1. Главная
  2. Узнай
  3. Жизнь
  4. Фрагменты

"Екі әлем мен үшін таласты" - сирек кездесетін дертпен 10 жыл күрескен жас қаламгер 15 ноября 2021, 11:47

Алматылық Жәмиля Бахтиярқызы - жас қаламгер, журналист. Оның 21 жыл өмірінің 10 жылы аурумен күресумен өткен. Жақында ол "Бәйшешек" атты тырнақалды
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек
  • Нашли ошибку?

© Жәмиля Бахтиярқызының жеке мұрағатынан © Жәмиля Бахтиярқызының жеке мұрағатынан

Алматылық Жәмиля Бахтиярқызы - жас қаламгер, журналист. Оның 21 жыл өмірінің 10 жылы аурумен күресумен өткен. Жақында ол "Бәйшешек" атты тырнақалды алғашқы кітабын жарыққа шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

10 жасына дейін уайым-қайғысы жоқ, еркелеп өскен қыз аяқ асты ауыр сырқаттанып қалған.

"12 жасымда "миастения" диагнозы қойылды. Бұл бұлшықеттің әлсіздігі. 14 жасымда астанаға Кореядан шеберлік сағатын өткізу үшін дәрігерлер келді, осы кезде маған да ота жасалды. Сөйтіп, 16 жасымда өзіме келіп, күш жинай бастадым. 20 жасымда ауруымнан құлан-таза айықтым, жеңдім", - дейді ол. 

Жәмиля 10 мен 20 жас аралығында қатты есейгенін айтты.

"Сынақ адамды қатайтады екен. Бала болсам да өмірге деген өзіндік көзқарасым қалыптасты. 10 жылдың ішінде өмір жайлы көп ой түйдім. Құладым, сүріндім, сыналдым, ауырдым, әлсіредім. Бірақ келешек өмірге деген үмітім үзілген жоқ. Келешегімді аурумен ешқашан елестетпейтінмін. Үнемі күш-қуаты мол, денсаулығы мықты, өз мақсатына тайсалмай жететін тұлғаны елестеттім. 10 жылым арманмен, қиялмен, сеніммен өтті", - дейді қыз.

"Ауруды жеңдің" деген сәт

"Бала сынақтан жеңіл өтеді дейді. Себебі кішкентай кезде уайым аз болады екен. Қандай сынақ болса да, оған жеңіл қараймыз, күресеміз. Өмірге деген көзқарасымыз басқа болады, оны сүйеміз. Өмірдің бояуын басқаша көреміз. Сол үшін бала кезімде аурумен сыналғаныма шүкір", - дейді Жәмиля Бахтиярқызы. 

Кейіпкеріміз ауруды жеңуде ата-анасының қолдауы да зор болғанын айтты. "Жүрегінде перзенті үшін қаншама қорқыныш болса да көздегі мұңын, іштегі арпалысын көрсетпейтін. Олардың көзінде үнемі балам айығады-ау деген үміт болды. Анам аналық жылуымен емдесе, әкем сөзімен, құшағымен емдейтін. Ағайын-туыс, дос жаранның да қолдауы, сенімі зор болды", - дейді ол. 

Жәмиля Бахтиярқызы "Ауруды жеңдің" деген сөзді естіген сәтін баяндап берді.

"Дәл бір жыл бұрын Шымкентке көшерде Алматыдағы дәрігеріме көріне салайын дедім. Өзім де дәрі ішсем ағзам қабылдамай бастады, сауыққанымның бір белгілері болды. Тексеруден өткен соң дәрігерлер бұлшықеттеріңде ешқандай ақау жоқ, толық жазылдың деді. Сол кезде жанымда анам болған, әкем көлікте күтіп отырған. Мен көзіме жас келіп, анам да қуанғаннан өзін қоярға жер таппады. Түнімен қуанғаннан ұйықтай алмай, дұға жасадым. Бақыттан көзім жасқа малынып, көкірегімді белгісіз сезім кернеді", - дейді ол.   

"Бәйшешек" кітабы не туралы?

Жәмиля "Бәйшешек" кітабында ауыр күндерін баяндай келе түйген ойларын жазған.

"Өзімді әлсіз сезінген, ауырған, өз күшіммен тыныс ала алмаған әрбір күнімді сипаттай келе, сол сәттерде мені не алға қарай сүйреді, жігер, қуатты қайдан алғанымды осы кітабымда жаздым", - дейді жас қаламгер.

Кітаптың алғашқы беттерінде қайсар қыздың ауруханадағы өмір мен өлім арасындағы күресі сипатталады. Үзінді: 

"Жадымда сақталғаны - осы ғана. Біраз уақыт өтіп, қайта ояндым. Өзіме белгісіз, қараңғы, жат әлемде ояндым. Сол әлемнің кеңістігінде самғадым. Бойымды баураған әлсіздік, жанымды ашытқан дерт бір сәтте ғайып болды. Ол әлемде мені ешкім көрмейді, ал мен барлығын көрдім. Үзілген үміттердің, ізгі тілектердің, аңқау жүректердің арасында қалықтай ұштым. Ессіз жатқан адамдардың жүрек үнін тыңдадым. Ақ жүректер: "Өмір сүргім келеді" деп баяу болса да, үзіліссіз соқты. Бұл жер жансақтау
бөлімі еді.

Бір сәт жерге қайта түстім. Жоқ, жерге емес, талайды мәңгілік сапарға шығарып салған, талайды мәңгілік белгісіздік мекеніне - өмірге қайта аттандырған темір төсекке оралдым. Адамды өз қалауынсыз ұйықтатып тастайтын ащы дәрінің әсерінен болар, көзімді аша алмадым. Тағы да қараңғылық. Екі әлем мен үшін таласты, ал мен өмір үшін күрестім. Осындай күйде қанша минут, қанша сағат, қанша күн, қанша түн жатқаным белгісіз".

"Бәйшешек" - мотивациялық, рухани кітап. Ол Жәмиляның тағдыры бойынша жазылған. Оның үшінші бөлімі "Жеңіс" деп аталады. 

"Бәйшешек" кітабы мен үшін қоғамға, оқырманға, әсіресе мен сияқты сынаққа тап болған адамға үн тастау. Кітап арқылы өмірде ғажайыптар болатынына сендіру. Бұл осындай сынаққа тап болғанда адамдар не істеуі керек, қандай ұстанымда, ойда болуы керек деген ойды жеткізу үшін өз басымнан өткенді мысалға ала отырып, тәжірибемнің нәтижесінде жазылған кітап. Оны бір адам оқыса да, үмітінің шырағы болса, өмірге деген махаббатын оятса, шын мәнінде жазушы ретінде мен бақыттымын", - дейді ол.

Кітапты жазып шығуға екі нәрсе түрткі болған. Оны 18 жасында бастаған. Бірақ ауруынан жазылғаннан кейін ғана аяқтаған. 

"18 жасымда бастап, жартысын жазып шықтым. Кейін 20 жасымда "жазылдың" деген сөзді естігенде, қыста қолға алып, көктемде аяқтадым. Кітап жазу туралы ой дәл мен сияқты сынаққа тап болған адамға қандай кеңес бере аламын, қалай көмекттесе аламын деген ниетпен туды. Жаман ойламаса екен, күрессе екен, сенсе екен дедім. 

Екіншіден 10 жыл күресте менің жанымда табылған дәрігерлеріме, ұстаздарыма, ата-анама, әулетім, достарыма алғысым ретінде жызылған кітап", - деді қаламгер.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!



Join Telegram