Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
19 декабря 2019 17:51

"Ол қателеседі". Өнердегі әріптестері Димашты сынаған Есболат Беделханға жауап берді

ПОДЕЛИТЬСЯ

"Орда" тобының әншісі Есболат Беделхан 13 желтоқсанда Facebook желісіндегі парақшасында Димаш Құдайбергенге қатысты пікір білдірген болатын. Онда ол әншінің "бекер домбыра шертетінін" айтқан. Әншінің бұл жазбасы желіде әлі күнге дейін қызу талқыға түсіп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі "Орда" тобының солисінің жазбасына қатысты қазақстандық танымал тұлғалардың пікірін білді. 


"Орда" тобының әншісі Есболат Беделхан 13 желтоқсанда Facebook желісіндегі парақшасында Димаш Құдайбергенге қатысты пікір білдірген болатын. Онда ол әншінің "бекер домбыра шертетінін" айтқан. Әншінің бұл жазбасы желіде әлі күнге дейін қызу талқыға түсіп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі "Орда" тобының солисінің жазбасына қатысты қазақстандық танымал тұлғалардың пікірін білді. 

Дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали Есболат Беделханның бұл жазбасын оқығанын, алайда ештеңе түсіне қоймағанын айтты.  

  "Ол әркімнің өзінің пікірі ғой. Менің оған ешқандай қарсылығым жоқ. 

Димашқа келетін болсақ, оның іс-әрекетін дұрыс деп есептеймін. Домбыра қалай болғанда да әлемдік сахнаға шығуы керек. Мен әлемнің түкпір-түкпірін аралап жүрмін. Домбырамен әлемді аралап жүрген басқа да өнерпаздар бар. Бірақ Димаш сияқты әлемге танылған әнші бізде жоқ. Сондықтан Димаш арқылы қазақтың әні де, үні де, күйі мен ұлттық аспабының да шығуын құп көремін. Өз басым оны дұрыс деп есептеймін және оны қолдаймын", - дейді Ерлан Рысқали. 

Дәстүрлі әншінің айтуынша, Димаштың домбыра тартуы мен кәсіби мамандардың домбыра шертуін салыстыруға келмейді. 

"Есболат бауырымның жазбасын оқыдым, бірақ түсінбедім. "Не үшін олай жазды?" деп ойлап қалдым. Мүмкін кәсіби биік деңгейге шығуы керек дегенді аңсап отыр ма екен. Бірақ Димаштың домбыра ойнауы да маман күйшілермен салыстыруға болмайды. Мүмкін Есболат осыны меңзеді ме деп ойлаймын. Егер сондай ниетпен жазған болса, ол қателеседі. Димашқа кәсіби домбырашылардың деңгейінде қарауға болмайды. Ол әлем сахнасына бізде осындай өнер бар дегенді былайша айтқанда жарнамалау әрекетін көрсетіп отыр" - дейді әнші.

   Ал продюсер Алуа Қонарова әркімнің жеке пікірін білдіруге құқығы барын алға тартты. 

"Ол тек өз ойын айтты. Оған толық құқығы бар. Бірі Димашты ұнатады, бірі тіпті оған сахнаға қазақтың шапанымен өнер көрсетіп қажеті жоқ деп ойлауы мүмкін. Ол тек бір адамның пікірі. Оны талқылап та қажеті жоқ секілді. Қазақтың әні әлем сахнасында шырқалғаны маған ұнайды. Меніңше, Димаштың істегені дұрыс.

Себебі өнер адамы ән айтқанымен қатар ұлттық аспаптарда ойнай білсе, оны әлемдік деңгейдегі концерттерде көрсетуге толық құқығы бар деп есептеймін. Осы арқылы шетелдіктер біздің ұлттық өнерімізбен танысып, қазақ өнерінің түп тамыры қайда жатқанын біледі", - дейді продюсер.

Ал әнші Абай Бегей Беделханның пікірімен келіспейтінін жеткізді. 

"Димаш қазақтың қара домбырасын танытқанына ризамын. Ол - ғасырда бір рет туатын азамат. Жалпы Есболаттың айтқанына қосылмаймын. Сол себепті бос әңгіме керек емес деп есептеймін. Димаш домбыраны көрсетпесе де Димаш болып танылған. Ал домбырамен өнер көрсеткені нұр үстіне нұр болды", - дейді әнші. 

Еске салайық, 10 желтоқсанда Нью-Йорктегі (АҚШ) Barclays Center аренасында Димаш Құдайбергеннің Arnau Tour Envoy концерті өткен еді. Димаш Arnau шоуының үздік сәттері енген, онда ол жаңартылған Arnau tour ENVOY бағдарламасын ұсынды.

Barclays Center - Jay-Z, Бейонсе, Мадонна, Рианна, Пол Маккартни мен өзге әлемдік жұлдыздар өнер көрсеткен Нью-Йорктегі әлемге әйгілі сахна. Димаш Құдайберген осы алаңда өз концертін берген тұңғыш қазақстандық орындаушы болып отыр.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети