Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
10 октября 2020 09:00

"Қазақстанда лотерея ойынының нүктесін қойдым". Ернар Айдар даулы істің мән-жайын айтты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Суреттер: www.instagram.com/ernaraidar_kz/ Суреттер: www.instagram.com/ernaraidar_kz/

Қазақстандық танымал әнші Ернар Айдар Жұлдыз FM эфирінде қонақ болып, карантиндегі шығармашылығы туралы айтты. Сонымен қатар, лотерея мәселесіне қатысты пікірін айтып, нүктесін қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Қазақстандық танымал әнші Ернар Айдар Жұлдыз FM эфирінде қонақ болып, карантиндегі шығармашылығы туралы айтты. Сонымен қатар, лотерея мәселесіне қатысты пікірін айтып, нүктесін қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Карантин біткен соң, ән кешін өткіземін"

Әнші эфир басында карантин кезінде немен айналысқанын айтты.

"Карантинде үйде отырған соң, Instagram желісінде түрлі видео түсірдік. Жұмыс та жоқ. Одан бөлек, спортпен айналыстым. Шығармашылық жұмысымда көптеген ізденіс болды. Көбіне отбасының жанында болуға тырыстым. Өйткені, бұрын үйде былай көп болмағанбыз. Үйімнің көп қыр-сырын көрдім, үй алдын тазаладым. Ер адам істейтін жұмыстарды істедім. Аулада қанша ағаш, қанша шөп бар екенін де жаттап алдым", - деп қалжыңдады ол.

Сонымен қатар, алдағы жоспарларын бөлісті. Өзінің айтуынша, ол енді бейнебаян түсірмек.

"Карантин біткен соң әр облысқа, ауылға барып, ән кешін өткізуді жоспарлап отырмын. Қазір жаңа әндерім шығып жатыр. Енді бейнебаян түсіру ойымда бар. Дәлірек айтқанда, "Кинодағыдай" деген әніме бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмыз. Арнайы кастинг жариялаймыз. Себебі бейнебаянға бұрыннан ойнап жүрген актрисаларды емес, ел арасында көріне алмай жүрген актрисаны алғымыз келеді. Сценарий 80 пайызға дайын", - деді Ернар Айдар.

"Орыс тілін меңгергім келеді"

Сондай-ақ, әнші алдағы уақытта кино түсіруді жоспарлап отырғанын айтты.

"4-5 жыл бұрын кино саласына кетемін деп айтып едім. Фильмді бастаймыз деп, оған "Сені ойлаймын" деген ат қойдық. Бірақ сәті келмеді. Елдегі жағдай жақсарып жатса, жаңа жылға дейін түгелдей шешеміз деп отырмыз. Қазір фильм сценарийі 40-50 пайызға дайын тұр. Әрі қарай сценаристермен жұмыс істеу керек. Кейін актер, актрисалар табу қажет. Сосын, әрине, қаржы мәселесі бар. Қаржы табылып жатса, бірден кірісіп кетеміз. Тыңдармандарым "Өміріңіздегі жағдайды түсірсеңізші" деп жатады. Бірақ менің өмірім қызық деп айта алмаймын. Оны енді көре жатармыз", - деді әнші.

Жүргізушілердің "Қазір не нәрсеге қызығушығыңыз оянып жүр?" деген сауалына Ернар Айдар орыс тілін үйренгісі келетінін мәлімдеді.

"Орыс тілін жақсы меңгергім келеді. Орысша білмейтінімнен ұялмаймын, ана тілім - қазақ тілі. Бірақ орыс тілін барлық жағынан түсінгім келеді. Бұған қызығушылығым карантин кезінде пайда болды. Себебі мені күйдірген нәрсе не? Құжаттың бәрі орысша, түсініксіз терминдер. Мен әдетте қазақша сөйлейтін адам әкеліп, маған түгелімен аударып отырсын деп талап етемін. Қазір тіл жағын қолға алып жатырмын, керек екен", - дейді ол.

"Мені алаяқ дейтіндер көп" 

Сондай-ақ, әнші көктемде болған лотерея дауына қатысты пікірін айтты. Ол лотерея ойнатпағанын, өзі де алданғанын тілге тиек етті.

"Негізі мінезім лотерея ойнатуға сай да емес. Ондай ойымда болмаған, өмірімде ондайды елестетіп те көрмегенмін. Соған қалай жабысып қалғанымды өзім де білмеймін. Қанша жерден маман болсаң да, өзіңе қатты сенімді болмау керек екеніне көзім жетті. "Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ". Иә, мен жаңылдым. Тыңдармандарым сияқты мен де алдандым. Бірақ іштей қынжылатыным - ұйымдастырушылар мені пайдаланып, маған сенген тыңдармандарымды алдап кеткені. Қазір Алматы қаласы Экономикалық тергеу департаментінде тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Біреулер Ернар қалай құтылып кетті деп ойлайды. Мен ұйымдастырушылардың ойын білген жоқпын, тек жарнама жасадым. Тергеуге барғанда да бар шынымды айттым. Сөйтіп, мені босатып жіберді. Бір күн сонда жатып, карантин режимін бұзғаным үшін айыппұл төлеп шықтым. Қазір мені куәгер ретінде шақырып тұрады", - деді Ернар Айдар.

Әншілер үстінен жазылған арыз: тергеу қалай жүріп жатыр? 

Әнші қазір желіде оны алаяқтар деп атап, от салып жүргендер бар екенін айтты.

"Билет сатып алған жігіт былай жазыпты: "20 мың теңгеге билет алдым. Сол 20 мың теңге керек те емес, бастысы еңсеңді түсірмеші. Әніңді шырқашы, біз сенен хит күтеміз. Бізге сол баяғы Ернар керек" депті. Бірақ мені қарғап, алаяқтар деп жазатындар бар. Парақшасына кірсең, суреті жоқ, мәліметі жоқ. Олар жазады да, ортаға от салып жібереді. Қазір бәрінің алдында ақтала алмайсың. Қандай ниетте болғанымды Алла көріп тұр. Сол үшін іштей сабыр сақтаймын", - дейді ол.

Сонымен қатар, Ернар Айдар осы даудан кейін елдегі лотереяға нүкте қойғанына қуанатынын жеткізді.

"Көп адам лотерея ойнатса да, неге сен көзге түсіп қалдың?" деп сұрайтындар бар. Бұл мені де мазалайды. Қазақта "Қойдың құлағаны емес, түйенің сүрінгені көрінеді" деген керемет сөз бар. Бұл да маған берілген сынақ шығар. Неге мен ғана көрінгенімді түсінбеймін. Бір жағынан қуанатыным - мен бүкіл Қазақстан бойынша лотерея ойынының нүктесін қойдым. Мен дауға қалғаннан кейін ешкім лотерея ойнатпайтын болды ғой. Тағы бір қуанатыным - тыңдармандарымның маған деген сүйіспеншілігі еселеп артты. Мақұл, билет алған кісілер ызаланып жатқан шығар, бірақ олардың да біразы маған тілектерін айтып жатыр", - деді әнші.

Еске салайық, 24 сәуірде әнші Ернар Айдар және 12 адам тікелей эфирде ұтыс ойынын ойнатып, карантин режимін бұзғаны үшін ұсталғаны хабарланған. 

29 сәуірде әншінің өзі ұсталуына қатысты пікір білдіріп, ұтыс ойынын ұйымдастырушының бәрі қамалғанын хабарлады

"Сол ұтыс ойынын ұйымдастырған ұйымдастырушының барлығы қамалды. Қазір Алматы қаласы экономикалық тергеу департаменті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сол тергеу жұмыстарының әділ өтуіне мен де өз тарапымнан көмегімді беріп жатырмын. Сол тірлікке жарнама жасаймын деп, мен де алданып қалдым, ағайын", - деген еді әнші. 

Кейіннен әнші Аман Тасығанның TalkLike бағдарламасында оқиғаның мән-жайын айтты. Ол ұйымдастырушылар ойынға кепіл ретінде ұсынған лицензияның рас-өтірігін де тексермеген болып шықты. 

"Соны толық танысып, мен оқымадым. Мен сендім. Сенгенім соншалық, үйдегі ата-анам бұл жайлы білмейді, Талғат ағам "Қойсай, бұл өтірік шығар" деді. Мен аналарға сеніп қалғаным соншалық Талғат ағамды да сендіріп жібердім ғой. Сосын менің атымнан олар қайырымдылық жасаған. Ол видеоны да көрсетіп жатты. (...) Қазір қарап отырсам, барлығы ұйымдастырылған екен", - деген еді әнші. 

Сондай-ақ, таяуда әнші ойын ұйымдастырушыларына өзі де сеніп, алданып қалғанын айтқан еді. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.32   490.7   4.78 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети