• facebook
  • twitter
  • telegram
  • whatsapp
поделились

Соғысқа үш бауырымен аттанып, Валя және Галямен "оралды". Ардагер Имамәлік Қайсеновтің естеліктері

06 мая 2020 08:10
Image
8

Ұлы Отан соғысы жылдары бір үйден 3-4 адам майдан шебіне аттанып, біреуі ғана қайтып келген жағдайлар аз емес. "Қара қағаз" сөзінің қаншалықты ауыр екенін сол заманның адамдары жақсы түсінетін. TengriMIX тілшісі соғысқа үш бауырымен бірге аттанып, жалғыз өзі оралған Қайсенов Имамәлік Қайсаұлының өмірбаяны жайлы баяндайды. 

Кайсенов Имамәлік Қайсаұлы Шығыс-Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында 1915 жылдың 6 наурызында Қайса ата мен Нәби апаның отбасында дүниеге келген. Ол 7 ағайынды (5 ұл және 2 қыз) болған. 

Соғыс ардагерінің балаларының айтуынша, 1930 жылдары Қайса аталары қайтыс болғанда, әкелері небары 15-16 жастағы бала болған екен.

"Ұжымдастыру кезінде қолдағы бар малдарын өкіметке тапсырып, ішерге ас таба алмаған соң, ақырында "Олений Парк" ауылында "Артель" ашылғанын естіп, іні-қарындастарын алып сол жаққа көшіп барған. Бауырларын аштықтан аман алып қалу үшін жастайынан еңбек еткен. Соғыс басталған уақытта әкеммен бірге туған ағалары Қалым мен Нұрғабыл, інісі Әутәліп соғысқа бірге аттанған. Өзінен үлкен ағасы Қабілмәлік мерген болған, ол ауылда әскер қызметкерлеріне аң терісінен киім әзірлеуге еңбек қызметкері болып, ауылда қалған", - дейді ардагердің қызы Валя Қайсенова.

Солдан оңға қарай: Сара Имамәлікқызы, Нүгән Көгиқызы, Имамәлік Қайсаұлы, Толқынбек Имамәлікұлы, Қаділбек Имамәлікұлы

"Әкеміз көзі тірісінде екі ағасы мен інісінің қай жерде қайтыс болғанын және қайда жерленгендерін білмей кетті. 1998 жылдың маусым айында 84 жасында қайтыс болды. Әкеміздің ұрпақтары ол туралы бірде-бір мәлімет таба алмады. Тек кейіннен Ұлы Жеңістің 65 жылдығының қарсаңында үш бауыры туралы Мемориал сайтында қай жерде қайтыс болғаны және жерленгендері туралы мәліметтер пайда болды", - дейді ардагердің қызы. 

  • Қайсаның екінші ұлы Қайсенов Қалым 1905/06 жылы ШҚО, Катон-Қарағай ауданында туған. Соғысқа Большенарым ауданынан шақырылған. 43 армияның құрамында 114-жеке атқыштар дивизиясында мерген ретінде әскери қызмет атқарған. 1943 жылы жарақат алып, 505-госпитальда қайтыс болған және Смоленск облысы, Пречистенский ауданы, Велисто ауылындағы қорымда жерленген. Әйелі Қайсенова Чкөй, бір баласы болған. Алайда олардың қайда екені туралы мәліметтер жоқ.
  • Қайсаның үшінші ұлы Қайсенов Нұрғабіл Қайсаұлы 1914 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катон-Қарағай ауданында дүниеге келген. Ол №2200 әскери бөлімде болып 1942 жылдың 29 қарашасында неміс тұтқындарына арналған Чкалов лагеріне қызметке түседі. 1943-1944 жылдары Сталинградтық әскер тобында 3-гвардиялық армияның құрамына кірген 25 жеке от атқыш (огнемет) батальонында әскери қызмет атқарған. 1944 жылдың 11 қыркүйегінде, соғыстың аяқталуына 8 ай қалған уақытта Польша мемлекетінің Келецкое воеводствосында, Радомский ауданындағы, Висла өзенінің сол жағалауында, Дороткинский плацдармында хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Жары Кайсенова Нұрғалима, 1 баласы болған, бірақ ол кісінің де отбасы жайлы деректер жоқ. 

  • Қайсаның кенже ұлы Қайсенов Әутәліп Қайсаұлы 1920 жылы Шығыс Қазақстан облысы Катон-Қарағай ауданы Березовка ауылында дүниеге келген. 6 армияның құрамында болған 173 армия запасындағы атқыштар полкында әскери қызмет атқарған. Әскери атағы - сержант. Қызметі: зеңбірек командирі. ВЛКСМ партия мүшесі болған екен. Ол 1943 жылы 5 шілдеде ауыр жарақат алып қайтыс болған. Украинаның Харьков облысы, Двуренчанский ауданы, Буденовка ауылының маңындағы орман ішіндегі бауырластар зиратында (братская могила) жерленген. 

Кайсенов Имамәлік Қайсаұлы 1942 жылдың ақпанында 27 жасында соғысқа қатысу үшін армияға қабылданды.

"Әкеміз соғысқа барардың алдында жалғыз ұлы Қаділбегін көріп (ол 3 жаста болған) кеткен еді, ал екінші ұлы Толқынбек әкем соғысқа аттанғанда анамның құрсағында болып, ол наурыз айында дүниеге келген. Әкеміз 1343 атқыштар полкында - 399 атқыштар дивизиясында Отан алдындағы борышын өтеген. 399 атқыштар дивизиясы 48-армияның қол астына кірген. 48-армиясының армия генералы Рокоссовский Константин Константиновичтің қарамағында болған Белорус Фронтына қатысты болған. 1942 жылдың қаңтарынан бастап Ресей, Украина, Беларусь, Варшава, Балтық елдері, соңында Германияға дейін жауынгерлік операциялары, шабуыл операциялары мен қорғаныс операцияларына қатысқан. 399 атқыштар дивизиясы мен 48 армия құрамында Сталинград шайқасы 1942 жыл, Орлов шабуыл операциясы, Чернигово - Полтав операциясы (1943 жыл), Гомельско - Речицкая операциясы, Курская операциясы (1943 жыл), Белорусь операциясы, Бобруйский операциясы, Ломжа - Ружанская операциясы, Люблинско - Бретская операциясы (Варшава операциясы) (1944 жыл); Шығыс - Пруссия операциясы (1945 жыл), Берлинге шабуыл операциясы және басқа да шайқастарға қатысқан", - дейді Валя Қайсенова.

Қызының айтуынша, 1943 жылы 24 шілдеде шыққан құжатқа сәйкес, ардагер жаудың пулеметтері тұрған нүктесіне танкке қарсы құрылғымен атып, 2 фашистің көзін жойып, "Ерлігі үшін" медалін алған. Ал 1945 жылы 9 мамырдағы құжатқа сәйкес, "1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін" медалімен марапатталған. 

Соғыста ауыр жарақат алған кезде оны орыстың екі медбике қыздары Валя мен Галя өлім аузынан аман алып қалады. Сосын госпитальда жатып, жазылғаннан кейін қайта майдан шебіне аттанған. Кейіннен соғыстан соң, егіз туған қос қызына осы медбикелердің есімін берген. Ол заманда балалар көп шетінеген ғой. Галя қызы томпақ, мықты болып, ал Валя қызы мүлдем әлсіз, кішкентай болып туғаннан кейін, әкесі Валяны бөркінің ішіне салып, түні бойы құшағына алып шыққан екен. Сонда таң атқанда, Валя тірі қалып, Галя шетінеп кеткен екен...

"Әкеміз соғыс кезінде көптеген медальдар мен грамоталар алған екен, соның ішінде: Германияны жеңгені үшін берілген медаль, Қызыл жұлдыз ордені № 697471, "Варшаваны азат еткені үшін" медалі № 053018, Жуков медалі, "Еңбек ардагері" медалі, ҰОС қатысуы үшін генерал-майордың Кайсенов Имамәлікке берген алғыс хаты, Көшбасшының алғысы: Барт, Дорн және Виттенберг қалаларын басып алу шайқасында қатысқаны үшін, Грайфсвальд, Тентов және Фюрстенбург қалаларын басып алу шайқасында қатысқаны үшін, Көшбасшының алғысы: Балтық теңізі аралын алу шайқасында қатысқаны үшін және т.б.

Әкеміз үйге соғыс біткеннен кейін емес, 1946 жылдың басында таман қайтқан екен. Сонда Берлинді құлату операциясына қатысып қана қоймай, репарацияға (Совет үкіметіне тиген зақымды өтеу), Германиядан Совет үкіметіне зауыт пен фабрикаларды көшіруге қатысып, 1946 жылдың басында медальдары мен грамоталарын алып, елге қайтқан", - дейді ардагердің қызы. 

Осылайша бес ұлының төртеуін соғысқа аттандырған Нәби ана бес жылдан соң ортаншы ұлы Кайсенов Имамәлік Қайсаұлымен қауышады.

Имамәлік Қайсаұлының үшінші қызы Қамила әкесінің соғыс кезінде бастан өткерген бір оқиғасымен бөлісті.

"Бірде командир маған шанаға жегілген атпен тұтқынға түскен неміс офицерін жеткізуді міндеттеді. Шанаға жегілген аттың тынышы кетіп, айтқан жердегі жау шебіне оны әзер дегенде жеткіздім. Мені басқарушысы бар 4 адам қарсы алды. Оны қолдарына табыс еттім де, аялдамастан құлақтары елеңдеп, дегбірі қашқан аттың басын кері бұрғаным сол-ақ екен, қасиетті жануар бірнәрсенің болатынын сезді ме екен шаба жөнелді. Ит тұмсығы өтпейтін қалыңға да қарамастан бар пәрменімен алға ұмтыла берді. Біраз жерге жеткенде артымызда жарылыстың дауысынан селт етіп артыма қарадым. Тұрған төрт адамның бірінің қолын, бірінің аяғын аспаннан көзім шалып қалды. Соншалықты қорқынышты жағдайды есіме алсам, әлі күнге дейін өз-өзіме әзер келемін. 40 жыл қырғын болса да, ажалды өледі", - деп Қамила Қайсенова әкесінің соғыстағы естелігінен үзінді келтірді. 

"Біз әкемізден Ұлы Отан соғысы тұралы сұрағанда, "Балаларым оны не қыласыңдар, оны сендер білмей-ақ қойыңдар, сендердің бастарыңа ол жазбасын",- деген сөзін қазір ғана түсінгендейміз. Бірақ кейде бір іспен айналысып отырып, М.Исаковскийдің "Огонек" әнін ыңылдап айтып (дауысы өте жақсы еді), көзінде жас, өңінен мұңды байқайтынбыз. Сонда әкеміз соғыста бейхабар кеткен туғандарын ба, әлде сол кездегі өзімен бірге болып оққа ұшқан жолдастарын ба, әлде соғыста жүргенде қоштаса алмай қалған анасын ба, нені ойлап отырғанын түсіну мүмкін емес еді. Осыдан қайратты да қажымас әкеміздің соғыс кезіндегі көрген тауқыметінің қандай болғанын іштей сезінуші едік...", - дейді Валя Қайсенова.

Небары 4 сыныптық білімі болса да, соғыстан кейін Имамәлік Қайсенов әр уақытта түрлі салада қызмет жасады - потребсоюзде сатушы, совхозда совхоз меңгерушісі, звероферманың басшысы болған.

"Аудан көлемінде ағаштан салынған Ақмарал ауылындағы мектеп атамыздың қолынан шыққан ғажайып өнер туындысындай болып, ауылымыздың әлі күнге дейін көркін ашып тұр. Сол өнері оның 4 ұлы Қаділбек, Толқынбек, Солтанбек пен кенжесі Нұратбекке де дарыған. Сонымен қатар қаншама баланы оқыту, жеткізу үшін 1960 жылдан бастап, үнемі қосымша іспен айналысты, Ол ағаштан түйін түйетін, ауылға қажет үстел, орындық, ыдыс қоятын буфет, кошовка, ат шана, әкеміздің қолымен тұрғызылған ағаш үйлер, әлі сол қалпында тек ауылда ғана емес, аудан көлемінде бой көтеріп тұр. Әкеміз үйде кірпіштен нан пеш тұрғызушы еді, адамдар кезекке тұрып, "мына уақытта маған тұрғызасыз", - деуші еді, ол кісінің тері илеп ат әбзелдерін жасап, ара өсіріп Катонқарағайдың балы деп қаладан келгендер әкетіп де жатушы еді, ол кісі өз қолымен пиманың қалыптарын жасап, бізге қойдың жүнінен әдемі пималарды басып, бізге кигізуші еді. Сол өнерін тек өзінің ұлдарына ғана үйретпей, ауылдағы үйренейін деген қаншама адамдарға дарытып кетті. Қандай еңбек жолында жүрсе де, артында із қалардай нақышына келтіріп, үлгі болатындай жасайтын", - дейді Валя Қайсенова. 

Имамәлік Қайсенов басқарған бригада салған Катон-Қарағай ауданы, "Ақмарал" (бұрынғы Олений Парк) мектебінің бүгінгі бейнесі

Ардагердің қызы әкесінің сынықшы болғанын және оның кімнен дарығанын айтты. 

"Көз көргендер әкеміздің анасы Нәби апамыздың тек ақ түсті ғана киім киетін, бойында емшілік қасиеті бар адам болған деп айтатын. Олар апамыз ауылға келеді деп естігенде, бүкіл ауыл болып "Бүгінгі күні Ақ кемпір келеді" екен деп, даярланатынбыз дейтін. Кішкентайынан анасы "Ақ лағым" деп еркелетіп атап кеткен әкемізге, сол асыл қасиет кім білсін анасынан дарыған ба екен?! Әкеміздің сынықшылық қасиетін жиі байқайтынбыз, кейбіреулер қолымның буыны шығып кетті ме екен деп, ал кейбіреулері қолым, не аяғым сынып қалған жоқ па деп қаралып жататын. Өмірден көрген-білгені, көңілге түйгені, іс-тәжірибесінің молдығын ауылдастары да білетін. Көбінде өздерінің шеше алмаған мәселелерін атаммен ақылдасып шешіп отыратын. Ауыл басшыларының өздері де атаммен жиі ақылдасуға келетін. Оларды байыппен тыңдап, ақыл кеңесін беретін.

Анамыз Көгиқызы Нүгәннің еңбегін айтып жеткізу мүмкін емес. Бүкіл азаматтар қолына қару алып соғысқа аттанғанда, екі шиеттей баламен қалған. Анамыз айтып отырушы еді: "балаларды ағаштың астына отырғызып қойып, өзіміз шөп шабамыз, оны жинаймыз, егін салып оны орамыз. Соғыс кезінде тракторға отырып, трактор айдадым". Кешке жұмыстан қанша шаршап келсек те Ұлы отан соғысындағы азаматтарға қойдың жүнінен жіп иіріп, шұлық, қолғап тоқитынбыз", - дейтін. Ата-ананы сыйлау, оларға деген құрмет әр баласының бойында бар қасиет. Анамыз төрт қызы, Сара, Сағила, Қамила мен Валяны да көрпе - бөстек тігу, киім тоқу, кілем тоқу тағы басқа өнерлерін үйретіп, соның ішінде Сағиласы қазақтың оюы мен қазақтың рухы сіңген қолөнерін жалғастырып отыр", - дейді ол. 

ҰОС қатысушыларына арналған, "Ақмарал" ауылында орналасқан ескерткіш

"Қазірде Имамәлік әкеміз бен Нүган анамыздың 100-ден астам немересі, 30-дан астам шөбересі, шөпшектері де бар. Ұрпақтары сан-салада қызмет жасайды. Олардың ішінен дәрігер де, ұстаз да, инженер де, әскери адам да табылады. Барлығы да еліне адал азамат болып, ата жолын жалғастырып келеді. Әкеміз біздің отбасымыздың басы, құрметті әкеміз ғана емес, еліміз үшін жанын аямай, қатыгез соғыстың аяғына дейін қаншама зорлық пен зомбылықты көріп, жаудан аянбай, ерлік көрсетіп, фашизмді жеңуге атсалысып, елімізге жеңіс алып келген батыр азамат", - деп түйіндеді Валя Қайсенова. 




ПРЕДЫДУЩАЯ СТАТЬЯ
Сбежавшие заключенные захватили автобус с людьми на юге Казахстана: об операции сняли фильм
СЛЕДУЮЩАЯ СТАТЬЯ
Пользователям Instagram предложили не смотреть на море

Похожие новости

counter.yadro.ru