Атышев Қабдолда

  • Фото ветерана: Атышев Қабдолда
    Атышев Қабдолда
  • Фото ветерана: Атышев Қабдолда
    Фото ветерана: Атышев ҚабдолдаФото ветерана: Атышев Қабдолда

Марқұм атам Атышев Қабдолда құжат бойынша 1905 жылы туған. Құлағы нашар еститін, әкемнің айтуынша, бала күнінде суық өткен екен. Сондықтан бастапқыда соғысқа алмай, еңбек армиясына алыныпты. Беларусь даласындағы еңбек күші қатарында қара жұмыс істеген. Еңбек жасағы дерлік аш-жалаңаш, азық-түлік жоқ, монша көрмейді. Аш адамдар алқаптағы шикі картопты жегеннен, іштері кеуіп, көбі ауырып өліпті. Содан жұмысқа тартылған адамдар (ішінде атам да бар ) "бүйіткенше соғыста өлгеніміз артық" деп сұранып, өз еркімен майданға аттанады. Бұл шамамен 1943 жылдың іші болса керек.

Атамдарды Украинадағы майдан даласына әкеледі. Сол жерде полк жасақталғанын күтеді. Днепрге кіреміз деп отырғанда, жаңағы жасақталған полк немістердің  шабуылына ұшырап, көбі қырылады (ұрыс алдындағы артподготовка). Бірлі-жарым тірі қалғандарын басқа полктің қатарына қосып жібереді. Полк құрамында болған атам Қабдолда Курск шайқасына, Днепрді азат етуге қатысады. Сарбаздар Днепр маңындағы ауылдарды басып алған неміс әскерімен шайқасады. Сол майдан даласындағы ұрыстардың бірінде еңбектеп келе жатқан атамның табанына оқ тиеді. Атамның жараланғанын көрген бойда жетекшілері жүгіріп келіп сүйемелдеп, атамды окопқа түсіреді, еңкейіп етігін шешейін десе шеше алмайды. Дереу қалтасындағы бәкісімен тіліп жіберсе, етіктің іші қанға толып кетіпті. Сөйтсе, оқ тесіп өткен екен. Содан әлгі адам көйлегін жыртып, аяғын таңып береді де: "Бабай, біз ары қарай жылжимыз, мына түріңмен бізге ілесе алмайсың, сені госпитальға жеткізетін адам да жоқ, неде болса, дала санитарларына жетуге тырыс",- деп жөн сілтеп, шанаға ит шегіп жүретін санитарлардың аялдайтын жеріне қарай жол нұсқап жібереді (атамды жетекшісі Бабай деп атаған екен).

Аяқ болса жаралы, басуға келмейді, соғыс жүріп жатыр, қанша уақыт өткені белгісіз, әйтеуір үлкен азаппен жаңағы шаналардың біріне ілінеді. Көп қан жоғалтады. Содан не керек, оқ тесіп өткен аяқ етік киюге, сапқа тұруға жарамай қалады, аздап тәуір бола бастағанда, белгілі бір уақытқа елге қайтарылады. Сонау Украина даласынан Семейдің Көкпекті ауданы Биғаш ауылдық округіне қарасты Егінбұлақ фермасындағы үйіне келсе, апамдар малға кетіп қалыпты. Тегі ауылдан қашық жерде болса керек, үй-ішін зорға табады. Межелі мерзімі аяқталғанда, ауданнан қайта комиссиядан өтіп, сондағы елмен бірге Семейден пойызға отырып, майдан даласына жіберіледі. Бұл шамамен 1945 жылдың көктеміне таяу шақ болса керек, ақыры соғыс даласына жетіп үлгермей, халыққа "Жеңіс" деген қуанышты хабар да жетеді. Содан пойыздағы елмен бірге кері қайтып, әскери комиссариаттан елге оралғаны туралы қағаз алып, аман-есен отбасымен қайта қауышқан екен. Атам 1988 жылғы қаңтар айында дүниеден өтті.

Тоты Атышева, Нұр-Сұлтан қаласы

Нравится