Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
12 марта 2019 12:47

Бешбармақты жақсы көремін - Африкалық спортшы Мақтааралға қалай келгені жайлы

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Instagram © Instagram

Қазақстан - көптеген шетелдік үшін екінші үйге айналған мемлекет. Мұнда түрлі саланың мамандары жұмыс іздеп келеді. Әсіресе, елімізде легионер спортшылар көп. Ивуар футболшысы Драмане Коненің Қазақстанда ойнап жүргеніне сегіз жыл болған. Tengrinews.kz "Елге жол" атты жобасы аясында Драманемен әңгімелесті.


Қазақстан - көптеген шетелдік үшін екінші үйге айналған мемлекет. Мұнда түрлі саланың мамандары жұмыс іздеп келеді. Әсіресе, елімізде легионер спортшылар көп. Ивуар футболшысы Драмане Коненің Қазақстанда ойнап жүргеніне сегіз жыл болған. Tengrinews.kz "Елге жол" атты жобасы аясында Драманемен әңгімелесті.

"Туған жерім - Кот-д’Ивуар. Ол - өте кішкентай ел. Қазақстан аймақ көлемі бойынша менің елімнен бірнеше есе үлкен. Бізден шығатын какао мен кофе бүкіл әлемге тарайды. Жалпы, Кот-д’Ивуар - тыныш, бейбіт ел. Бірақ 2011 жылы ел ішінде саяси қақтығыс болған. Бұл соғыс бірнеше айға созылды. Өкінішке қарай, мыңдаған адам қайтыс болды. Ал қазір елімізде бәрі жақсы", - деп бастады ол әңгімесін.

Драмане шетелдік карьерасын Қазақстанда бастаған. Ол Африкадан Орта Азияға қалай тап болғанын айтып берді.

"Қазақстанға дейін тек өз елімде ғана ойнадым. 2011 жылы өзім ойнайтын академиямен бірге Антальяға жиын өткізуге барғанбыз. Бірнеше жолдастық матч ойнадық. Сол кезде агенттердің бірі мені байқап қалып, Түркияға жиын өткізуге келген қазақстандық клубтарға мені ұсынған екен.  Мені "Астана-1964" командасы жаттығуға шақырды, бұл командамен бірге бірнеше жолдастық матчқа қатыстым. Ұнаған болуым керек, команда Қазақстанға қайтар кезде маған келісімшарт ұсынды. Бірақ мен Қазақстанға бірден бара алмадым, виза жоқ болғандықтан біраз уақыт бойы Түркияда жүрдім. Сөйтіп, Стамбулға ұшып, Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне бардым да, елге виза алдым. Содан бері өмірім Қазақстанда өтіп жатыр", - дейді футболшы.

Жылы Африкадан келген оны Қазақстан суық ауа райымен қарсы алған.

"Қазақстанға Алматы әуежайы арқылы келдім, сол кезде бұл елдің суық екенін байқадым. Ал Алматыдан Оралға ұшып барғанымда Қазақстанның одан да қатты суық екенін көріп шошыдым", - дейді ол.

Драманенің айтуынша, ол елімізде өткізген сегіз жылында қазақтың ұлттық тағамдарын жақсы көріп кеткен. Ең ұнайтын тағамы бешбармақ екен.

Осы уақыт ішінде орыс тілін жетік меңгерген ол қазақша да аздап үйреніпті.

"Қазақша "Атың кім? Не істеп жатсың? Қайда тұрасың? Не болды? Нан бар ма?" деген сияқты тіркестерді білемін. Жалпы қазір тіл жағынан ешқандай қиындық жоқ", - дейді Коне.

Бірақ тіл білуі кейде оған кері әсерін тигізіп жатады екен. Драманенің айтуынша, оны көшеде көріп қалған адамдар көптеген сұрақтар қояды.

"Көшеде жүргенімде адамдар менің орысша, кейде сәл-пәл қазақша сөйлегенімді көрсе, мені қоршап алып, өте көп сұрақ қояды. Бұл сәл ұнамайды, - дейді спортшы. - Қазір көшеде адамдар "Қайдан келдің? Немен айналысасың?" деп сұраса, туриспін деп жауап беремін. "Орысша, қазақша білмеймін, тек ағылшынша сөйлеймін" деймін".

Африкалық футболшы Қазақстанда ұзақ жылдар бойы ойнап келе жатқан соң, отбасын да осы жақта құрған. 

"Жарымның ұлты - қазақ. 2015 жылы қаңтарда шаңырақ көтердік. Екі қызымыз бар - алты жасар  Ясмин (Yasmine) және үш жасар Отанция (Hortansia). Екеуі де Қазақстанда дүниеге келді", - дейді ол.

Драмане Коне қазір "Мақтаарал" футбол клубында ойнап жүр. Бұған дейін "Астана-1964" және "Каспий" командаларында доп тепкен. Бұл клубтардың бәрі де еліміздің төменгі лигасында өнер көрсетеді.

"Премьер-лигада ойнауды қалаймын, әрине. Бірақ қазір агентің болмаса, футбол ойнау қиын болып кеткен. Менің агентім жоқ. Қазақстанда жүргеніме сегіз жыл болды, осы уақыт бойы Бірінші лигада ойнап жүрмін. Бірақ маңыздысы - жұмысым бар. Осыған да шүкірлік етемін", - дейді Драмане.

Оның сөзінше, қазір Қазақстанда футбол жоғары деңгейге өсіп келеді. Бірақ оны одан сайын дамыту үшін не істеу қажет екенін айтты.  

"Астана" футбол клубының соңғы жылдардағы жетістігін бәрі де біледі. "Қайрат", "Тобыл" клубтары жоғары деңгейде ойнап жүр. Қазір олардың қатарына "Ордабасы" қосылды. Мұндай командалардың ойынын тамашалау қызықты. Құрамында шебер футболшылар бар, мақсаттары - тек жоғары орындар. Шынымды айтсам, Қазақстанда қазір еуропалық деңгейдегі клубтар көп. Енді клубтардың стадионын, инфрақұрылымын жөндеу керек. Сол кезде қазақстандық футбол  жаңа деңгейге көтеріледі", - деп ойымен бөлісті.


Суреттер футболшының жеке мұрағатынан

Қазақстанда бірнеше жыл ойнап, ел азаматтығын алған спортшылар аз емес. Бірақ Коне ел азаматтығын алу туралы ойламаған.

"Қазақстанда өткізген сегіз жылым аз уақыт емес. Дәл қазір Қазақстан азаматтығын алып, құрама сапында ойнау жөнінде ойланбаппын. Жас емеспін, 29-ға келдім. Алты-жеті жыл бұрын, Қазақстанның азаматтығын қуана қабылдар едім", - дейді ол.

Футболшы өзінің сүйікті спортымен айналыса бермек. Алдағы мақсаты - осы.

"Менің болашағым - футбол ғана. Өзімді болашақта басқа салада елестете алмаймын. Бірақ ертең не болатынын білмейсің ғой. Денсаулығым мүмкіндік беріп тұрғанда футбол ойнай беремін", - деп қорытындылады Драмане Коне.  

Автор: Есет Төлеш

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети