"Сұхбат беріп көрмеген". Атамбаевтың істі болып жатқан әйелі кім?

16 Тамыз, 17:38
1
"Сұхбат беріп көрмеген". Атамбаевтың істі болып жатқан әйелі кім? - © 24.kg
© 24.kg

Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың әйелі Раиса Атамбаева қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қылмыстық іс президент аппаратының сот реформасы және заңдылық бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Манас Арабаевтың ісі аясында қозғалған. Бұл туралы Атамбаева бүгін ұлымен бірге Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне барған кезде айтқан. Tengrinews.kz тілшісі Раиса Атамбаева жайлы және оған қандай айып тағылғанын анықтады.

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, Раиса Атамбаева 1958 жылы 25 маусымда Татар Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасында дүниеге келген. Орта мектепті бітіріп, Қырғызстандағы медициналық институтқа түскен. Мамандығы - дәрігер, медицина ғылымдарының докторы. Бастапқыда Раиса Атамбаеваның отбасы Татарстанда тұрған, кейін ғана Қырғызстанға көшіп келген екен.

                             © 24 kg

1988 жылы Алмазбек Атамбаевқа тұрмысқа шыққан. Айта кетейік, Атамбаевтың бұл екінші некесінен Қадыр мен Әлия есімді балалары бар. Бірақ, дереккөздерге сүйенсек, Раиса Атамбаева БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп көрген емес. Той-жиындарға аса бара бермейді екен, үйде бала тәрбиесімен айналысады дейді.

Қандай айып тағылып отыр?

Биыл 2 шілдеде жергілікті "Ала Тоо 24" телеарнасы жүргізген тергеу мәліметтеріне қарағанда, Атамбаева Бішкекте рейдерлік әрекет жасаған болуы мүмкін. Кезінде қытайлық бизнесмен соққан ғимаратты Қырғызстанның бұрынғы депутаты Рустам Маманов пен кәсіпкер Рустам Воинов тартып алған делінеді. Айтуларынша, оларға жоғарыда отырған судьялар мен президент аппаратының (Атамбаев президент болған кезде) адамдары қолдау көрсетіп отырған.

Ал Раиса Атамбаева бұл қылмысқа қатысы бар деуге негіз болған адам президент аппаратының сот реформасы және заңдылық бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Манасбек Арабаев екен. 

Манас Арабаев деген кім?

Қырғызстандық БАҚ-тарға сүйенсек, Манас Арабаев Атамбаевтың кезінде елдегі сот жүйесін басқарған. Депутаттар оның аса ауыр қылмыстар кезінде, әсіресе саяси істерді шешу кезінде тапсырмалар беріп отырғанын айтады. Осыған байланысты Манас Арабаевты биыл 3 маусымда ұстаған. Ұстала салысымен ол Раиса Атамбаева мен оның ұлына қатысты мәлімдеме жасап, елдегі қылмыстарға қатысы бар екенін мойындаған.

                                    Манас Арабаевтың 3 маусымда ұсталған сәті.©24.kg

"Бетпе-бет көріскенде барлығын растай аламын. Олармен көріскім де келмейтін. Бірақ мәжбүр болдым. Атамбаеваның өзі SMS-хабарламалар жіберіп тұратын. Соңғы кездесуімізде әңгімеміз жараспады, олар маған қоқан-лоқы көрсетті", - дейді сұхбаттарының бірінде Манас Арабаев.

Осылайша Арабаев қазір шетелдік инвесторларға қатысты рейдерлік әрекеттер мен жемқорлық жасады деген күдікпен қамауда отыр.

Атамбаеваның өзі не дейді?

Раиса Атамбаеваның өзі оған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын бүгін ғана білгенін айтады. Айта кетейік, бүгін Қырғызстанның бұрынғы президентіне қатысты бұлтартпау шарасын тағайындау мәселесі бойынша Бішкек қалалық сотында отырыс өтті. Нәтижесінде судья Атамбаевты 26 тамызға дейін тергеу изоляторында қалдыру туралы үкім шығарды.

"Арабаевтың ісі аясында бүгіннен бастап маған қарсы қылмыстық іс қозғалғанын жаңа ғана білдім. Мен судьялардың ісіне ешқашан араласпағанымды айтқым келеді, саясат лас іс екенін білетінмін, сондықтан оған араласпауға тырыстым. Мен тіпті бір де бір судьяны танымаймын", - деді Атамбаева журналистерге.

          Алмазбек Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев пен Раиса Атамбаева. © Tengrinews.kz

Сондай-ақ, экс-президенттің әйелі қазіргі билік өкілдерінің оны және жақындарын жаппай қудалап жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, таяуда белгісіз біреулер тұңғыш ұлы Сейітбек Атамбаевты ұрып-соққан. Нәтижесінде баласы қазір гипспен жүр.

"Сұмдық жағдай болды. Ұлымызды ұрып-соғып кетті. Онымен қоймай, күнде Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне жауап алуға шақырады. Жолдасымның туысына қатысты тағы екі қылмыстық іс ашыпты. Тіпті олардың үйлеріне баса-көктеп, ешбір ескертусіз кіріп келген. (...) Өзіміздің жалғыз үйіміз бар. Оны таяуда бізден тартып алып, баспанасыз далада қалып қалсақ таңғалмаймын ", - дейді Раиса Атамбаева. Айтуынша, Қой-Ташта өздері салған үйге кіре алмай отыр.

"Кезінде биліктегілер балаларға тимейтін"

Бұдан бөлек, бүгін МҰҚК ғимаратында экс-президенттің әйелі Қырғызстанның қазіргі президентін айыптап, мәлімдеме жасады.

"22 жыл бойы бізбен жүрді, Алмазбек Шәршенұлының қасында болды. Үйімізге де келіп тұрды, отбасымызды біледі, адалдық, достық жайлы айтып жүретін. Енді бұл сөздердің барлығы жоққа шығарылып отыр. Достық жайлы, Алмазбектің осыған дейінгі бастамалары жалғасатыны жайлы сөздердің барлығы бос болып шықты. Ендігі кезекте халқымен, біздің отбасымен, бұрынғы әріптестерімен не істеп жатқаны жайлы ойлансын. Халық алдында қалай көрінетінін ойлансын. Бұрындары биліктегілер ешқашан да қарсыластарының әйелдеріне, балаларына, отбасына тимейтін", - деді Раиса Атамбаева мәлімдемесінде.

                                    ©24.kg

Алмазбек Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесаревтың мәліметінше, бүгінде Атамбаевтың 14 қылмыстық іске қатысы бар. Ол құқық қорғау органдары өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық, адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу, жаппай тәртіпсіздік, тергеу жұмыстарына кедергі келтіру, биліктегілерге қоқан-лоқы көрсету, заңсыз қару пайдалану деректері бойынша айыпталып отыр. Сондай-ақ, адвокаттың айтуынша, Атамбаевқа Қой-Ташта жер учаскелерін заңсыз тартып алып, өзіне зәулім үй салып алды деген айып тағылды.

Атамбаев Қырғызстанды 2017 жылдың қарашасына дейін басқарған болатын. Ол заң бойынша енді өзінің кандидатурасын ұсына алмағандықтан, орнына Сооронбай Жээнбеков лайықты екенін айтқан, сөйтіп 2017 жылы Жээнбеков сайлауда жеңіске жеткен. Көп ұзамай бұрынғы және жаңа президент арасында жанжал шығып, Атамбаевтың сыбайластары тұтқындала басталды.

Енді Атамбаев 26 тамызға дейін тергеу изоляторында болады. Бұл туралы журналистерге Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев айтты.

Оқи отырыңыз:

Алмазбек Атамбаевтың алты баласы қайда жүр?

"Террорист емеспін" деген Атамбаевқа қандай айыптар тағылған

Атамбаевты ұстауға талпыныс: Оқиғаның хронологиясы

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц