Егер қару өткізгіңіз келсе, бөлімшеге алып келудің керегі де жоқ. Қоңырау шалсаңыз, сіздерге өзіміз (полицейлер - авт.) барамыз, алып кетеміз. Қазір сервистік қызметтер бар. Осы жылдан бастап коронавирус індетіне байланысты онлайн форматта қабылдаймыз. Мына 71-61-70, аудандар бойынша 71-67-37, 71-63-66. 71-66-46, 71-65-64 телефондарына хабарласуға болады. Интернет желісінде бұл нөмірлер бар", - деп түсіндірді полицей.

Маманның айтуынша, мынадай төрт жағдайда сыйақы берілмейді:

Криминалист атуға жарамсыз деп сақтаған қаруларға;

Жарамсыз болып қалған қаруларға;

Қолдан жасалған қаруларға;

Ішкі істер министрлігінің деректер базасында тіркелген қаруларға.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!