Қайрат Нұртастың өкілі Шымкентте түсірілген атышулы видео жайлы пікір білдірді

02 Шілде, 20:02
57
Қайрат Нұртастың өкілі Шымкентте түсірілген атышулы видео жайлы пікір білдірді -

Желі қолданушылары қазақстандық танымал әнші Қайрат Нұртасты Шымкентте ән айтып тұрған видеосынан кейін сынап тастады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ролик Шымкентте маусым айының соңында түсірілген. Бұл концерттік бағдарламада әнші "Сенің туған күнің" әнін орындаған. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралған видео кадрларынан оның нотадан ауытқығанын байқауға болады.

Қолданушылар бұл видеодан кейін әншіні сынай бастады. Кейбірі "дұрыс ән айтпаса да, гонорары 15 мың доллар" екенін, ал кейбірі даусының қарлығып қалғанын айтқан.

Әншінің арт директоры Мира Келімбетова бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Tengrinews.kz тілшісіне ол Қайрат Нұртастың сахнада жүрген 12 жылында вокал конкурстарына талай қатысқанын, жанды дауыста талай жеке концерт өткізгенін айтты.

"Шынымды айтсам, мұндайға қатысты пікір білдіргім де келмейді. (...) Бір қаскөйлер оның атын қаралағысы келеді, бірақ оған бола көңілімізді түсірмейміз. Құдай көріп тұр. Қайрат осыған дейін жанды дауыста ән салған да, салып жүр де, салады да. Біреулер хайпты ақшаға, ал біз тегін жасаймыз", - деп пікір білдірді әншінің өкілі.  

Белгілі әнші Сәкен Майғазиев Қайрат Нұртас түсірілген бұл видеоға қатысты өз ойын айтты. Оның пікірінше, әнді айта алмайды деп кінә тағу ағаттық болып саналады. 

"Мұндай жағдай бес-алты жыл бұрын Витастың өмірінде болған. Оны да біреулер дәл осылай жазғырған. Негізі фонограммамен аппаратураның мүмкіншілігі аз кезде айтады, кейде телевизиялық бағдарламалар өз талабы мен өтініші бойынша", - деген әнші сахнадағы жағдайдың қалай болғанын түсіндірді.

Майғазиевтің айтуынша, фонограммамен айтқан кезде зор дыбыстан өз даусыңды естімейсің. 

"Әзіл бағдарламаларда құлағына құлаққап тағып қойып, қатысушы өз даусын естімей тұрса нота түгілі не айтып тұрғаныңды да естімеуің мүмкін. Қайроштың жанды дауыста ән айта алатынын барлығы біледі. Бірақ сол бір жағдайда сонша сеніп отырғызған дыбыс режиссерлерінің сатқындығы деп айтуға болады. Бүкіл Азия, Ресей, Қытай мойындаған Витастың өзін солай мазақ еткен болатын. Алайда Витастың әншілігіне ешкім күмән келтірмейді. Тура сол мәселе Қайраттың басынан өтті. Бірақ көп адам техника жағын түсіне бермейді. Қайратты әріптесім болғандықтан жақтағаным емес, ондай жағдай кез келген профессионал әншінің басынан өтуі мүмкін. Себебі алдыңғы монитор дыбысы қатты болған кезде нотадан ауытқу жағдайлары әбден болуы заңдылық", - дейді ол.

Сондықтан, Майғазиев кез келген әншінің техникалық райдері болатынын айтады. 

"Техникалық райдерде айтылатын әннің барлық жағдайы қарастырылады. Бұл негізінен дыбыс режиссерлерінің қатесі, егер барлық талаптары қарастырылып, техника 100 пайызға дайын болса, Қайрат әнді жақсы орындап шыға алады. Мұны музыкадан сауаты бар адам біледі. Сол себепті дыбыс режиссерлерінің микрофонға жазылған дауысты қасақана видеомен қосып, таратуы адами қасиетке жатпайды", - дейді Сәкен Майғазиев. 

Ал өз басыңызда мұндай жағдай болды ма деген сұраққа Майғазиев "бәрі де мүмкін" деп жауап берді.


Қайрат Нұртасқа әкім Ғабидолла Әбдірахымов атақ тапсырып тұрған сәті. © instagram.com/kair_n

Еске салайық, 19 маусымда - Шымкент қаласы күніне орай 10 адамға Шымкент қаласының "Құрметті азаматы" атағы берілген еді. Солардың ішінде Қайрат Нұртас та бар. Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында қаланың бірнеше тұрғынына мәртебелі атақ беру туралы әкім Ғабидолла Әбдірахымовтың ұсынысын депутатар бірауыздан қабылдаған. 

Айта кетейік, Қайрат Нұртас 1989 жылы Түркістанда туған. 2018 жылы ол 10 жыл жасырған отбасын жұртшылыққа таныстырған еді.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (57)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц