ПОДЕЛИТЬСЯ
20 ноября 2019 | 12:03
Жеті тілде судай ағып тұрған қазақ жігіті Қазнетті таң-тамаша етті
Жеті тілде сөйлеген қазақ жігіті желі қолданушыларын таңғалдырды. Видео әлеуметтік желіде тарап кеткен. Видео кейіпкері - 23 жастағы Мейіржан Таштай. Шымкенттік жігіт әлемнің жеті тілін 4 жылда меңгерген. Бүгінде ол - жеке кәсіпкер. Мейіржан Tengrinews.kz тілшісіне тіл меңгерудің қыр-сырын айтып берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Жеті тілде сөйлеген қазақ жігіті желі қолданушыларын таңғалдырды. Видео әлеуметтік желіде тарап кеткен. Видео кейіпкері - 23 жастағы Мейіржан Таштай. Шымкенттік жігіт әлемнің жеті тілін 4 жылда меңгерген. Бүгінде ол - жеке кәсіпкер. Мейіржан Tengrinews.kz тілшісіне тіл меңгерудің қыр-сырын айтып берді.
Мейіржан - қазақ, орыс, араб, түрік, ағылшын және француз тілдерінде еркін сөйлейді. Бүгінде оның қоржыны тағы бір тілмен - суахили тілімен толығып жатыр. Мейіржанның сөзінше, ол тіл меңгеруде арнайы мақсат, жоспар қойып үйренбеген. Алғаш меңгерген шет тілі - араб тілі.
Ал желіде тарап кеткен видеосы шамамен бір ай бұрын Шымкентте түсірілген екен. Видеоны көрген желі қолданушылары таңғалысын жасырмай, мақтауын асырып жатыр.
"Шет тілдерге деген қызығушылығым университет қабырғасында оқып жүрген кезде оянды десем болады. Оған дейін аса қызықпағанмын. Ол кезде жай, ешқандай мақсатсыз үйрене бастадым. Жалпы Тим Донер деген полиглот бар. Ол 18 жасында 22 тіл білген. Сол кісінің видеоларын көріп, әсер алдым. Содан басталды. Бастапқыда екі тіл - араб және түрік тілдерін үйрене бастадым", - дейді Мейіржан.
Мейіржан Таштай © instagram.com/talgatuglu
Полиглоттың сөзінше, тіл үйрену - қиын емес. Тек оқып, зерттей келе белгілі бір әдіс пайда болады екен.
"Тіл меңгеру барысында белгілі бір әдіс пайда болады. Сондықтан маған тіл үйрену қиынға соқпады. Алғашында араб тілін үйрене бастадым. Кейін түрік тіліне көштім. Қазір суахили тілін үйреніп жатырмын", - дейді кейіпкеріміз.
Айта кетейік, суахили - Танзания, Мозамбик, Конго Демократиялық Республикасы аумағында тұратын, банту тобына жататын халықтың тілі. Сөйлеушілердің жалпы саны шамамен 3 миллион адам. Жазуы латын әліпбиіне негізделген.
Полиглоттың "белгілі бір әдіс" дегені - тілдер арасындағы ұқсастық екен. Ұқсас тілдердің арасынан байланыс тапқан кезде тіл үйренуде белгілі бір логика қалыптасады екен.
"Араб және түрік тілдерінің арасында былай қарап тұрсаңыз байланыс бар. Араб тілін бастағаннан кейін ақырындап түрік тіліне көштім. Мен жалпы Катар мемлекетіндегі Катар университетінде оқыдым. Ол жерде түріктер көп болатынын білдім. Бір жыл уақытым сол жақта өтетінін білгендіктен түрік тілін қатар алып жүрдім. Тілдерді зерттеген кезде адамда белгілі бір логика қалыптасады. Сөйтіп араб және түрік тілдерінің ұқсас екенін байқағаннан кейін бір уақытта үйрендім", - дейді Мейіржан.
© instagram.com/talgatuglu
Мейіржанның сөзінше, тіл меңгеріп, еркін сөйлей алатындай деңгейге жету үшін адамға 3-4 ай жеткілікті.
"Негізі маған ұстаздарым "тілді тез үйренесің" деп айтатын. Мен үшін тіл үйренудің бастапқы деңгейінде адамдармен сұхбат жасап, әңгіме-дүкен құру қиын емес. Оның бәрін аз уақытта жасай аламын. Екі голландиялық жігіт тәжірибе жасаған екен. Олар бір тілді жеті күнде үйренуге болатынын анықтаған. Мен үшін еркін, ауқымды тақырыптарда сөйлеу деңгейіне жету үшін 3-4 ай жеткілікті. Бірақ іштей екі айда сөйлеп кете аламын деген қағидам бар", - дейді Мейіржан.
4 жылдың ішінде 7 тілді меңгерген Мейіржан мұнымен тоқтап қалмақ емес.
"Кезінде әл-Фараби атамыз 70 тілде еркін сөйлеген екен. 70 тілді меңгермесем де 15 тілде еркін сөйлегім келеді. Тілдердің ішінде араб тілін үйрену кезінде кішкене қиындық туды. Алайда кейіннен логикасын, табиғатын түсінгеннен кейін ең оңай тілдердің біріне айналды. Әзірше суахилиден басқасында еркін сөйлеймін деп сеніммен айта аламын. Ол тілді әлі үйреніп жатырмын.
Тіл үйрену үшін арнайы курстарға барған жоқпын. Тек араб тілін Катар университетінде үйрендім. Әлі қытай, жапон, корей және испан тілдерін үйренгім келеді", - дейді жас полиглот.
© instagram.com/talgatuglu
Көп тіл білудің пайдасы көп екені белгілі. Кейіпкеріміз Мейіржан да көп тіл меңгерудің біраз артықшылығы бар екенін айта кетті.
"Әлемнің қай түкпіріне барсам да, мен сөйлесетін адамдарды таба аламын. Олармен еркін әңгіме-дүкен құра аламын. Ал егер сіз сол кісінің тілінде сөйлейтін болсаңыз оның жүрегіне жете аласыз. Одан бөлек, қазір ақпарат заманы болғандықтан тіл - үлкен ақпарат көзіне жетуге мүмкіндік береді. Кез келген хабар агенттіктерінен тікелей сол тілде ақпарат ала аламын", - дейді Мейіржан.
Жас полиглот тіл үйренгісі келетін бірақ уақыт таппай не басқа мәселелерге байланысты кейінге қалдырып жүрген адамдарға өз кеңес берді:
"Марк Фабий Квинтилиан "Бізге уақыт жетіспейді емес, біз уақытты дұрыс жұмсай алмаймыз", - дейді. Кез келген адам тіл меңгеруге күніне 30 минут жұмсайтын болса, белгілі бір уақыт ішінде нәтижеге жетеді. Ең бастысы - жүйелі оқу керек. Бүгінде бәрімізде құлаққап бар. Күнделікті жұмысқа бара жатсаңыз да, ыдыс жуып жатсаңыз да меңгергіңіз келген тілде ән, подкаст, қызықты жаңалық тыңдаңыз. Тілді үйрену үшін сол тілмен бірге өмір сүру керек деп ойлаймын".
Показать комментарии
Читайте также