Қазақстанда нәресте өлімі көбейген - Маман бала шетінеуінің алдын алу жолдарын айтты

20 Қыркүйек 2018, 15:11
0
© kurer-sreda.ru
© kurer-sreda.ru

Биыл жарты жылдың ішінде Қазақстанда 1 900-ге жуық нәресте өлімі тіркелген, мұндай деректі ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитеті ұсынды.

Комитет жариялаған мәліметтер бойынша, 2018 жылы қаңтар-шілде аралығында республика бойынша 1 жасқа дейінгі 1 898 нәресте өлімі тіркелген. Бұл көрсеткіш 2017 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 1,2 пайызға жоғары.

Комитеттегілердің айтуына қарағанда, бұл тіркелген өлім-жітімнің негізгі себебі - перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар. Бұл себептерден 957 нәресте қайтыс болып, 1 жасқа дейінге балалар арасындағы жалпы өлім санының 50,4 пайызын көрсетті. Сонымен қатар, туа біткен ауытқулардан - 368 (19,4 пайыз), тыныс органдары ауруларынан - 132 (7 пайыз), инфекциялық және паразитар аурулардан  - 99 (5,2 пайыз) және жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан 82 (4,3 пайыз) нәресте шетінеп кеткен.

Осыған байланысты Tengrinews.kz тілшісі маманның пікірін білді. Жарты жылда мыңға жуық сәбидің өмірін жалмаған перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар дегеніміз не және оның алдын алу үшін не істеу керек?

Медицина ғылымының докторы, ҚР ДСМ "С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті" ШЖҚ РМК-ның балалар жұқпалы аурулар кафедрасының профессоры Аманкелді Тыныбековтің айтуынша, елімізде 1 жасқа дейінгі нәрестелер өлімінің көбеюіне жүктілік кезеңдерінде пайда болатын аурулар себеп болып отыр.

"Перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар дегеніміз жүктілік кезінде пайда болатын ақаулар. Бала анасының құрсағында жатқанда пайда болған ауытқулардың кесірінен кейін осындай жағдайға тап болады. Мысалы, жатырдағы инфекциялар. Бұл мәселе сонау Кеңес үкіметінде де болды, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері әлі күнге бірінші орындағы проблема болып отыр. Нәресте шетінеп кетпеу үшін бала туу мәселесіне салмақты көзқарас таныту керек", - деді Тыныбеков.

Оның айтуынша, жүктілік басталғанға дейін және жүктілік кезінде әйелдер кеңесіне міндетті түрде бару керек.

"Жасырын емес, әсіресе қазір "уақыт жоқ" деген себеппен жүктілікке баса назар аудармайтындар бар. Сондықтан бұл проблема бірінші кезекте жүкті әйелдің өзіне байланысты, екіншіден әйелдер кеңесінің жұмысына байланысты, содан кейін бұл сұрақ гинекологтар мәселесіне келіп тіреледі. Гинекологтардың жұмысы түзелмейінше, педиаторлардың жұмысы ешқашан алға баспайды. Себебі туа біткен ақаулардың барлығы жүктілік кезінде пайда болады", - деді профессор.

Маман нәресте 1 жасқа дейінгі аралықта шетінеп кетпеу үшін не істеу керегін айтты.

"Трагедияның алдын алу үшін әр жүктілікті жоспарлау керек. Бала көтермей тұрып толық тексерістен өтіп, жыныс жолдарындағы дерттерді анықтап, емделу қажет. Жыныс жолдарының қаншама ауруы бар, ал ондай анадан қалай ғана сау бала туылады? Кез келген адамның денсаулығының жағдайы толықтай дәрігерлерге байланысты емес, оның 50 пайызы адамның өзіне байланысты. Сондықтан, жүктілікке немқұрайлық таныту бұл проблеманы өршіте береді. Сол үшін әйелдер кеңесіне барып, дер кезінде емделіп, жүкті болғанға дейін де, кейін де қажетті дәрумендерді ішіп, күтіну керек, сонда ғана нәрестенің 1 жасқа дейінгі аралықта шетінеуі болмайды", - деді Тыныбеков.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц