Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
17 апреля 2020 08:58

"Жаның түршігеді". Италиядағы қазақ студентінің әңгімесі

Даурен Ерболат Журналист

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: Reuters Фото: Reuters

Әлемде СOVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 2 миллионнан асты. Коронавирустан қатты зардап шеккен елдің бірі - Италия. Мұнда 165 мыңнан астам адам вирус жұқтырып, 21 мың 645 науқас аурудан көз жұмды. 9 наурызда билік елдің барлық аумағында карантин жариялады. Tengrinews.kz тілшісіне сұхбат берген Италиядағы қазақ студенті елдегі қазіргі жағдайды, індеттен қалай қорғанып жүргенін әңгімеледі.


Әлемде СOVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 2 миллионнан асты. Коронавирустан қатты зардап шеккен елдің бірі - Италия. Мұнда 165 мыңнан астам адам вирус жұқтырып, 21 мың 645 науқас аурудан көз жұмды. 9 наурызда билік елдің барлық аумағында карантин жариялады. Tengrinews.kz тілшісіне сұхбат берген Италиядағы қазақ студенті елдегі қазіргі жағдайды, індеттен қалай қорғанып жүргенін әңгімеледі.

Фараби Теменов - Рим қаласындағы Link Campus университетінің магистранты. Ол бизнес менеджмент мамандығы бойынша білім алып жатыр.

2019 жылдың қыркүйегінен бері қазақ студенті жұбайы Сурайя, кішкентай қызы Айым-Күніммен бірге Италия астанасында тұрады.

Ол 9 наурыз күні кешке Италия премьер-министрі Джузеппе Конте телеарна арқылы елдің бүкіл аумағында карантин жариялағанын тілге айтты. Үкімет басшысы елдегі іс-шараларды, спорт жарыстарын, көлік қозғалысын тоқтату туралы жарлыққа қол қойғанын айтты. Ал оқу орындары мен барлық жұмыс орны онлайн жұмыс істеу режиміне көшкен.

"Жаның түршігеді"

Фараби бүгінде далаға себепсіз шығуға болмайтынын айтады.

"Соңғы рет 8 наурызда отбасыммен бірге қалаға қыдыруға шықтым. Бұл кезде карантин Италияның солтүстік өңірін ғана қамтыған. Ал келесі күні Италия толығымен карантинге жабылды. Қазір әйелім мен кішкентай қызым сыртқа шықпайды. Себебі, қазір далаға себепсіз шығуға болмайды. Тек азық-түлік алуға, дәріханаға шығуға немесе спортпен шұғылдануға рұқсат берілген. Бірақ көшеде адам жоқтың қасы, көліктер де аз жүреді. Сыртқа шықсаң, өзіңді бір қорқынышты кинода жүргендей сезінесің, жаның түршігеді", - деді студент ағынан жарылып.

 "Дүкендерде ұзын-сонар кезек пайда болды"

Ол сыртқа шыққанда міндетті түрде бетперде тағып, медициналық қолғап киетінін, қалтасында антисептик жүретінін атап өтті.

"Қателеспесем, қазір карантиннің 38-күні. Мен аптасына 1-2 рет азық-түлік алуға сыртқа шығамын. Карантин режимі енгізілген соң, дүкендерде ұзын-сонар кезек пайда болды. 20-25 минут кезекте тұрамын. Арақашықтықты сақтаймыз. Дүкен әкімшілігі ондағы адамның көп болмауын қадағалайды. Азық-түлік алуға кем дегенде 1,5-2 сағат уақытың кетеді", - деді Теменов.

"1 миллон 395 мың теңге айыппұл төлейсің"

Сондай-ақ, қазақ студенті Италия билігі коронавирус пандемиясы кезінде карантин талабын бұзғандармен қалай күресіп жатқанын айтып берді.

"Үйден шығардың алында полиция қызметкерлеріне түсініктеме жазасың. Ол қағаз қолыңда болады. Егер онда "жүгіруге шықтым" деп жазып, басқа іспен шұғылданып жүрсең, айыппұл төлейсің. Карантин басталғанда айыппұлдың мөлшері 206 еуро (95 367 теңге) еді, алайда 25 наурыздан бастап, оның мөлшері 3000 еуроға (1 миллон 395 мың теңге) немесе 15 есе артты", - деді ол.

Италияда коронавирус неге өршіп кетті?

ncov2019.live сайтының мәліметі бойынша, қазіргі таңда Аппенин түбегінде қауіпті вирусты 165 мың 155 адам жұқтырған. 15 мың 729 науқас аурудан жазылса, 21 мың 645 адам көз жұмған. Осы орайда Фараби Теменов Италияда коронавирус індетінің өршіп кетуіне қатысты өз болжамын айтты.

"Наурыздың басында Италия премьер-министрінің бұйрығымен елдің солтүстігіндегі 15 аймақ толық карантинге жабылды. Бірақ кейбір тұрғын тәртіпке бағынған жоқ. Олар карантиннен қашып, басқа қалалардағы туысқандары мен достарымен кездесу үшін жолға шықты. Бұл аурудың кеңінен таралауына ықпал етті. Сондай-ақ, италиялықтардың менталитеті де індеттің өршуіне себеп болған сияқты. Себебі, олар бір-бірінің бетінен сүйіп, құшақтасып амандасады, адам көп жиналатын жерге барғанды жақсы көреді", - дейді ол.

Қазақ студенті италиялықтардың темекіні көп тартатынын айтып отыр. Ал ғалымдар шылым шегетін адам коронавирус жұқтырса, оның пневмонияға шалдығу мүмкіндігі бірнеше есе жоғарылайды деген пікірде. Яғни жаман әдет ауруды одан әрі асқындырып жіберуі ықтимал.

"Жалған ақпаратқа сенбеңіз"

Сөз соңында Фараби Теменов қазақстандықтарға өз кеңесін берді.

"Біріншіден, карантин режимінің талаптарын толығымен орындау - баршамыздың ең басты міндетіміз. Себебі, әлем ғалымдары коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізіп жатқанымен індеттің емі әлі табылған жоқ. Сондықтан аурудан қорғанудың ең басты амалы - үйде отыру. Екіншіден, далаға шықсаңыз, қолыңызға міндетті түрде медициналық қолғап киіп, бетперде тағыңыз. Ұялы телефоныңызды антисептик немесе спиртпен сүртуді ұмытпаңыз", - деді қазақ студенті.

Үшіншіден, ол жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.

"Коронавирус өтірік, ол ойдан шығарылған! Бұл вирус жоқ" деген жалған ақпаратқа сенбеңіз, мұндай ұстанымнан аулақ болыңыз. Қазір италиялықтар мұның зардабын тартып жатыр. Қазір WhatsApp желісінде шындыққа жанаспайтын ақпарат өте көп. Ақпаратты тек ресми дереккөздерден алыңыз. Басымыз аман, денсаулығымыз мықты, еліміз тыныш болсын!", - деп түйіндеді сөзін Фараби Теменов.

Айта кетейік, осыған дейін Франция коронавируспен қалай күресіп жатқанын жазғанбыз.

Еске салайық, Қазақстанда СOVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 1402-ге жетті. 277 науқас аурудан жазылды, 17 адам қайтыс болды.

Италиядан елге хат. Карантиндегі өмір. 6 кеңес

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.44   490.7   4.77 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети