ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
15 ноября 2021 | 16:39

Иран халқы неге тәуелсіздігін тойламайды? Тегеранда тұрып жатқан қазақпен сұхбат

ПОДЕЛИТЬСЯ

Гауһар Омарханова, Тегерандағы қазақстандық ирантанушы Гауһар Омарханова, Тегерандағы қазақстандық ирантанушы

Қазақстандық ирантанушы Гауһар Омарханова Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеранда жұмыс істейді. Ол Tengrinews.kz тілшісіне Ирандағы өмірі мен сондағы қазақтар туралы айтып берді.


Иконка комментария блок соц сети

Қазақстандық ирантанушы Гауһар Омарханова Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеранда жұмыс істейді. Ол Tengrinews.kz тілшісіне Ирандағы өмірі мен сондағы қазақтар туралы айтып берді.

Иранға қалай және неге келді?

Иранда Қазақстанның мәдени елшісі ретінде танылған Гауһар Омарханова 1983 жылы Семей қаласында туған. Кейін Алматыға көшіп, Таяу Шығыс және Орта Азия елдерін зерттеумен айналысады.

"Бала кезімнен Шығыс елдерінің субмәдениетіне қызығып, Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетіндегі ирантану мамандығына түстім. 2007 жылы оқуды аяқтап, бірден Иран елшілігіне жұмысқа қабылдандым. Сонда үш жылға жуық аудармашы болып жұмыс істедім. Кейін Иранның мәдени өкілдігі мұрындық болған халықаралық алмасу бағдарламасын жеңіп алдым. Сөйтіп, 2010 жылы магистратураны жалғастыру амалымен Иранға келдім", - дейді ол.  

Гауһар Иранға келген бойда қосымша табыс көзін қарастыра бастайды. Оның сөзінше, елшіліктегі тәжірибесінің арқасында Тегеранда жұмысқа орналасу қиындық тудырмапты.

"Иран телерадио бірлестігінің алып халықаралық қызмет торабы бар. Ол жерде әлемнің отыз екі тілінде хабар таратылады, қатарында Қазақстан да бар. Мен осы корпорацияға диктор әрі аудармашы болып кіргеніме тура 10 жыл болыпты", - дейді Омарханова.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Gaukhar Omarkhanova (@dara_qazaqstan)

"Иран туралы жалған ақпарат көп"

Ол Тегеранның неге Таяу Шығыстағы ең қауіпсіз ел екенін түсіндірді.

"Өз тарапымнан қорқыныш болмаса да, жақын туыстарымның есі шыққаны анық. Неге десеңіз, Иран қазақтарға әлі күнге дейін жабық ел, олар туралы ақпарат жоқтың қасы. Ал ашық дереккөздердегі мағлұмат шындыққа сай келмейді. Оған себеп те көп. Біріншіден, Иранның режимін қабылдағысы келмейтін елдерді санап тауыса алмайсың. Олардың әрқайсы өз қызығушылықтарына байланысты кез келген деректі бұрмалап отырады. Екіншіден, Иран өте бір қиын аймақта орналасқан. Айналасының барлығы өңкей лаңкестік топтар. Шығысында Ауғанстан мен Пәкістан тұр, ал ол жақтағы жағдай қалай болып жатқанын жақсы білесіздер. Батысында 12 жыл бойы әртүрлі террористік ұйымдарға жем болған Ирак бар. Бұл аймақта өз тыныштығы мен тұрақтылығын сақтап отырған Иран ғана екенін айтқым келеді. Мәселен, мен Бағдатқа барғым да келмейді. Неге? Онда әлі күнге дейін қашан және қай жерде жарылып кетуім мүмкін деген ойдан құтылмайсың. Ал Тегеранда жағдай бірқалыпты, қауіпсіздік күштері жоғары деңгейде қызмет атқарып отыр. Елде бір-бірінен кем түспейтін екі мықты әскер күші бар, барлау қызметі де ешкімді артық қимылдатпайды. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіздік мәселесі бойынша Ирандағы халықтың көңілі тоқ, уайымы жоқ", - дейді қазақстандық аудармашы.   

Ирандағы босқын ауғандар қаншалықты қауіпті?

20 жыл бойы Ауғанстан билігі мен АҚШ-пен күрескен тәліптердің билікті басып алғанына екі айдан асты. Елдегі дүрбелеңнен қашып, Иранға қоныс аударған босқындар өте көп. Бұл туралы қазақстандық ирантанушы былай жауап берді:

"Иран Пәкістаннан кейін ауған босқындарын қабылдап отырған ең үлкен мемлекет екені тағы бар. Иранда қазір үш миллион ауған өмір сүреді, бірақ, олардың басым бөлігі Иранды транзитті аялдама санайды. Ауғанстаннан келгендердің есіл-дерті – Еуропа. Алайда Иран үкіметінен оларға еш қысым жоқ, керісінше, мигранттарға жақсы жағдай жасалған. Басқа елдер сияқты резервация жасамады, тең мүмкіндік сыйлады. Тек құжат бойынша мәселелер туындап жатыр, өйткені Иран билігі босқындарға өз азаматтығын оңайлықпен бермейді. Қазір ауғандар шетел азаматы ретінде тіркеліп, жыл сайын елде қалу рұқсатын ұзартып отырады. Әзірше елге келген ауғандар тарапынан еш қорқыныш жоқ".  

Тәліптердің төңкерісін неге Ирандағы Ислам революциясымен салыстыруға болмайды?

Гауһар тәліптерге сенбейтінін жасырмады. Оның сөзінше, Иран мен тәліптер саясатының арасы жер мен көктей.

"Көп естіп жатырмын, тәліптер өзгерді деген пікір бар. Бірнеше ай бұрын ғана билікке келген олар керемет мәлімдемелер жасады, бірақ қазір барлығы да тек сөз жүзіндегі уәде екеніне көз жеткізіп отырмыз. Әлі де әйелдерге шектеулер тым көп, аяқ-қолдарын тұсап отыр. Дәл осындай ескі діни көзқарастар арқылы тәліптер өз елін бір ғасырға шегіндірді. Жаңа Ауғанстанды Иранмен неге салыстыруға келмейді? Осы тұста бірнеше шешуші фактор бар. Мәселен, Иранда студенттердің 60 пайызы әйел адамдар, одан бөлек билікте жоғары лауазымда отырған әйелдер көп. Мұнда бұл тенденция келмеске кетті", - дейді ол.

"Иран жастарының дінге көзқарасы өзгерді"

Гауһар Омарова Иранның Ауғанстаннан артықшылығы арқылы елдің мәдени индексін шығаруға болмайтынын жеткізді. Ол елде әлі де діни ұстанымдардың беріктігін айтты.

"Ирандықтар дінге берік халық, бірақ олар билікке діннің араласқанын құптамайды. Жастардың дінге деген көзқарасы өзгерді. Олар мәжбүрлі санкциялардан шаршады. Қыздар ақ орамалды қолға тағып, наразылықтарын білдіріп жүр. Олар өзін толыққанды еркін сезінгісі келеді. Мұндай акциялар тек Иран астанасы Тегеранда өтеді, басқа қалалар қатты дамымаған", - деді ол.

Иран тәуелсіздік күнін неге тойламайды?

Қазақстандық ирантанушының айтуынша, Иран өзін әрдайым тәуелсіз ел деп санайды. Ол Иранның діннен бөлек ерекше рухқа ие мемлекет екенін түсіндірді.

"Иран бағзы заманнан империя болған ел екені рас. Одан бөлек, көне өркениеті де бар. Біз жыл сайын 16 желтоқсанда егемендігімізді тойласақ, Иранда тәуелсіздікті тойламайды, өйткені олар өзін әрдайым тәуелсіз, бодандықта болмаған ел ретінде санайды. Алайда ирандықтар үшін де аса маңызды дата бар. Олар 11 ақпан күні Ирандағы Ислам революциясының жеңісін тойлайды, яғни төңкеріс болған күнді, режим ауысқан кезеңді өзінің басты мерекесі деп біледі. Бұл күні ирандықтар 10 күн қатарынан демалады" - дейді Омарханова.

"Ирандағы сайлауалды науқандар Қазақстаннан белсендірек"

Сонымен қатар, Гауһар Иранның ішкі саясаты туралы да сөз қозғады.

"Иранда Қазақстанға қарағанда партия тартыстары, сайлауалды науқандар белсендірек екенін айтқым келеді. Бұл жақта белгілі оппозиция бар. Прагматиктер, реформаторлар және консерваторлар болып үшке бөлініп, билікке таласады. Десе де, айтып өту керек, Иранда соңғы сөзді діни көсем айтады, кез келген маңызды мәселені осы кісі шешеді. Ол өмірінің соңына дейін көсем болып қалады, бірақ президент сайлау нәтижесімен ауысып тұрады", - дейді ол.

Ирандағы COVID-19 және мемлекет позициясы

Кейіпкердің айтуынша, Иран діни мемлекет болса да, жаһандық індетті жоққа шығармай, онымен күресудің жолдарын басты назарға алған.

"Өкінішке қарай, Иранда коронавирустан күніне 120 адам қайтыс болады. Бұрын тәулігіне жиырма мың адамнан COVID-19 анықталса, қазір олардың саны үш есеге азайды. 80 миллион халқы бар ел үшін бұл қалыпты нәтиже деуге болады.

Иран пандемия келісімен бірден көпсатылы зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Вирустың растығы жедел анықталып, COV Iran Barakat атты отандық вакцинасын шығарды. Халқын індетке байланысты қажет деп танылған бар ақпарат көзімен таныстырып, карантиннің алдын алғысы келеді. Алайда елдің ғылымы мен өндірісі қанша жерден мықты дамыған болса да, халық Иран үкіметіне сенбеді. Иран Ислам Республикасы болғаннан кейін билікке дін өкілдері келіп, халықтың сенімінен шықты. Ирандықтар отандық екпеден бас тартып, импортталған вакциналарға басымдық беріп отыр. Мәселен, олар Pfizer, Sinopharm және AstraZeneca өнімдерін күтіп, ұзын-сонар кезекке тұрады. Десе де, Иран үкіметі өз тарапынан тиісті шараларды атқарып жатыр, ең бастысы, талпынысы зор", - дейді ол.

"Қазақстан біздікі болған".  Ирандықтар Қазақстан туралы не ойлайды?

Омарханова ирандықтар тарихты өз пайдасына бұрмалайтынын айтады.

"Иранда Қазақстанның картада қай жерде орналасқанын білмейтіндер көп. Ал мен білетін Қазақстанмен таныс ирандықтардың ой-пікірі, тіпті, күлкілі: "Қазақстан біздікі болған" деп сөзін бастайды. Неге? Иранда олардың Исламға дейінгі дәуірдегі ең ұлы тұлғасы Кир қазіргі қазақ жерін басып алған деген ой бар. Басында мұны естігенде таңғалғаным бар. Кейін әңгіме барысында бұл ақпарат жалған екенін дәлелдеп, көзін аштым. Оларға Парсы патшасының Әмудария мен Сырдариядан ары аса алмағанын айтқанымда ирандықтардың аузы ашылып қалған еді. Кейіннен Қазақстан туралы ойы өзгеріп, біздің тарихымызға қызыққандары да көп болды. Осы тұста Ирандағы Қазақстан елшілігі өз тарапынан ағартушылық бағыттағы жұмыстарды атқарып жатыр. Біз де қолымыздан келгенше, өз деңгейімізде Қазақстанның имиджін көрсетіп жүрміз", - деді ол.

Ирандағы қазақтар неге Қазақстанға қайтпай жүр?

Гауһар Омарова Ирандағы қазақтармен ұдайы байланыста. Ол сонда қалып қойған қазақстандықтар неге елге әлі қайтпай жүргеніне қатысты бірнеше факт келтірді.

"Ирандағы қазақтардың басым көпшілігі осыдан бір ғасыр бұрын келді. Қалай келді? Жайдан-жай қоныс аудармады. Кеңес үкіметінің тұсында қазақ жерінде Қазан төңкерісі болды. Оған қоса, елдегі режим ауысты, большевиктер келіп, қудалау, тәркілеу, ұжымдастыру шаралары күшейді. Қолдан жасалған аштық та бар. Сол кезде көптеген қазақ Түрікменстанды кесіп өтіп, Иран жеріне келіп тұрақтады. Сол босқындар әлі күнге дейін Иран үкіметіне алғыс айтып жүр, өйткені ирандықтар қазақ халқын бірден қабылдап, азаматтық берді. Қазір Иранның солтүстігіндегі Гүлістан облысында Горган, Бандар-Туркаман және Гонбад қалаларында қазақтар тұрып жатыр. Кейде араласып-құраласып тұрамыз, емін-еркін өмір сүріп жатыр. Олардың арасында Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, әсіресе, 1995 жылдары Қазақстанға қайта қоныс аударғандар көп болды, бірақ Иранда өз еркімен қалып қойғандар да аз емес. Неге деген сұрақ көбімізді мазалайтыны анық қой. Әңгімені мынадан бастайық, Иран әу бастан капиталистік ел болды, ал Қазақстан социалистік кезеңнен нарықтық экономикаға бет бұру үшін көп жылды жоғалтты. Ирандағы қазақтар тұрақтылыққа үйреніп алды. Олардың белгілі жұмысы болды және медициналық сақтандырулары шешуі роль атқарды. Үй-күйі бар адамдарға Қазақстанға көшіп бару оңай болған жоқ. Десе де, олар елге қайтқаннан не ұтады? Қазақстанға келген бойда орысша үйренуге тура келеді. Ирандағы қазақтар тіл жағынан қатты қиналады, орысшасы басым ортада өзін бөтен сезінеді. Одан бөлек, ауа райын да ескерген жөн. Оған шыдау бар, үйрену бар. Біле білсеңіздер, қазақтар шоғырланған Каспий теңізінің жағалауын жердің жұмағы деп айтсақ болады. Қапырық ыстығы мен аязды суығы жоқ, ылғалды климат", - дейді ол.

"Мұндағы қазақтар қанды бұзбайды"

Ол Ирандағы қазақтардың бөтен елде де өз ата-дәстүріне берік екенін айтты.

"Бұл жақта көбінесе адай қазақтары көп. Ирандағы қазақтар бастарын тік ұстайды, салт-дәстүрге берік және оны өз ұрпағына қаз-қалпында жеткізіп отырады. Сондай-ақ, ассимиляцияға жол бермейді, тек бір-бірімен ғана қыз алысып, қанды қастерлейді. Жақында ғана қыз ұзатуда болып, Қазақстанда жасалатын барлық жөн-жоралғыны Ирандағы қазақ тойынан байқадым. Мұндағы қазақтардың назары Қазақстанда, олар еліміздің кез келген жетістігіне қуанып отырады", - деп сөзін аяқтады ол.

Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер Гаухар Омарханованың жеке мұрағатынан

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 494.98   521.17   4.92 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети