Абулхатаев Мұлхайдар

  • Фото ветерана: Абулхатаев Мұлхайдар
    Абулхатаев Мұлхайдар
  • Фото ветерана: Абулхатаев Мұлхайдар
  • Фото ветерана: Абулхатаев Мұлхайдар
  • Фото ветерана: Абулхатаев Мұлхайдар
  • Фото ветерана: Абулхатаев Мұлхайдар
  • Фото ветерана: Абулхатаев Мұлхайдар
  • Фото ветерана: Абулхатаев Мұлхайдар
  • Фото ветерана: Абулхатаев Мұлхайдар
    Фото ветерана: Абулхатаев МұлхайдарФото ветерана: Абулхатаев МұлхайдарФото ветерана: Абулхатаев МұлхайдарФото ветерана: Абулхатаев МұлхайдарФото ветерана: Абулхатаев МұлхайдарФото ветерана: Абулхатаев МұлхайдарФото ветерана: Абулхатаев МұлхайдарФото ветерана: Абулхатаев Мұлхайдар

Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, Атырау облысы Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Абулхатаев Мұлхайдардың өмірбаяны.

Атамыз Мұлхайдар Абулхатаев 1916 жылы 15 ақпанда Морской ауыл советінің бұрынғы №7 ауылы Тақсалған деген жерде, кедей шаруа отбасында дүниеге келген.

1918 жылы әкесі Әбілхата, 1920 жылы анасы Ұлдай қайтыс болып, қарт шешесі Қалипаның тәрбиесінде өседі. 1932 жылы ол кісі де дүниеден озыпты. Атамыз жасынан сол бір жоқшылық-тапшылық жылдардың ауыртпалығын көп көрген. Оқуға мүмкүншілігі болмай, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардан оқу-әрпін жаздырып алып, сауатын ашады. Сол кездегі сауатты алғашқы оқытушы Нәубетов Хамидоллаға атын, фамилиясын жаздырып алып, қол қоюды үйренеді. Кейін латынша әріп жаздырып алып, толық сауатын ашады.

1930 комсомол қатарына қабылданып, кедейлерді колхоз мүшелігіне ұйымдастырып, сауатсыздықты жою ісіне араласады. Колхоз құрылысы жауларына қарсы күрес жүргізудегі партия, комсомол, совет ұйымдарының тапсырмаларын мінсіз орындап, алғашқы "Төңкеріс" колхозындағы комсомол ұйымының ұяшық хатшысы қызметін атқарады.

1933-1934 жылдары мұз астынан тереңдегі қызыл балық, итбалық аулайтын балықшылардың сауатын ашу, еңбекте Стаханов қозғалысын өрістету жұмысын жүргізеді.

Ал 1935-1936 жылдары жергілікті партия басшысы Утеғали Шақылиқов, Қабдолла Ермешов, колхоз басқармасы Балабас Нұғыманов сынды жолдастар әкеге қолдау көрсетіп, Гурьев қаласындағы партия-кеңес кадрларын даярлайтын 8 айлық курсқа оқуға жібереді. Атамыз оқуды үздік тәмәмдап, 1936-1938 жылдары "Телячье" балалар үйінде тәрбиеші қызметін атқарады.

1938 жылы Отан қорғау міндетін өтеуге Қызыл әскер қатарына шақырылып, Петрозавод қаласындағы №402 атқыштар полкінде әскери міндетін атқарады.

1939 жылғы 20 желтоқсан мен 1940 жылғы 19 наурызға дейін Финляндия соғысына қатысып, 45 күн, 45 түн жау қоршауында қалып, бар күш-жігерін жұмсап, қажырлығының арқасында оны бұзып шығып, жаудың "Линия "Манагрейм" бекінісін талқындап, финдерді жеңіліске ұшыратады.

1940 жылы КПСС кандидат мүшелігіне қабылданып, сол жылы қарашада жеңіспен елге оралды. 1940 жылы "Телячье" балалар үйінде директордың орынбасары болып еңбек етіп, оқу-тәрбие ісін басқарады.

1941 жылы ел басына күн туып, Ұлы Отан соғысы басталғанда, өздігінен бел байлап, майданға жіберуді өтінеді. №104 ерекше атқыштар полк бригадасында барлаушы міндетін атқарып, Минск, Брянск, Курск бағытындағы және Дон, Днепр өзендерінің жағалауларындағы қанды майданға араласып, неміс басқыншыларына қарсы жерімізді азат ету жолында ерлікпен шайқасып, аға сержант шенін алады. 1942 жылы атамыз КПСС мүшелігіне қабылданады. 1942 жылы 14 шілдеде 7 барлаушы командирден төтенше тапсырма алып, жау тылына өту туралы бұйрықты сәтті орындап, кері оралғанда, ауыр жарақат алған. 9 жерден жаралы болады. №1308 Чкалов қаласындағы госпительге алынып, кеңес дәрігерлерінің қамқорлығының және ұзақ мерзімді ем алудың арқасында тәуір болып, беті бері қарай бастайды. Бірақ, амал нешік, соғыстан алған жарақаты түбегейлі жазылмай, соғысқа жарамсыз деп танылады.

1943 жылы сәуірде атамыз туған елге оралып, туыстарымен есен-сау қауышады. Ол әскери қызметін аяқтағанымен, ел жолында еңбек етуден тартынған жоқ. Бар білген-түйгенін туған жерін түлетуге арнады. 1946 жылға дейін Теңіз аудандық партия комитетінің нұсқаушылық жұмысында болып, кейін Теңіз ауданындағы колхоздарда 15 жыл бастауыш партия ұйымының хатшысы міндетін атқарды. Колхоз экономикасы мен мәдениетін нығайту ісіне үлес қосты.

1962-1976 жылдары Ганюшкино селосындағы РТС-поселкасындағы №188 кәсіптік техникалық білім беру училищесінде тәрбиешілік қызмет атқарып, сол мекемеден құрметті зейнеткерлікке шықты.

Зейнет жасына жетсе де, дамылдаған жоқ. 1977-1987 жылдары Теңіз аудандық өмірді қамсыздандыру мекемесінде агент, аудандық мемлекеттік банкте күзетші, аудандық мәдениет үйінде вахтер болып жұмыс істеп, еңбектен қол үзген жоқ.

Атамыз Мұлхайдар Әбілхатаұлының Отан қорғау жолындағы ерлігі мен жауынгерлік жетістіктері, ауыл шаруашылығы саласын өркендету ісіне сіңірген ұзақ жылғы мінсіз еңбегі оң бағасын алып, Ұлы Отан соғысының бірінші дәрежелі орденімен, бірнеше медальдармен, грамоталармен наградталды.

Атамыздың жазу-сызуға да икемі зор болатын. Қолы боста жанына қалам-дәптерді серік етіп, ой оралымдарын қағаз бетіне түсіретін еді. Атамыз 1940 жылдан бастап қиын да қызықты да тілшілік қызметке араласа бастайды. Теңіз ауданындағы "Ленин жолы", бұрын "Балықшылар үні" кейін "Социалистік жол" қазіргі "Серпер" аталатын аудандық газетте штаттан тыс тілші болып еңбек етеді. Оның қаламынан туған көптеген мақала, суреттеме, корреспонденция, жүрегінен шыққан өлең, әңгіме, сол кездегі ағым саясатына байланысты мақала баспасөз беттерінде жарық көріп, қалың оқырманның жүрегіне жол тапты. Теңіз аудандық коммунистік партия комитетінің бюро шешімі бойынша Абулхатаев Мұлхайдардың тілшілік еңбегі жоғары бағаланып, 1970 жылдың 8 қазанында есімі Теңіз аудандық Құрмет кітабына енгізілді.

Асыл діңгеміздің өнегелі де мәнді ғұмыр жолында әжеміз Злиха Абулхатаева серік болды. Ол "Бәрі майдан үшін, жауды жеңу үшін!" деп майдандағы жауынгерлерге көптеген жылы қолғап, шұлық, кеудеше тоқып, құлақшын тігіп, сары май жинап жіберген. Әжеміз балалар үйінде, кешкі мектепте ұзақ жыл СПТУ-188 де жұмыс істеген, ол да еңбек ардагері. Атам екеуі бір ұл, төрт қыз өсірді, олардан бірнеше немере-жиен, жиеншарлары бар.

Абулхатаев Мұлхайдардың наградалары: орден Отечественной войны 1-ой степени (№ ордена 2155073), медали "За Победу над Германией в Великой Отечественной войне 1941-1945гг." (Щ№321569), "За доблестный труд в Великой Отечественной Войне 1941-1945гг." (Е№0052700)
"За боевые заслуги" (Ж№595542), "20 лет Победы в Великой Отечественной войне 1941-1945гг.» (А№5086169), "30 лет Победы в Великой Отечественной войне 1941-1945гг.", "40 лет Победы в Великой Отечественной войне 1941-1945гг.", "50 лет Вооруженных сил СССР", "60 лет Вооруженных сил СССР", "70 лет Вооруженных сил СССР", знак Центрального комитета ЛКСМ Казахстана "Дорогами славы отцов".

Немересi Артур Абулхатаев

Нравится