Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
15 июня 2021 17:16

Үш жасынан мүсін жасаған қазақ жігітінің туындылары жұртты тәнті етті

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: instagram.com/bolatbek.salayev Фото: instagram.com/bolatbek.salayev

Бейнеулік мүсінші Болатбек Салаевтың қолынан шыққан мүсіндердің суреті соңғы кездері әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Tengrinews.kz тілшісі мүсін жасау өнерінің шебері Болатбекпен сөйлесіп, өнері туралы әңгімелесті.


Бейнеулік мүсінші Болатбек Салаевтың қолынан шыққан мүсіндердің суреті соңғы кездері әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Tengrinews.kz тілшісі мүсін жасау өнерінің шебері Болатбекпен сөйлесіп, өнері туралы әңгімелесті.

Болатбек Салаев Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының тумасы. Қазіргі таңда 40-қа жуық мүсіннің авторы. Оның айтуынша, мүсіншілік өнеріне жақындығы бала кезден байқалған.

"Жалпы өнерге бала кезден қатты қызықтым. Үш жасымда топырақтан жануарлардың мүсінін жасай бастаппын. Әлі есімде, сол кездерде майлы бояумен сурет салатынмын, картиналарым болды. Бұл өнер маған ата-анамнан дарыған болар деп ойлаймын. Олар да жас күнінде сурет салған", - дейді Болатбек Салаев.

Болатбек мүсіндерді гипстен, ағаштан, шыныпластиктен және қоладан жасайды. Қазіргі тапсырыс берушілері ауылдық, аудандық, қалалық әкімдіктер, түрлі ұйымдар мен жеке адамдар көрінеді.

"Әзірше шетелдіктерден тапсырыс түспеді. Егер түсіп жатса барып, тәжірибе алмасып, мүсін жасап берер едім, бірақ көшіп кетпес едім", - дейді мүсінші.

Болатбектің айтуына қарағанда, оның бұл өнерге келуіне Қазақстанның мәдениет қайраткері Қымбат Әбілдақызы себепші болған.

"Айгөлек" журналына салған суреттерімді жіберіп жүргенімде Қымбат Әбілдақызы байқап, мені Алматыға шақырды. Алматыда түрлі байқауға қатысып, лауреат атанып, бірінші орын да алдым. Осыдан кейін сол кісінің ұсынысымен оқуға түстім. Менің бұл өнерге келуіме бірден-бір себепші болып, жоғары бағалап, қолдау көрсеткен де сол кісі", - дейді Болатбек.

Болатбек мүсіндерді жалғыз жасайды және бір мүсінді жасауға орта есеппен 1-1,5 ай жұмсайтынын айтады.

"Ойымнан шықпай қалатын мүсіндер де болады. Мысалы, бір мүсінді бес рет жасасаң, бес түрлі болып шығады. Ол көңіл-күйге, шабытқа байланысты. Менің бірқатар жұмысымның суреті әлеуметтік желіде тарап жатқанын білемін, көп адамға қатты ұнапты. Мақтау жазып, жақсы пікір қалдырғандар да аз емес. Соған қарағанда, жұмыстарым жақсы, өзім де қуанып қаламын. Мұның бәрі еңбектің арқасы, күнделікті еңбектеніп, барымды саламын", - дейді ол.


Суреттер Болатбек Салаевтың Instagram-парақшасынан алынды.

Мүсіншінің айтуынша, ол жасаған бірнеше мүсін жақында Нұр-Сұлтан, Тараз қалалары мен Маңғыстау облысында қойылады.

Болатбек Салаев өзі жасаған мүсіндерінің суретін әлеуметтік желідегі парақшаларында жариялайды. Желі қолданушылары мүсінші жұмысын жоғары бағалаған.  

"Өте керемет ескерткіш, мән мағынасы да тұңғиық", "Ғажап", "Неткен керемет туынды", "Нағыз шебер", - деп пікір жазған Қазнет қолданушылары. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети