Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
20 декабря 2018 13:53

"Қазақтың жанын Шоқан Уәлиханов пен Олжас Сүлейменов арқылы түсіндім"

ПОДЕЛИТЬСЯ

Юлия Сарачакова. © Андрей Зайцев Юлия Сарачакова. © Андрей Зайцев

Елден кету жайлы, оның оң-солын салмақтаған талқылауларды жиі естиміз. Ал келіп жатқандар, біржола көшіп келгендер бүгінде елімізде қалай өмір сүріп жатыр? Тағдыр айдап, елімізге келіп, азаматтық алған қарапайым тұрғындардың ойы қандай, келудегі мақсат не, қазақстандықтар жайлы не дейді? Tengrinews.kz сайтында "Елге жол" атты арнайы жобамызды ұсынамыз. 


Елден кету жайлы, оның оң-солын салмақтаған талқылауларды жиі естиміз. Ал келіп жатқандар, біржола көшіп келгендер бүгінде елімізде қалай өмір сүріп жатыр? Тағдыр айдап, елімізге келіп, азаматтық алған қарапайым тұрғындардың ойы қандай, келудегі мақсат не, қазақстандықтар жайлы не дейді? Tengrinews.kz сайтында "Елге жол" атты арнайы жобамызды ұсынамыз. 

Алғашқы кейіпкеріміз Юлия Сарачакова Алматыға Бішкектен 2005 жылдың 25 желтоқсанында көшіп келген. Бүгінде сайтымыздың продюсері. Кейіпкеріміз оқиғасын өзі баяндасын:

Таяуда Қазақстанда тұрып жатқаныма осымен 13 жыл болады. Көшуге басты себеп жеке мотивтер, бірақ оның барлығы Қырғызстандағы күрделі экономикалық жағдайдың салдары еді. 2005 жылдың наурызында Қырғызстанда Қызғалдақ төңкерісі болды. Халық парламент сайлауының қорытындысына наразы болған еді. Үкіметтік партиядан парламентке сол кездегі президент Асқар Ақаевтың балалары өтті: ұлы Айдар мен қызы Бермет. Алайда Айдар Ақаевтың депутат болатынына емес, Берметтің парламентке сайланғаны басты себеп еді.   

Қорытындысында Ақ үй алдында киіз үйлерден қалашық пайда болып, онда наразылық акциялары өтті. Уақыты келгенде Қызғалдақ төңкерісінің өтуіне қандай сыртқы күштердің мүдделі болғанын білетін болармыз, десек те, меніңше, төңкеріс болуы үшін алдымен қаражат, сосын биліктің ауысуынан пайда көретін адамдар қажет. Қарапайым халық көтерілістен пайда көрмейді.

Бүлік басталып, тонаушылардың топ-топ болып тас, ағаш, шынжырмен қаруланып көшеге шыққаны өте үрейлі еді. Жабайы болмысқа ену тез-ақ екен...

Халық көтерілген Бішкектен кейін Алматы маған мереке қала болып көрінді. Сайран автовокзалына жетер жолда ойын алаңдарының жақырап тұрған беткейлерін, кең әрі жарық-жарық көшелерін көрдім. Келесі күні Арман кинотеатрының алдында жаңажылдық кеш өтіп жатты-ау деймін, алдында әдемі киінген жастар жүрді, әуен естіліп тұрды, тіпті қымбат әтірдің иісі де сезілді. Өтіп бара жатып, мынадай сұлулық пен мерекелік көңіл-күйге куә болып, алаңсыз жүрген қыз-жігіттерге қарап, ұзақ тұрдым. Солардың орнында болуды армандадым ба, жоқ па - есімде қалмапты, бірақ бүгінге дейін мұндай кештің талайын көрдім, 13 жыл ішінде талай кеште болдым. 

Қазақстанның ең айтулы басымдығы, меніңше, үлкен еңбек нарығы. Жаңа жыл қарсаңында келе салып, мерекелерден кейін бірден жұмыс таптым. Ал Бішкекте жақсы жерден білім алып шыққан болсаң да таныс пен парасыз жұмыс табу қиын. Кезінде Бүкілресейлік кинематография мемлекеттік институтында экономика факультетін тәмамдағанмын.

Менімен бірге Сергей Соловьевтің шеберханасында Қазақстаннан келген студенттер оқыды. Елге келгенімде бірінші уақыттарда солар көмектесті. Алғашқы айларда Дәрежан Өмірбаевтың "Махаббат туралы" фильмінде екінші режиссер болдым, кейін Талғат Тайшановтың жарнама агенттігінде жұмыс істедім. Ал жарты жылдан кейін, 2006 жылдың тамызында арманым орындалды - мен теледидарға шықтым. 

Таяуда ғана Ирина Хакамаданың семинарында болдым. Оның айтуынша, адам өз орнын тапқанда энергия ағымы оны өзі-ақ жоғары көтереді. Менде де дәл осылай болды. Телеарнадағы жұмысымда 45 мың теңге жалақы алдым, оның 30 мыңын пәтер ақысын төлеп тұрдым. Жұмыс таңғы 9-да басталып, кешкі 9:30-да аяқталатын. 

Қаланы тіпті білмейтін едім, шенеуніктердің лауазымын түсінбейтінмін, аты-жөндерін шатастыратынмын. Бірақ мойымай, жұмысымды жалғастыра бердім.

Қазақ халқының тарихы мен жанын түсінемін деп Шоқан Уәлихановтың биографиясын, Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романын, Олжас Сүлейменовтің өлеңдерін оқи бердім. 

Ал 2007 жылы белгілі журналист Григорий Беденкомен таныстым, келесі жылы отау құрдық.

Бүгінде Қазақстан маған не берді? Лайық жалақысын беретін тұрақты жұмыс, әрдайым құрметін аямайтын әріптестерім, отбасым мен достарым, Алматының орталығында пәтерім, екі көлігім, жер шарын кезіп, саяхаттауға мүмкіндік.

Қаланы киімге теңеуге болатын сияқты. Бірінің өлшемі үлкендеу, ал бірі тарлау. Ал Алматы шақ келеді. Мұнда өте жайлы. Сапарлап әр жол жүрген сайын Алматыға оралғым келеді де тұрады.


Суреттерді түсірген Андрей Зайцев

Жаңа жыл қарсаңында барлық қазақстандықты құттықтап, бейбітшілікт пен тыныштықты тілеймін, еліміз гүлдене берсін. Жаңа жылда барлық арман-мұраттарыңыз орындалсын! Жақындарыңыз жаныңызда болсын!
Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 449.3   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети