counter.yadro.ru
МИКС
10 августа 2020 | 15:35

Бауыржан Момышұлының Қазақстан Жазушылар одағына жазған хаты: Абайдың туындылары бізге аса қажет

Иконка просмотров страница Иконка комментария страница

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бауыржан Момышұлының Қазақстан Жазушылар одағына жазған хаты: Абайдың туындылары бізге аса қажет: 2020-08-10 15:35:29 - прочитайте Сурет Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорларынан

2006 жылы "Айқын апта" газетінің бетінде белгілі журналист Роза Рақымқызы "Абай қажеттілікке айналуы керек пе?" деген мақала жариялаған болатын.


Иконка комментария блок соц сети

2006 жылы "Айқын апта" газетінің бетінде белгілі журналист Роза Рақымқызы "Абай қажеттілікке айналуы керек пе?" деген мақала жариялаған болатын.

Мақаланың басты идеясы келесідей: "Абайдың идолға айналуынан қоғамға келіп кетер еш пайда жоқ. Өмірлік қажеттілікке айналғанда ғана Абай - тірі, Абай мәңгілік. Ал бүгінгі түсінік бойынша Абай қайткенде қажеттілікке айнала алар еді? Бәлкім, Абай әндері мен күйлерінің бүгінгі талапқа сай жинақтары, компьютерлік дисктері шығарылса, данышпан ақынның аты мен затына сай, лайықты кинокартиналар жарық көрсе... Тек енді "атаның емес, адамзаттың ұлы болған" Абайдай тұлғаны бір әулет емес, бүкіл ұлт болып ұлықтау жағына көбірек мән берсек. Және Абайды тек туған күнінде немесе әлдебір саяси мақсаттарға орай еске алып қана қоймай, ұлттық идеология тұрғысында насихаттауға көңіл бөлсек... Абай әркімнің күнделікті өмірдегі сырлас досына, ақылшысына, адал жолдан тайдырмас шырағданына айналса деп тілейсің. Рас, қазіргі көңіл күй, күнкөрістің соңында түскен жұрттың бүгінгі бет-бейнесі оған сенім де қалдырмайтын болар. Бірақ Абайдың өзі айтпақшы "Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді!"...

Иә, мақала авторына толықтай қосылуға болады екен. Абай, Р. Рақымқызы айтқандай, қоғам мүшелерінің өмір қажеттілігіне, күнделікті өмірлік сырлас досына, ақылшысына, адал жолдан тайдырмас шырағданына айналса, ол Абай ілімінің, мұрасының жүзеге асқандығының шынайы белгісі болар еді.

Бір сәт тарих беттеріне үңіліп, Абай шығармашылығының, даналығының өмірлік қажеттілікке айналған тұстарын анықтап көрелік.

Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы тұрған Кеңестер Одағының батыры, гвардия полковнигі, жазушы Бауыржан Момышұлының жеке қорынан алынған тарихи деректерді негізге ала отырып, осы тақырып аясында әңгіме өрбітелік.

Бауыржан Момышұлы соғыс кезінде бес-алты ай көлемінде батальон командирі, екі жарым жыл полк командирі, бір жыл дивизия командирі болды. Мүмкіндігінше майданда өткізген ұрыс-соғыстардың бас-аяғында болуға тырысты. Сол шайқас кездерінде көптің ой-пікірін, түрлерін, құлық-мінездерін байқап, соғыс майданында өтіп жатқан тәжірибилерді қорыта ойлап, таразыға салып, олардан шыққан нәтижелі нәрселерді қорытып, көптің өзіне қысқа сөз арқылы жеткізіп отыруды өзінің командирлік міндеттерінің бірі деп таныды.


Тыныштық сәттері. Алматыдан радиохабар тыңдаймыз. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорларынан.

Өзінің айтуы бойынша, Баукең қайда болса да, қол астындағы солдаттарымен араласып жүріп, олардың тобының ішінде болуға тырысты. Тіс қаққан жауынгерлерімен пікір алысып, жаңадан келген жауынгерлермен әңгімелесуді әдет етті.

Күнделікті шайқастан дамылдаған аз уақыттарда Бауыржан Момышұлы окоп-блиндаждарды аралап, жауынгерлерінің жағдайын тексеріп, ара-кідік олардың өз арасында болып жатқан әңгімелеріне, арман-тілектеріне, ой-мұқтаждарына да құлақ түре жүрген екен. Олардың көпшілігі көптен бері командирдің өз ойын, көкейін мазалап жүрген келелі мәселелерімен түйісе келіп, Қазақстан жазушылары одағының мүшелеріне арналған хат бетіне түскен екен. Жауынгерлерді және олардың командирін мазалаған ол қандай тілек, мұқтаждық екен, соған зейін салайық. 


Б. Момышұлының Қазақстан Жазушылар одағына жазған хатының 2-ші данасынан үзінді. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорларынан.

Хат 1942 жылдың 18 қазанында жазылыпты. Баукең көпшілікке түсінікті болсын деген мақсатпен оны орысша жазған болуы керек, мен мүмкіндігімше қазақ тіліне аударып, осы хаттың кейбір жерінен үзінді келтірейін.

Хат былайша басталады: "Мен қазіргі уақытта көлемді, түбегейлі, көркем әдеби шығарма  жасап жатқан қазақ жазушылары мен журналистерінен олардың келелі істеріне араласып, көңілдерін алаңдатқаным үшін кешірім сұраймын. Бір жағынан біздің тарапымыздан ол келелі шығармалар соғыс аяқталғанша жазылып бітпейтін шығар деген қаупіміз де жоқ емес. Мен сіздерге бұл хатты 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы командирлері мен жауынгерлерінің жалынды сәлемін жеткізу үшін жазып отырғаным жоқ. Сонымен қатар мен журналистерге майдан шебінде болып жатқан әскери іс-қимылдар туралы сұхбат-хабарлама да берейін деп отырғаным жоқ. Менің бұл хатты жазып отырғандағы мақсатым - қол астымдағы жауынгерлерімнің сіздерге деген өкпе-шағымдарын жеткізу. Менің ойымша бұл әділетті. Сіздер соғыста жүріп, мәнерлі, әрі жоғары талғампаздықпен, дипломатиялықпен сөйлеуден аластап қалған, сондықтан біршама дөрекі келетін солдаттың тілінде жеткізіп отырған хатымдағы шағымдарды  әдебиетшінің қадір-қасиетінің биік тұғырынан және кәсіби тұрғыда саралап, тыңдайсыздар деген үмітпен жазып отырмын. Біз өткеріп отырған Ұлы Отан соғысы күндерінде халқымыз, біздің тылымыз Қызыл армияны жеңіске жету үшін қажеттінің барлығымен қамтамасыз етуде. Дегенмен де қару-жарақта, үстіміздегі әскери киімдер де шайқастар барысында тозады. Біздің техник мастерлеріміз қару-жарақтарымызды жөндеп, тігіншілеріміз экипировкамызды жамап-жалғап, бәз қалпына келтіреді. Алайда қанша мықты болғанымен соғыста жүрген солдаттың жаны, ішкі жан дүниесі де  күндердің күнінде азып-тозуға бейім келеді. Себебі жауынгер тас та емес, болат та емес, шыны да емес, ол адамзатқа тән қадір-қасиеттері, сезімдері, онымен қатар әлсіздігі бар кәдуілгі жан. Олар майдан алқабында ерлік көрсетіп, батырлықпен соғысумен қатар, ет пен сүйектен жаралған соң кей кездері әлсіздік те танытады. Көпшілігі бұл тұғырықтан өздерін-өздері алып шығара алады, кейбіреуіне жолдастары көмектеседі, ал кейбіріне командирлері, не болмаса саяси жетекшілері қол ұшын береді. Жауынгер - тірі адам. Ол өмір туралы ойланып, мұңая алады, кей кездері сүйіктісінің нәзіктігі мен сүйіспеншілігін, кішкентай ұлы мен қызының сүйкімді қылықтарын сағынады. Сонымен қатар, жауынгер жасаған ерлігіне қуана алады. Соғыста жүрсе де айналасындағы көркем табиғатты қызықтап, күндіз көгілдір ашық аспанға, түнде жұлдызды түнге қарап, әдемілікті бағалай алады. Кей кездері жауынгердің тәнімен қоса жаны тозып, шаршайды, басына небір ойлар келіп, мазасын алады...".

Осылай дей келе, полк командирі жауынгерлердің соғыс жағдайындағы бір сәтінен, блиндажға жиналған үш-төрт солдаттың арасында болған әңгімесін сипаттап береді: "Мен қатардағы жауынгер емеспін, алайда  осы айтқандарымның барлығын өз басымнан өткерген жайым бар. Жақында мен блиндажда болған мынадай бір әңгіменің куәгері болдым. Соғыстан дамылдаған 10-15 минуттық қысқа уақыт аралығында жоғарыда айтылған ойлардан арылу үшін жауынгер әскери жорықта ұстайтын қапшығынан бір кітапшаны алып, оның мұқабасындағы атауын оқыды: "Ах, бұл да соғыс туралы. Дымқыл, әрі қараңғы окоптағы өмір туралы жазылыпты", - деп, өзімен өзі сөйлесіп, әлгі кітапшаны әрі қарай лақтырып жіберді. "Мен бұл жайлы білмейді деп ойлайды ма, мен қазір ғана сол жерден келіп отырған жоқпын ба?", - деп, кітап авторының атына біраз дөрекі сөздерді де жіберіп үлгерді. Қайтадан қапшығын алып, оның ішін қайтадан қазбалай бастады. Бұл жолы  сырты мұқалған шағын кітапшаны алып шығып, оны ары-бері қарап: "Құрметті Антон Павлович! Амансың ба, менің құрметті дәрігерім!", - деп, қолдары сәл дірілдеп, Чеховтың қысқа әңгімелерін оқи бастады. Оның тастай қатып қалған көздері біртіндеп күлім қағып, әңгіме жолдарын бірінен соң бірін тізе бастады. Жел қаққан, әжім басқан жүзі әлсін-әлсін қозғалақтап, кеберсіп кеткен ерін-езуіне күлкі үйіріліп, жымия бастады. Бір кезде жауынгер алақанымен тізесін соғып, есі кете қарқылдап күлмесі бар ма. Ол кітапшасын оның кездейсоқ іс-қимылына таңдана қарап қалған қасында отырған жолдасына ұсынып: "Мә, мына жерін оқи ғой", - деді. Ол қапшығын қайтадан ақтарып, бұл жолы: "Алтындай болған Александр Сергеевич! Орыс поэзиясы мен сөз сабының генералиссимусы. Жан тәніммен Сізді осы блиндажда кездестіргеніме өте, өте қуаныштымын! Қош келіпсіз, мархаба, қош келіпсіз! Сіздей әскери дос тапқаныма өте қуаныштымын", - деді. Дәл осы кезде саяси жетекшінің орынбасары блиндажға газеттер алып кіреді. Әлгі жауынгер қолын созып, елден келіп жеткен "Социалистік Қазақстан" газетін алады. Газет беттерін асығыс әрлі-берлі сапырып, аса ыждахаттылықпен бір нәрсені іздеп, көңілі толмай: "Қайтадан майданға көмек. Әрине, мен қарсы емеспін, бұл жөнінде міндетті түрде жазу керек. Алайда газеттің барлық төрт бетін онымен толтыру міндетті емес қой. Ішкі жан дүние үшін де бір нәрсе басу қажет қой", - деп газетті қайтарып берді. Ауыр күрсініп: "Эх, редактор, редактор! Сенің ішкі дүниең таяз екен. Менің пулеметім сияқты "так, так, так" деп, "соғыс, соғыс, соғыс" дей бересің. Әрине соғыс, мен оны жоққа шығарып отырғаным жоқ қой. Соғыстың жүріп жатқанына бір жарым жыл болды емес пе? Сен қатып қалған жан екенсің, ренжісең де айтайын. Соғыс туралы дәмсіз жазады екенсің. Әскери кулинариядан хабарың жоқ екен", - деді. Саяси жетекшінің орынбасары оған "Красная Звезда" атты әскери газетті ұсынады. "Иә, бере қой. Не жазып жатыр екен" деп, оқи бастайды "А..., Ильюша, Илюшенка Эренбургушка! Сен маған бүгін не туралы айтпақшысың" деп, оқи отыра басын әлсін әлсін шұлғып "Дұрыс айтасың. Сен ақылды адам екенсің. Кеше командир сен туралы Илья Эренбург - наводчик, снайпер, жауынгер, қаламы дәл тиеді деп мақтап еді. Мен өзімнің қарапайым сөзіммен айтайын, сен менің жанымды күнделікті жамап отыратын білікті мамансың". Әскери газеттің үшінші бетінен өлең жолдарын көріп "Бәрекелде! Костя Симонов! Сенде осы жерде екенсің ғой лирика солдаты! Жүрек жағдайы туралы жақсы жазасың!" деп қуанышын білдірді. Осы кезде екінші жауынгер "Ал біз Абайды мүлдем ұмытып кеттік қой" дейді. "Иә, ... ол қариямен мұнда жүріп әңгімелесу, ақылдасу бір ғанибет болар еді. Абай жаман жауынгер болмас еді. Бірақ білесің бе, бұл жерде Абайдың кінәсі жоқ. Ол бізбен бірге кәдімгідей жақсы соғысар еді. Естуімше қиын жағдай болыпты. Абайды Алматыда "қамауға алып" ұстап отыр екен. Редактор ма, әлде баспа директоры ма, әйтеуір Абайды соғыс біткенше біздің ортамызға жіберетін түрлері жоқ, қарияны бізге соғыс аяқталған соң үш том қылып көрсетпекші екен", - деді бірінші жауынгер. "Абайдың өлеңдерін бізге жекеленген кітап-брошюра ретінде жіберуге болар еді ғой" деп екеу-ара әңгімеге үшінші жауынгер қосылады.  Оның бұл сұрағына бірінші жауынгер "Жоқ, деймін ау, түсінесің бе, бұлай істеуге болмайды дейтін көрінеді олар. Бұл қарияға көп қағаз жұмсалыпты-мыс, себебі оның шығармалары қазақтың басқа жазушы-ақындарынан бұрын жарық көріпті. Ал баспа қорындағы қаржы бірінші кезекте жаңа әліпби әріптерін жазуды үйреніп жүрген жас ақын-жазушыларға тиесілі екен. Түсінікті ме?" дейді. "Түсіндім. Шамасы қағаз жеткілікті сияқты ғой. Тек, мен қателеспесем, Жазушылар Одағының төрағасы Сараңбаев, баспа директоры Қарымбаев, ал "Социалистік Қазақстан" газетінің редакторы Мылжыңбаев болуы керек. Міне, мәселенің төркіні осында жатқан сияқты" деп ашулана жауап береді жас жауынгер. Жас жауынгердің бұл сөзіне іштеріндегі жасы ең үлкен солдат ішек-сілесі қата күліп, былай дейді: "Балақай, сенікі дұрыс. Сен олардың аты-жөнін дұрыс өзгертіп айттың. Олар бұған ренжи қоймас, себебі біздің командиріміз "дұрыс айтылған сынға ешкім ренжімеуі керек, әрине ақыл-ойы жетсе" дейді ғой".  Осы мезетте ефрейтор "Жә, доғарыңдар! Одан да мен сендерге Борис Горбатовтың жауынгер Алексей Куликов туралы жазған әңгімесін оқып берейін. Ол қарапайым солдаттың жайын жақсы біледі, оның шығармаларының басты кейіпкері де сол. Сондықтан да ол жақсы жазады. Тыңдаңдар..." дейді. Мұндай диалог менің ойымнан шығарылған дүние емес, блиндажда шынымен де орын алған көрініс болып табылады...".

Осылайша Баукең майданда жүрген қазақ жауынгерлерінің күнделікті әскери өмірінен хабарлама бере отырып, олардың рухани азыққа деген сұранысын жеткізген екен. Шынында да, сол тұста И. В. Панфилов атындағы 8-ші  гвардиялық атқыштар дивизиясының 1073 полкын подполковник шенінде басқарып жүрген Бауыржан Момышұлының өзінің қол астындағы жауынгерлері атынан Қазақстан ақын-жазушыларына қойып отырған сұрақтары, реніштері, тілектері орынды еді. Себебі, бейбіт өмірдің өзінде әуезді әнге, әдемі өлеңге, күмбірлеген күйге, көркем сөзге жаны жақын қазақтың соғыста өмір мен өлімнің арасында жүріп, жабыққан уақытында жанына рухани азық қажет еткендігі түсінетіндей жәйт еді.

Бауыржан Момышұлы хатында Ұлы Отан соғысы майданында кем дегенде жүз мыңнан астам қазақ жауынгерлері шайқасып жүргендігін, олардың басым көпшілігінің орыс тілін жетік білмейтіндігін айта келіп,  қазақ ақын-жазушыларына бас-аяғы 16 сұрақ қойған екен. Осы он алты сұрақтың бірінде "Абай деген қариямыздың лирикасын, дарынын, даналығын қамауға алып, оның майданда жүрген бізге жекеленген брошюра түрінде жетуіне кім тыйым салды" делінген. Сонымен қатар, соғыста жүрген, орыс тілін жөнді түсінбейтін, жетік меңгермеген жүз мыңдаған қазақ жауынгерлерін ана тілінде жазылған газетсіз қалуына, көркем әдебиет шығармаларынсыз қалуына кім кінәлі деген әділ сұрақ қойылады.

Жауынгердің жанын, оның ішкі жан дүниесін жақсы түсінетін Бауыржан Момышұлының қазақ жазушыларына тік сөзбен, ашына айтқан ойлары, сұрақтары ойдан шығарылмаған, жүрек түбінен шыққан сауалдар еді.  Баукеңнің қазақ ақын-жазушыларына қойған тағы бір сауалы, ол ең басты сауал болуы мүмкін, қазақ көркем әдебиетінің өкілдерінің майдан шебіне  барып, соғыс туралы шындықты өз көздерімен көріп, қазақ жауынгерлерінің ерліктерін паш ететін көркем туындылар жазудың орнына тылда "әдеби засадада" отырғандары үшін қынжыла кінәләйді.

Дәл осы жылдары орыстың белгілі жазушылары мен ақындары әскери іс-сапармен майдан шебіне барып, жауынгерлердің ортасында жүріп, дүниеге талай-талай көрнекті туындылар әкелгендігі тарихтан белгілі. Айта кететін болсақ, А. Твардовскийдің "Василий Теркин" атты шығармасы осындай туындылардың бірі десек, жалған айтпаған болар едік. Теркинді ұлтына қарамай, әрбір жауынгер өз прототипіндей сезінетін, себебі ол қатардағы жауынгер, қарапайым солдаттың образы болатын.

Ұлы Отан соғысы майданына әскери дайындықтан өтіп үлгермеген, кешегі бейбіт өмірде бірі мұғалім, бірі тракторшы, бірі музыкант, ал енді бірі жылқышы, қойшы болып еңбек еткен қарапайым адамға майдан алқабына түсіп, жау болса да алдына қарсы келген адамзат баласына оқ ату, образды түрде айтқанда мылтық шүріппесін басу психологиялық тұрғыдан өзін-өзі морт сындырумен пара-пар келген шығар. Соғыста шайқасты басқара жүріп, қоластындағы жауынгерлерінің жан дүниесіне үңіліп, олардың жан азабын түсіне білген білікті командир Бауыржан Момышұлының майданға Абайдың өлеңдер жинағының келуін қажет еткендігі, тіпті талап еткендігі соғыс жағдайында туған қажеттілік болды, ал Абайдың даналығы қазақ солдаттарының рухани қажымауының, азып-тозбауының кепілдігіне айналған құндылық болды десек, артық айтпаған болар едік.

Жалғасы бар

Автор: Қаратаева Гүлнәр Мироновна - Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің ғылыми-ақпарат жұмысы және ғылыми-анықтамалық аппараты бөлімінің басшысы.

Лого TengriNews мобильная Лого TengriEdu мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная