Әскери – инженерлік полктің солдаттары үнемі жау оғының астында жүріп, соғысқа қатысты. Сондықтан олар үнемі қапы қалмау жағдайларын қарайластырады. Біздің қолымызда Атамыздың марапат қағаздары бар. Ол қағаздардың бірінде тегі Бижембеков, екіншісінде Бизамбеков деп жазылған. Төртінші Украина майданындағы Севастополь бригадасының 63 жекелеген инженер-сапер батальоны бойынша 1943 жылы 12 маусымда шығарылған 200/н бұйрығына сәйкес, атамыз "Үшінші дәрежелі Даңқ" орденіне ұсынылған екен, бірақ сол жылы "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған.
Өйткені, оған дейін атамыз"Қызыл жұлдыз" орденімен марапатталған еді. Осы "Қызыл жұлдыз" орденімен марапаттау жөніндегі қағазында атамыздың 21.12.1943 жылдан 10.3.1944 жылға дейін Сиваш арқылы салынған тоған (дамба) құрылысына қатысқаны жазылыпты. Барлық жұмыста нормасын 1,5 есеге дейін орындапты.
"Жолдас Бижембеков өз бөлімшесінің құрамында 2400 вагонетканы топырақпен толтырып, 600 вагонеткадан топырақты түсірді. 1944 жылдың 10-11 ақпаны күндері Сиваштағы күшті дауыл кезінде Сиваштың тұзды суық суында ұйқысыз тыным көрмей 22 сағат жұмыс істеді. Жалғыз өзі тоған арқылы вагонеткамен 500 метр қашықтыққа 13 тонна оқ-дәрілерді жеткізді, соның 5 тоннасын өміріне қауіп төнгеніне қарамастан жауып тұрған зеңбірек оғының астында тасып шығарды» - деген жолдарды оқығанда жүрегімізді мақтаныш сезімі биледі.
Бұл - марапаттау қағазындағы бір ғана жол. Осы ерлігінен кейін 21.03.1944 жылы атамыз "Қызыл жұлдыз" орденімен марапатталыпты. Ал, 1945 жылдың 26 наурызында үшінші Белорус майданының 44-ші атқыштар корпусы құрамаларына шығырылған №63 бұйрыққа сәйкес, 886-шы жекелеген сапер батальоны бойынша бөлімше командирі, кіші сержант Бижанбеков Закен "Екінші дәрежелі Отан соғысы" орденімен марапатталған.
Марапаттау парағында жауынгерлік ерлігінің қысқаша мазмұны берілген: "Немістердің Шығыс-Пруссиядағы топтарының көзін жоюға жасалған шайқастарда жолдас Бизамбеков өзінің тәжірибелі, ержүрек жауынгер екенін көрсетті. Бенкенвальд Хассельпуш ауданында немістердің қорғаныс шебін бұзу кезінде және жауды жағалауға ығыстырудағы өлім таяғын соққан ұрыстарда жолдас Бизамбеков 58 минаны залалсыздандырып, жолдың 5 шақырымын миналардан тексеріп шықты. Хаилигенсбаиль қаласына батыл шабуыл жасаған уақытта жолдас Бизамбеков шабуыл белгісі бойынша бұзып-жарып, жаудың траншеясына түсіп, қоян-қолтық ұрыста 7 гитлершілдің көзін құртты және немістерді қуа отырып, қала шетіндегі кварталға баса көктеп кірді. Үйлерді оқшаулауға тиісті ұсақ топтардың құрамында әрекет ете отырып, жолдас Бизамбеков алғашқылардың бірі болып үйде отырған гитлершілдерді қуып шықты. Жаудың жағаға жармасқан шабуылына тойтарыс бере отырып, жолдас Бизамбеков өз автоматымен 4 немістің көзін жойды, сөйтіп үйлерді босатып, бекінуге мүмкіндік туғызды» - деп атамыздың ерлігін нақты көрсеткен екен 886-шы жекелеген сапер батальонының командирі подполковник Прокофьев.
Соғыс жылдары үш рет жарақат алған. 1943 жылы 18 тамызда және 1944 жылы жеңіл жараланған. Украина, Беларусь елдерін жаудан азат ете отырып, жолдағы Польша, Румыния, Чехословакия, Шығыс Пруссия шекарасын өтіп, Латвияның Каунас қаласын жаудан босатарда, бұл 1944 жылы қыркүйектің 21 күні түнгі сағат 2-лер шамасында, неміс-фашист басқыншыларының құрған минасы жарылып, бастан жарақат алған. Екі көзі күйіп, көрмей қалады. Жарты айдай "Полевой госпитальда" емделіп, табан жолын көрген соң Каунас қаласындағы "Армейский госпитальда" екі айдан астам уақыт емделген. Көзі жазылған соң қайта соғысқа аттанған. Берлинді азат етуде, Жоғарғы Бас қолбасшы И.В.Сталиннің бұйрығымен 1945 жылы мамырда "Отан қорғаудағы мінсіз қызметі" үшін медалімен, Алғыс хатпен марапатталған екен. Отанымыздың игілігіне адал қызмет көрсеткені үшін маршал И.Коневтың қолы қойылған Алғыс грамотаға ие болыпты.