1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

Зәулім үй, 3 ұшақ және акциялар. Әблязов жымқырған ақшаны қалай жаратқан?

  • 26
Мұхтар Әблязов. © Ярослав Радловский Мұхтар Әблязов. © Ярослав Радловский

Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Петерс қоғамға іріткі салып жүрген қандықол қылмыскердің әрекеттерінен сақ болуға шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Брифинг барысында Оксана Петерс Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысы туралы айтты. 

"Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысы экстремистік ұйым. Оны кім басқаратынын көпшілілік біле бермейді. Жетекшісі - Мұхтар Әблязов. Оның арбауына түскен кейбір азаматтар - өкінішке қарай, оған зор сенім артады. Естеріңізге салайық, 90-жылдары ол бизнесте болып, кейін "KEGOС" ұлттық компаниясын және Энергетика министрлігін басқарған. Көп ұзамай, ол - заңды белден басып ұры, жемқор, алаяқ және адам өлтіруші қылмыскерге айналды.

Энергетика министрі кезінде жемқорлық жасағаны үшін 2002 жылы 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Қылмысына өкініп, мемлекет басшысы мен халықтан кешірім сұрап, түзелуге уәде берген еді. Кешірілген соң, бостандыққа шығарылды", - дейді Бас прокуратураның ресми өкілі. 

Оксана Петерстің айтуныша, Әблязов байлыққа құнығып, қылмыстық әрекеттерін әрі қарай жалғастырды. 2005 жылы өзінің бизнес серіктесі, БТА банктің төрағасы - Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырғаны ашық сотта дәлелденген. 

"Қылмыскер Тоқмади Тәтішевті аң аулау кезінде Әблязовтің тапсырысымен өлтіріп, оны жазатайым оқиға ретінде көрсеткенін, ол үшін 4 миллион АҚШ долларын алғанын мойындады. Тәтішевті өлтірткен соң, Әблязов банкты иеленіп, басқару жүйесіне өзінің сыбайластарын тағайындап, қылмыстық топ құрған.

Әблязовтың қылмыстық, қитұрқы әрекеттері сан түрлі болған. Өзі құрған фирмаларға жалған құжаттар арқылы миллиардтаған несиелер беріп, жеке пайдасына жаратқан. Мысалы, ол өз бақылауындағы жарғылық капиталында небәрі 92 мың теңгесі болған "Рамбурс" серіктестігіне 103 миллиард теңге несие берген", - дейді Оксана Петерс. 

Сондай-ақ Петерс ұрланған қаражаттың қандай мақсатта жұмсалғанын айтты.

"Ұрланған қаражаттарға Әблязов акциялар, элиталы үйлер мен пәтерлерді сатып алған. Отбасына 3 ұшақ сатып алып, олардың пайдаланылуына банктен жылына 1 миллиард теңге жұмсап отырған. Қылмыстары әшкереленген соң, ол 2009 жылы Ресейде, кейін Англияда, 2012 жылы Францияда бас сауғалады.

Шетелде жайлы өмір сүру үшін, алдын ала қаражатты оффшор арқылы елден шығарып алған.
Оффшор дегеніміз - шетелдік компанияларды ешкім тексермейтін, бақыламайтын, шынайы қожайындары белгісіз, салық төленбейтін, қылмыстық қаражаттарды жасыруға оңтайлы мемлекеттер", - дейді Бас прокуратураның ресми өкілі.

Әьлязов оффшорлық мемлекеттерді пайдаланып 7,5 миллард АҚШ долларын жымқырған.

"Оның алаяқтық әрекеттерінен қазақстандықтар ғана емес, француздар, немістер, америкалықтар мен басқалар да зардап шегіп жатыр. Миллиардтарды жымқырғаны үшін Ресей, Украина мемлекеттері оған іздеу жариялады. Өткен жылы Нью-Йорк соты Әблязовтің "саяси қудалаудамын" деген уәжін теріске шығарып, оны айыпты деп таныды.

Лондонның Жоғарғы соты Әблязовты алаяқ деп танып, одан 4 миллард АҚШ долларын өндіруге, жалған жауап бергені үшін 22 айға бас бостандығынан айыруға үкім кескен. Англия Ішкі істер министрлігі оны босқын мәртебесінен айырған соң, ол Францияға қашып кеткен. 

Сол жерде, ол өзін Қазақстан билігімен қудалауда жүрген саяси қайраткер кейпінде танытып, демократия үшін күресуші ретінде имидж қалыптастыра бастады. Оның осы екіжүздігілігінің мақсаты бір қылмыстық жауаптылықтан жалтару", - дейді Петерс. 

Айта кететін жайт, 2017 жылы "Кешкі Бішкек" басылымына берген сұхбатында, Әблязов Қазақстанға су беруді тоқтатуды ұсынған. Осылайша, елдің оңтүстігін құрғақшылықтан зардап шеккізуге ұмтылған.

"Қазіргі таңда оған қатысты көптеген азаматтық процесс жүріп жатыр. Бүгінде 1 миллард АҚШ долларынан астам қаражат қайтарылды. Қылмыстық істер бойынша 8 айыптау үкімі шығып, 42 адам сотталған. Жымқырылған қаражатты қайтару мен оны жауаптылыққа тарту үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр", - дейді Оксана Петерс. 

Сонымен қатар, Бас прокуратураның ресми өкілі Оксан Петерс халықты арандатушылыққа бой алдырмауға шақырды. 

"Бүгінде Әблязов - халық мүддесін желеу етіп, жалған ұранмен азаматтарды заңсыз акцияларға үгіттеуін жалғастырып келеді. Ол сіздерді қоғамда әлеуметтік алауыздық және ұлтаралық қақтығысты тудыру үшін пайдаланып жатыр. Оған бір-бірімізге деген сенімімізді жоғалтқанымыз тиімді.

Әблязовтің көксегені - еліміздің тыныштығы, азаматтарымыздың амандығы емес, жеке басының мүддесі, мансабы. Ол қылмыстық жауаптылықтан құтылуды көздейді. Бұрын өзі жымқырған Сіздердің қаражаттарыңызды митингке шыққандарға төлеп жатыр. Біз сіздерді арандатушылыққа бой алдырмауға, заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырамыз, - деді Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Петерс.