"Ең арзан бағыт Өзбекстан, қымбаты Антарктида" - Қазақстандық жиһанкез

13 Наурыз, 17:39
3
Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан
Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақстандық Данат Алиев 10 жыл бойы әлем елдеріне саяхаттап жүр. Оған қоса Instagram желісіндегі парақшасында аралаған мемлекеттерінің, ондағы әсем жерлердің суретін жариялайды. Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында Данат өзі жайлы, басқа мемлекеттерге жасаған саяхатынан алған әсері туралы әңгімеледі. Оған қоса саяхат жасаймын деушілерге өз кеңестерін де аямады.

"Менен "көптеген адам қанша мемлекетке бардың", "қанша қала мен жер көрдің" деп сұрайды. Меніңше, бұл сұрақ дұрыс емес. Әрине көп адам өзінің барған жерлерін санай жүреді. Бұл сұраққа менің көзқарасым басқа. Себебі мен АҚШ-қа 20-дан аса мәрте бардым. Бірақ оған қарамастан, мен Американың тең жартысын да шарлағаным жоқ. Мысалы, Сингапур сияқты территориясы шағын мемлекетті бас-аяғы екі күнде шарлап шығуға болады. Сондықтан көрген елдердің санағын жүргізудің мәні жоқ дегім келеді", - дейді блогер.

Данат қанша мемлекетті араладың деген сұраққа былай жауап қатқанды дұрыс деп санайды:

"Мен әлемнің ең қызықты 100 жері" атты тізімді тапқанмын. Мен бұл тізімді бала кезімде журналдан көріп қалдым. Ол тізім әлемнің таңғажайып 100 жері деп аталады. Мен олардың бәрін аралаймын деген мақсат қойдым. Енді бұл сұрақтың жауабы: мен әлемнің таңғажайып 100 жердің 50-іне бардым", - дейді кейіпкер.

Ол барған таңғажайып жерлердің қатарында: Испания, Италия, АҚШ, Исландия, Бали, Боливия, Африка елдері, Мысыр, Өзбекстан, Түркия, Антарктида.

Ең бірінші рет ол Испанияда болған. Ол жаққа Данат әпкесімен бірге барған. Данаттың әпкесі оған Испанияда сүйіп тыңдайтын тобының ән кеші болатынын айтқан. Ол болса әпкесіне сол жаққа аттануға ұсыныс жасаған. 

"Бірден құжаттарды реттеуге кірістім. Біз жүгінген туристік агенттіктердің көбі шетелге шығу туралы өтінішімізді мақұлдамады. Себебі біз студент болғандықтан олар саяхаттау тарихымыздың жоқ екенін алға тартты. Бірақ оған қарамастан біз 10 шақты туристік агенттікті аралап, тек шамамен 11-ші агенттік біздің өтінішімізді қабылдады. Сөйтіп біз аз қаражатымызен Испанияға барып келдік", - дейді Данат.

Саяхаттаушының сөзінше, Испанияға аттану үшін турагенттік 120 мың теңгеге билет алуды ұсынған. Бірақ 10 жыл бұрын бұл ақшаның құны жоғары болған және студентке мұндай қыруар сомаға билет алу өте қымбат болған.

"Әпкем екеуміз тік ұшаққа билетті өзіміз іздеп таптық. 35 мың теңгеге Мәскеуден Мадридке бір бағытқа бару және қайтуға арналған билетті алдық. Бұл баға ол уақытта Қазақстанның әуе компанияларында болмаған. Мәскеуге дейін біз пойызбен жеттік. Билеттің құны бір бағытқа 10 мың теңге тұрды. Испанияда қонақүйге екеумізге 70 мың теңге кетті. Нәтижесінде біздің Испания астанасы Мадридтегі саяхатымызға шамамен 180 мың жұмсадық. Ол жақта қызықты саяхаттау үшін мен өздігімен жергілікті картаны пайдаланып, бағыттымызды белгіледім. Испанияда біз Сеговия, Таррега және басқа да шағын қалаларды араладық", - дейді саяхатшы.

Ең бірінші саяхатынан кейін Данат басқа мемлекеттерге бару оңай екенін түсініп, өзге де танымал қалаларға саяхаттауға ынтасы туады. Сөйтіп келесі жылы ол Италияға барған екен. Кейіпкеріміздің айтуынша, ол жаққа саяхат жасауға шамамен 180 мың теңге кеткен.

Данат тек шетел емес, Қазақстанның да бірнеше облысын аралаған. Ол жүрген жерінде Алматыға аяғы баспаған адамдарға бұл қаланы мақтайтынын айтты. Еліміздің ең әдемі жерлерінің бірі Ақтөбе облысындағы Хромтауды айтты. Оның сөзінше, бұл жердің ландшафты Марсқа ұқсайды.

Осыншама мемлекет аралаған Данат Қазақстан мен басқа елдерді салыстыра жүреді екен. Ол еліміздің басқа мемлекеттерден айырмашылығын тізбектеп берді.

"Мен Қазақстанның өзге елдерден басты кемшілігі деп жолды айтар едім. Біздегі жолдардың сапасы өте төмен. Керек десеңіз дамымаған Африкадағы елдерде, Боливияда жол сапасы әлдеқайда жоғары. Кемшілік ретінде мен тек жол сапасын айтып өттім. Ал енді адамдардың тұрмыс жағдайына келер болсақ, біздің еліміздегі халықтың жағдайы бірқатар елге қарағанда әлдеқайда жоғары екенін айтқым келеді. Меніңше, өзіңе ұнамайтын бір жағдай болса оны өзгерту керек. Тек жамандай бергеннен сол дүние өзгере қойятынына сенбеймін", - деп бөлісті ойымен Данат.

Данат ондаған мемлекетті араласа да туған еліне деген сүйіспеншілігі кемімегенін айтады. Оған қоса ол басқа мемлкеттен туған жеріне сағынышпен оралады екен. Оның сөзінше, ойында елден біржола кету болмаған. Өз отаны жайлырақ.

"Мен өзімді жанқияр патриотпын деп санамаймын. Бірақ мен осы жерде туып, осы елде тұлға болып қалыптастым. Мен қарапайым отбасында өстім, ата-анамның көмегінсіз осыншама мемлекетті өз күшіммен араладым", -дейді жиһанкез.

Ол ел мен жер аралап жүретін саяхатшы мен турист адамның өзгешілігін айтып берді.

"Мен өзімді туриспін деп санамаймын. Турист жалпы Туристік агенттікке барып, дайын кестені алады. Оның ішінде кең таралғаны Түркия мен Мысырға демалыс. Ал саяхатшы деп - сөмкесіне керек заттарды салып, сапар жасауға қолында 100 доллар ақшасы бар адамды айтуға болады. Мен Түркияда да, Мысырда да болғанмын. Өткен жылы Түркияға барып, ол жақта көлік жалдап, елдің бас-аяғын шарлап шықтым. Міне, осылай мен қарапайым туристер көре алмаған жерлерге бардым. Ал Мысырды көру үшін мен ол жаққа 8 рет ұшқанмын. Судан шекарасында орналасқан қалаға бет алғанмын. Ол жақта суда тұрғызылған ғибадатхананы көру үшін бардым. Міне, қымбат қонақүйге жату үшін емес, ол жердің ерекшеліктерін зерттейтін, көріп-білетін адамды саяхатшы деп санаймын", - дейді саяхатшы.

Кейіпкерімізден аралаған елді мекендердің ішінен өзіне ұнаған бірнешеуін атауын сұрадық. Оның айтуынша, аяғы басқан барлық жер көңілінен шыққан. Ол мүмкіндік болса дамымаған елдерге қайтадан баруға дайын екенін айтты. 

"Мен қайта-қайта оралғым келетін ел - АҚШ. Себебі ол жақта көрнекі жерлер өте көп. Олар менің санамды жаулап алды. Оған қоса ол жерлерге жету аса қиын емес", - дейді ол.

Дегенмен оның көңілі шықпаған қала Нью-Йорк екен. Кейіпкеріміз атышулы қала жайлы көп естісе де, бұл қала оның жүрегін жаулай алмапты. Тіпті бұл қалаға екі мәрте барса да ойы осы екен. Сондықтан, енді бұдан былай, Данаттың айтуынша, Нью-Йоркке қайтадан бара алмаса одан еш өкінбейді.

 Әлемнің таңғажайып 50 жеріне барған кейіпкеріміз саяхат жасағысы келіп жүрген адамдарға өз кеңесін берді.

"Ең алдымен кез келген саяхат әуе билетінен басталады. Сондықтан билетті үш ай бұрын алсаңыз, билет әлдеқайда арзанға түседі. Мысалы, қазір қай елге баратыныңызды ойланып алып, жазға билет алып қою керек. Келесі кеңес - саяхаттайтын жердің бағытын алдын ала анықтап алу. Мен Google Maps арқылы өз бағытымды ойластырып аламын. Мысалы, Түркияның ең әдемі жерлері деп теріп, сол тізімдердің бәрін қарап шығу керек. Керектісін өзіңіз таңдап аласыз. Кейін осы жерлерді картадан көріп, оның бағытын белгілеп алу қажет. Егер олардың арасы ұзақ болса, көлік жалдау керек немесе ол жерге ұшақпен жетуге болады. Себебі Түркияда әуе билеттері арзан", - дейді Данат Алиев.

Саяхатшы қонақүй немесе жеке пәтерді арнайы сайттардың көмегімен онлайн рәсімдеу ыңғайлы және арзан болатынын айтады. Бұл кеңес көлікке де қатысты екен.

Жиһанкез саяхаттаған елдердің ішінде қаражат жағынан ең арзан және ең қымбат түскен елдерді атап өтті.

"Былтыр мен Түркияда саяхаттаған кезде шамамен 1400 доллардай ақша кетті. Бірақ бұл қаражатпен Түркияның барлық дерлік елді мекенін араладық. Үздік қонақүйде тұрдық және жақсы қыдырып қайттық. Мен саяхаттауға ең аз қаражат жұмсаған мемлекет - Өзбекстан. Ол ел де көп қалаларын аралап, көңілімнен шыққан елдердің бірі болды. Керек десеңіз, туризм жағынан ол көптеген елді артта қалдырады. Өзбекстанға барып қайтуға мен 120 мың теңге жұмсадым. Көп ақша жұмсаған бағытым Антарктида болды", - дейді кейіпкеріміз.     

Данат әлі аяғы баспаған жерлердің тізімі бар екенін айтты. Мұндай сапарларға шықпас бұрын ол алдын-ала бағыттарын анықтап алады екен. Мысалы ол алдағы уақытта АҚШ-қа баруды жоспарлап жатыр. Ол жаққа барудан бұрын ол өзіне арнайы сапар желісін екі ай бойы жасаған.  

"Мен Исландияға барғым келеді. Әлі барып көрмеген жерлердің саны көп. Мысалы құрлықтардың ішінде Аустралияда болғаным жоқ. Оған қоса Жаңа Зеландияға, Гренландияға алдағы уақытта баруды жоспарлап жатырмын", - дейді ол. 

Автор: Мақсат Мамбетжан

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (3)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц