Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
04 июля 2019 13:04

Мейрамбек Бесбаев "МузАРТ" тобын не үшін таратқысы келгенін айтты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Белгілі әнші Мейрамбек Бесбаев TalkLike YouTube-жобасында "МузАРТ" тобын тарату туралы ойы болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Белгілі әнші Мейрамбек Бесбаев TalkLike YouTube-жобасында "МузАРТ" тобын тарату туралы ойы болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Оның пікірінше, Қазақстандағы топтардың деңгейі өспей қалуына "МузАРТ" кінәлі болған.

"Қазақстанның ішіндегі топтардың деңгейі өспей қалды. Бірақ Мақсат кеткен кезде тыңдарман біртүрлі болып қалды, ал Кенжебек келген соң қайтадан көңілдері орнына түсті. Оның үстіне енді тарап кетсек, мүлде көңілдерін түсіріп тастаймыз ба деп, соншама махаббатты далаға тастай салғандай болмайық деп, тарамадық", - деді ол.

Бесбаев неге тарау керек деген ойға келгенін де түсіндірді.

"Қазақстанды аралалап, жан-жаққа барған кезімізде бәрі "Біздің "МузАРТ" деп қарсы алады. Бізден кейін топ болып құрылған "Жігіттер" бар, "Каспий", "Жалын", "Ғарыш" сияқты топтарды біз өсірмей қойдық. Бәсекелестік болмай қалды. Зиянымыз тиді. Тарасақ, басқа топтардың бағы ашылатын шығар деген ой болды", - дейді ол.

"Халықтың назары соларға ауа ма екен деп "МузАРТ"-тың ізбасарларын дайындадық. Бірақ бәрібір халық біздің тарамағанымызды қалайды екен. Біз барда қаншама шығып жүрген топтар бәсекелестікке шыдай алмай, тарап кетіп жатты. Қаншама топтар бәсекелестікке шыдай алмай тарап кетіп жатыр. Топтардың өспеуіне біз себепкер болдық па деп қорықтық. Біз қазір сыйластықтың басқа деңгейіне көштік. Жас кезімізде арамызда конкуренция бар еді, лидер болуға, алға ұмтылуға тырысатынбыз, ал қазір ағайын болып, қатты араласып кеттік, сондықтан "МузАРТ" қашан тарайтынын құдай біледі", - дейді ол.

Сондай-ақ, сұхбатында ол Аман Тасығанның "Неге Димаш Құдайберген немесе Ержан Максим сияқты отандық әншілер шетелге барып қана өз бағасын алады?" деген сұрағына жауап берді.

"Димаш о бастан Қазақстанға сыймай тұрған бала екені көрініп тұрған еді. Қанымызға сіңіп қалған бізде өлгеннен кейін сыйлау, болмаса шетелге шығып кеткеннен кейін барып "біздікі" дегенді жақсы көретін халықпыз. "Кеше ғана өнер адамдары сол Димашты сынаған едіңдер, енді басқаша сөйлеп қалыпсыңдар" дейтіндер көп. Өз басым Димаш жайлы ешқашан жаман пікір айтып көрмегенмін. Бірақ сол Димаштың суретін салсам, маған да солай пікір жазып қойыпты. Сондықтан, сондай көрермен бар кезде әрине ол өз бағасын ала алмайды. Бұл тұста талғам кінәлі шығар, өйткені Димаш айтатын өлеңдер Қазақстанда өтпей қалады", - деген әнші Димаштың диапазонын музыканттар мен әншілер түсінсе де, тыңдарман түсінбегенін айтты.

Оның пікірінше, Қазақстандағы тыңдарман Димаштың деңгейіндегі өлеңдерді тыңдай алмайды.

"Сондықтан өз бағасын ала алмаған шығар. Димаштың диапазонына арналған әндер жазылуы керек. Оған ән жазатын композиторлар туды ма, тумады ма. Жалғыз Ұлықпан (Жолдасовты айтады - Авт.) шырылдап жазып жүреді. Оның өзі маған шынымды айтсам ұнамайды. Димаш айтатын әндер емес. Қазір шетелдің белгілі әндерін айтып жүр. Ал репертуарына келгенде "Шіркін, қазақтың осы әнін Димаш айтты" дейтіндей бір ән таппай жүр ме деп ойлаймын. Біз әлі де болса Димашқа көмектесе алмай жатырмыз. Композиторлар әндерін ұсынбай жүр ме, әлде оның өзінде де уақыт жоқ шығар. Бірақ қазір жаза алмаса да, біздің ата-бабаларымыз айтып кеткен "Құсни - Қорлан" бар, басқа да мықты әндер бар, соларды неге айтпайды екен деп кейде ойлап қаласың. Ақыры қазақтың атын бұрқыратып танытып жатыр. Сонымен бірге қазақтың әні де шырқаса екен деп армандайсың", - дейді ол.
 
"Баяғыда Біржан әнші Абайдың "Біржан-ау, өзіңдей қазақта енді әнші тумас" деген сөзіне "Мен сияқты талай әнші дүниеге келеді, бірақ сен сияқты тыңдарман келе ме, келмей ме" деген сөзі бар. Димаш тыңдарманның деңгейін кішкене көтерді деп ойлаймын. Біздің тыңдарманды бірақ басқа да әншгілер жан-жақтан тартып жатыр. Тартыс болып жатқан сияқты. Айналып келгенде әлемдік деңгейдегі әнші әлемдік әндерді айтып, сол жақта жүруі керек сияқты. Димаш сол жаққа барып, құдай бағын жақты. Әйтпесе осы жақта жүре берсе, осы күнге дейін болған Димаш сияқты бағаланбай жүре берер ме еді", - деген ойын айтты Бесбаев. 

"МузАрт" тобы 2001 жылы пайда болды. Топ құрылғанда ұжым мүшелері Мейрамбек Бесбаев, Мақсат Базарбаев және Сәкен Майғазиев болған. Кейін Базарбаевтың орнына Кенжебек Жанәбілов келген.  М "музыканы білдіреді" УЗ - "ежелгі түрік тілінен аударғанда - қарапайымдық, ал "АРТ" таудың шыңын бейнелейді. Ұжым вокалистері "Дарын" Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети