Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
08 ноября 2021 16:50

АҚШ-қа көшетіндер неге көбейді? PepsiCo-да жұмыс істейтін қазақпен сұхбат

ПОДЕЛИТЬСЯ

Асхат Сейтенов, PepsiCo корпорациясының аға инженері Асхат Сейтенов, PepsiCo корпорациясының аға инженері

Қазақстандық Асхат Сейтенов Нью-Йорктегі PepsiCo трансұлттық корпорациясында жұмыс істейді. АҚШ-қа 2016 жылы келген ол Tengrinews.kz тілшісімен сұхбаттасып, америкалықтардың Қазақстанға деген көзқарасы және дарынды қазақстандықтардың неге мұхит асып жатқанын түсіндірді. 


Қазақстандық Асхат Сейтенов Нью-Йорктегі PepsiCo трансұлттық корпорациясында жұмыс істейді. АҚШ-қа 2016 жылы келген ол Tengrinews.kz тілшісімен сұхбаттасып, америкалықтардың Қазақстанға деген көзқарасы және дарынды қазақстандықтардың неге мұхит асып жатқанын түсіндірді. 

АҚШ-тағы алғашқы қадам және қиындық

Асхат Алматы қаласында туған, жасы 28-де, бойдақ. Бүгінде ол PepsiCo халықаралық корпорациясында Сапаны бақылау бөлімінің аға инженері болып жұмыс істейді. Сейтеновтің айтуынша, бұл жұмысқа тұрудың машақаты көп болған.

"Осыдан 5 жыл бұрын ІТ мамандарына арналған МВА бағдарламасы бойынша Нью-Йоркке арман қуып келдім. Алғашқыда қатты қиналдым, себебі жиған-терген қаражатымның барлығы оқудан артылмады. Жүріс-тұрыстың қамымен қосымша бірнеше іспен айналысуға мәжбүр болдым. Жұмыс істеу үшін ресми рұқсаттама болмаған соң, даяшының көмекшісі болып, 12-14 сағатқа дейін үй бетін көрмейтінмін. Дәл осылай демалыссыз 3 жыл еңбек еттім", - деп сөзін бастады ол.    

PepsiCo немесе жұмысқа тұрудың тиімді жолдары

Асхат Сейтенов оқуын аяқтағаннан кейін Америкадағы ең мықты деген корпорациялардың есігін қақты. Дәл сол сәттен бастап оның өмірі күрт өзгереді.  

"Америкада Hire to Тrain модулімен жұмыс істейтін компаниялар бар. Олар жұмыс іздеушінің тәжірибесін бағалап, арсеналында жоқ кәсіби қабілетті шыңдайды. Осы жобаға қатысып, іріктеуден өттім. Кейіннен бірнеше алып компанияға түйіндемемді жіберіп, бағымды сынап көрдім. Жолым болып, PepsiCo компаниясынан шақырту алдым. 4 кезеңнен тұрған сұхбаттасудан өтіп, жұмысқа қабылдандым. Осы тұста кішігірім лайфхакпен бөліскім келеді. Әр сұхбаттасуға дайындық барысында өзім дайындаған презентацияларды GitHub платформасына жүктеп отырдым. Дәл осы тәсілдің арқасында өзге үміткерлерден озып, өзімнің мүмкіндігімді толық көрсетуге мүмкіндік алдым", - дейді Асхат.

Алып компаниялардағы вундеркиндтер туралы

Асхат жұмыс бабымен әлемнің ең мықты деген ұжымдарымен серіктестік орнатып, тәжірибе алмасады. Оның айтуынша, ондағы қызметкерлердің қазақстандықтардан артықшылығы жоқ. 

"Өзімнің PepsiCo-дағы кейінгі жобамда IBM және Microsoft компанияларының қызметкерлерімен бірге істедім. Бүгінге дейін осындай атақты корпорацияларда тек вундеркиндер мен ғаламның ең дарынды адамдары жұмыс істейді деп ойлап келдім. Алайда бірнеше ай бірге қызметтес болғаннан кейін қателескенімді түсіндім. Олар да сіз бен біз сияқты қарапайым адамдар. Олар да біз жасаған қателіктерді жасайды, жалқаулыққа салынады, бір сөзбен айтқанда, еш айырма жоқ. Сондықтан баршаңызды ештеңеден қорықпауға және алдарыңызға үлкен мақсат қоюға шақырамын. Бәлкім, сіз Apple компаниясының болашақ жұлдызы шығарсыз, кім білсін", - деді ол. 

Америкадағы тіршілік неге GTA-ға ұқсайды?

Оның сөзінше, АҚШ-тағы өмір фильм мен сериалдардағыдай емес. 

"АҚШ-тағы өмір мен иммиграцияны GTA ойынына ұқсатамын. Саған арнайы тапсырма беріледі, оны сәтті орындауыңа байланысты балл қосылады, ал шалыс бассаң, түксіз қаласың. Жалғыз ғана айырмашылық чид-кодтың жоқтығында дер едім. Басқа түскен барлық ауыртпашылықты өзің ғана еңсересің. Өздеріңіз түсінгендей, менің әлі мұндағы миссиям аяқталған жоқ. Егер салмақтырақ айтатын болсақ, Америкада өмір сүру қиынның қиыны. Тек иммигранттар үшін ғана емес, америкалықтардың өзі де басын қай тасқа соғарын білмей жүреді. Фильмдерден көретініңіздің барлығы шындыққа сай келе бермейді, десе де, кез келген ортада өзінің оң және теріс тұстары бар ғой. Мен көргенімді ғана айтып отырмын", - деді Сейтенов.    

"АҚШ-тың әр қаласы бөлек мемлекет" 

Ол Америка қалалары бір-біріне үқсамайтындығын алға тартып, ондағы қалалардың ерекшелігіне тоқталды. 

"АҚШ-тағы өмір әртүрлі, оның әр қаласы өзінің тәртібімен және құндылығымен ерекшеленетін бөлек мемлекет дерсіз. Нью-Йорк күн демей, түн демей үнемі қозғалыста. Қазақстанмен параллель жасайтын болсақ, Алматыдағы қарбаласпен салыстыруға болады. Тура сол кептеліс, сауда орталықтары мен мейрамханаларды толтырған адамдар, бір жаққа кешігіп бара жатқан мазасыз көлік жүргізушілері және тағы да басқа ұқсастықтары көп. Кейде үйден жұмыс істейтін менің өзім ештеңеге үлгермей жатамын. Тіпті, досыммен кездесу үшін күнтізбені ақтарып, белгілі бір күнді бекіту керек.

АҚШ-қа келгенде, ең бірінші, Нью-Йоркті таңдау керек. Неге? Өйткені мұнда жұмыс табу мүмкіндігі көп және кәсіби мамандарға кез келген жердің есігі ашық. Ал уақыт өткеннен кейін жаның қалаған қалаға көшуге болады. Өзіңді шығармашылық адамымын деп есептесең, Лос-Анджелеске барасың, қарбаластан шаршап, тыныш өмір сүргің келсе, Техасқа көшуге болады", - деді Асхат.

АҚШ - алаяқтардың отаны ма?

Сонымен қатар, ол АҚШ-тағы алаяқтарға да тоқталды. 

"АҚШ - алаяқтардың отаны. Сенің телефон нөмірің бүкіл әлемдегі алаяқтардың қолында бар, басқаша күнделікті келіп түсетін қоңырауларды түсіндіре алмаймын. Олар хабарласып, жоқ көлігімнің сақтандыру мерзімі аяқталғанын айтып отырады. Ал алаяқтарға сеніп, барынан айырылғандар аз емес. Бүгінге дейін олардың аяғын тұсап, нақты шара қолданылмай отыр. Не болса да нәтижесі өте нашар. Сондықтан аса сақ болғандарыңыз абзал", - дейді Асхат Сейтенов.   

"Борат туралы қалжыңды соңғы рет қашан естігенім есімде жоқ"

Кейіпкеріміз АҚШ-та әлі де нәсілдік дискриминация өршіп тұрғанын айтып, америкалықтардың Қазақстанға деген көзқарасының өзгергенін жеткізді. 

"Бір қуанатыным, нәсілдік дискриминацияның құрбаны болмадым. Осы күнге дейін ешкім намысыма тиген емес. Алайда азиялықтарды және афроамерикалықтарды мазаққа айналдырып, оларға эмоциялық шабуыл жасаған кездерді де білемін. Бұл "сары басылымдардың" ертегісі емес, рас. Сондай-ақ, америкалықтардың Қазақстанға деген көзқарасы өзгерді. Мұны байқамау мүмкін емес. Борат туралы қалжыңды соңғы рет қашан естігенім есімде жоқ. Қазір елімізді танытатын көптеген позитивті себептер бар. Оны менсіз де жақсы білесіздер", - дейді ол.   

Қазақстандықтар АҚШ-қа неге көшіп жатыр немесе заманауи көшпенділер кімдер?

Сейтеновтің сөзінше, қазақстандық талантты жастардың басым бөлігі Америкада жұмыс істегісі келеді. 

"Соңғы жылдары АҚШ-та жұмыс істеп жүрген қазақстандықтарды жиі байқап жүрмін. Олар тым көп және өте талантты қыз-жігіттер дер едім. Бұл тенденцияны былай түсіндіргім келеді. Бұл біздің қанымызда бар көшпенділер рухы деуге болады. Қорада жем таусылса, қазақ малын айдап, шырайлы жер іздеген. Бұл метафораны әркім әрқалай түсінуі мүмкін, бірақ шындықтан қаша алмаймыз. Әзірге дарынды қазақстандықтар үшін тиісті деңгейде жағдай жасалмай отыр, сол себептен олар шетел асып, дамудың жолын іздестіріп жүр", - деді ол. 

Алдағы жоспары және елге оралуы

Сондай-ақ, кейіпкеріміз әлеуметтік желі арқылы Қазақстандағы соңғы жаңалықтарды қалт жібермейтінін алға тартты. Ол елге әлі оралмайтынын айтып, алдағы жоспарын бөлісті.

"Таяуда дипломдық жұмысымды қорғап, киберқауіпсіздік саласының магистрі атанбақпын. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс істеймін. Келесі жылы мамандығым бойынша бірнеше тағылымдамадан өтіп, Tesla компаниясына жұмысқа тұруды көздеп отырмын. Менің ойымша, алдағы 10-20 жылдықта роботтардың келуімен жасанды интеллект көп адамды жұмысынан айырады. Сол себепті ұдайы білімді кеңейтіп, заман ағымынан қалып қалмауға тырысып жүрмін. Әзірше елге оралу ойда жоқ, өйткені өзімді әлі де толыққанды пісіп-жетілген маман ретінде есептемеймін. Белгілі бір жетістікке жеткеннен кейін Қазақстанға қайтып, осында жинаған тәжірибемді ел мүддесіне арнасам деймін", - деп сөзін аяқтады Асхат.

Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер Асхат Сейтеновтің жеке мұрағатынан

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.77   490.7   4.81 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети