1. Главная
  2. Узнай
  3. Жизнь
  4. Фрагменты

"Қорыққанда иммунитет әлсірейді" - психологтар карантинді дұрыс өткізу туралы  21 марта 2020, 11:44

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин жарияланды. Қала тұрғындарының көбі қашықтан жұмыс істеуге көшті. Одан бөлек, оқушылар
© pixabay.com © pixabay.com

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин жарияланды. Қала тұрғындарының көбі қашықтан жұмыс істеуге көшті. Одан бөлек, оқушылар каникулға ерте шығып, студенттер қашықтан оқи бастады. Кинотеатрлар мен сауда орталықтары да жабылып, көптеген адам үйде отыруға мәжбүр. Коронавирусқа байланысты карантин кезінде уақытты қалай тиімді пайдаланған жөн? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі психолог мамандардан сұрады. 

Карантинді тиімді пайдалану керек

Психолог Гүлжан Амангельдинованың айтуынша, үй карантинінде отыруды жақсы жағынан қарастыру керек. 

"Себебі біз үнемі жұмыста боламыз. Бала-шаға оқуда болып, кешке шаршап бас қосамыз. Сондықтан дастархан басында қалай кешкі ас ішкенімізді де байқамай қаламыз. Мейлі карантин бір апта не үш ай болсын, оны жанұямызға уақыт бөлуге арналған тиімді кез деп қарастыру керек. Әр адам өзіне көп уақыт бөліп, бұрыннан қолға ала алмай жүрген істерін не бір арманы болса соны жүзеге асыра алатын уақыт. Әрине, көп адамның көкейінде "Мен жұмыс істемесем, енді немен айналысамын?" деген ой болады. Қазір барлық жағдай жасалған ғой. Кітап оқып, неше түрлі пайдалы видео көріп, медитация жасауға болады", - дейді Гүлжан Амангельдинова. 

Баланың дамуына көңіл бөлген дұрыс

Психологтың айтуынша, үй карантині кезінде балалардың дамуына көп көңіл бөлген дұрыс. 

"Мектеп жасына дейінгі балалармен көптеген қызық дүниемен айналысып, мектеп жасындағы балаларды үй тірлігіне араластыруға болады. Демалыс кезінде балалар міндетті түрде кітап оқуы керек. Одан бөлек, күніне 1-2 рет математикадан есеп шығаруға болады. Себебі ерте ме, кеш пе балалар мектепке барады. Бұған дейін алған білімдері ұмыт болмауы үшін оны қайталап тұру керек", - дейді маман. 

Гүлжан Амангельдинованың сөзінше, балалармен неше түрлі еңбек құралдарымен сурет салу да пайдалы істердің бірі. 

"Сурет салу немесе қайшы мен қағаздан неше түрлі зат жасау баланың ішкі дүниесінің дамуына септігін тигізеді. Баланың образдық ойы дамиды. Қазір кез келген сұрақтың жауабын Интернеттен бірден тауып ала қоямыз. Ол адамның ми қыртысына әсер етеді. Бірақ бала қолымен және көзімен жиі жұмыс жасаған сайын, соғұрлым баланың ми қыртысы қарқынды дамиды", - деп түсіндірді психолог.

Гүлжан Амангельдинованың айтуынша, қазіргі таңда бастысы - үйде жайлы атмосфера қалыптастыру керек. Әркім қызық әрі пайдалы іспен айналысса "үйден қашып кетуге" ынтызар болмайды. 

Кез келген сәтте жақсы ой қалыптастыра білу керек

Психолог Анаргүл Маулиқызының айтуынша, кез келген сәтте адам жақсы ой қалыптастыра білген дұрыс. 

"Кез келген жағдайда адам баласы әрекет жасағанды ұнатады, яғни физиология үнемі қозғалысты талап етеді. Коронавирусқа байланысты карантин кезінде адам өзін, жақындарын сыртқы әсерлерден сақтандырған жөн. Карантин кезінде жаман ойға берілу және қорқынышқа салыну - ол бірден бір қате фактор. Қорыққан адамның иммунитеті түседі, сыртқы теріс әсерлерге өте сезімтал болып келеді. Сондықтан мамандардың кеңесін ескеріп, тек жақсы ой қалыптастыру қажет", - дейді психолог. 

Жоспармен жұмыс істеу

Психологтың сөзінше, карантин кезінде адам көп уақытын үйде өткізетіндіктен бір күнге жоспар құрып қою керек. 

"Бір күндік жоспар жасаған жөн. Яғни, таңертеңнен кешке дейінгі уақытты жоспарлап, ал кешке жатар алдында ертеңге күн тәртібін талқылап, жазып қою керек. Ол әр түрлі болуы мүмкін: таңғы ас, содан кейін әр отбасы мүшесі үйді тазарту бойынша жасалатын жұмысты бөліп алуына болады. Себебі екі сағат сайын үйді желдетіп, ауаны тазартып тұру керек. Одан бөлек, өзін дамытуға арналған іспен: кітап оқып, білімін жетілдіруге болады. Сонымен қатар, отбасымен неше түрлі ойын ойнап, әңгіме-дүкен құрып, арасында өзіңе күтім жасауға уақыт бөлуге болады. Балаларға берілген тапсырманың орындалуын қадағалауға уақыт жеткілікті болады. Сөйтіп, әрекеттің барлығы автоматты түрде инстинктке айналады. Сондықтан әр күнді жоспармен өткізсе уақыт әсерлі әрі нәтижелі болады", - дейді Анаргүл Маулиқызы.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!