1. Главная
  2. Узнай
  3. Жизнь
  4. Фрагменты

"Мұнда мұғалімім bro деп сөйлейді". АҚШ-тағы мектеп өмірі қандай? 11 ноября 2021, 10:51

Қазақстандық оқушы Қайсар Жәрдем қазір АҚШ-тағы мектепте білім алып жатыр. 16 жастағы қазақстандық Сиэтлде тұрады. Ол Tengrinews.kz тілшісі
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек
  • Нашли ошибку?

Қазақстандық оқушы Қайсар Жәрдем қазір АҚШ-тағы мектепте білім алып жатыр. 16 жастағы қазақстандық Сиэтлде тұрады. Ол Tengrinews.kz тілшісі АҚШ-тағы мектептері мен елделі білім туралы айтып берді. 

"Алты пән таңдап, бір семестр бойы соны ғана оқисың"

Қайсар Жәрдем биылғы 1 қыркүйектен бері АҚШ-та оқиды. Халықаралық FLEX бағдарламасының финалисі атанған. Соның арқасында қазір Сиэтлде оқып жатыр.

"FLEX бағдарламасын АҚШ үкіметі қаржыландырады, сондықтан бұл елге келу үшін бір цент те төлемедім. Ай сайын бағдарлама маған шәкіртақы төлейді. Қазір Roosevelt High school-да 11-сыныпта оқимын. Алда тағы бір сынып бар", - дейді Қайсар.

АҚШ пен Қазақстандағы мектептерде білім алған оқушы екі елдің білім саласын салыстырды.  

"Штаттарда оқушыларға freedom, яғни, көп еркіндік беріледі. Мысалы, оқушылар қандай пәндер оқығысы келетінін өзі таңдайды. Қазақстанда стандарт бойынша барлық сабақты оқуың керек болса, мұнда олай емес. Мысалы, өзіңе ұнайтын алты пән таңдайсың. Сондай-ақ, мұнда оқу жылы төрт тоқсан емес, екі семестрге бөлінген. Сол алты пәнді бір семестр бойы күнде оқисың. Мен фитнес сыныбы, астраномия, Америка тарихы, философия, пианино сыныбы мен математика секілді пәндерді таңдадым", - дейді ол. 

"Астраномия мұғалімі bro деп сөйлейді"

Сонымен қатар, Қайсар АҚШ-тағы мұғалім мен оқушы қарым-қатынасы туралы пікірін айтты.

"Менің байқағаным, оқушы мен мұғалім дос секілді сөйлеседі. Үш рет сұрасаң да, ұрыспай, түсіндіріп береді. Досың сияқты. Мысалы, астраномиядан беретін мұғаліміміз менің сыныптастарыма bro деп сөйлейді. Сонымен қатар, мұнда оқушыларға еркіндік тым көп берілген. Мысалы, оқушы аяғын парта үстіне қойып отыра береді. Болмаса, оқушы сабақ бойы телефон ұстап отыруы мүмкін. Мұғалім ондай кезде тек ескерту жасайды", - дейді ол. 

Бірақ Қайсар оқушыларға тым көп еркіндік берілгендей көрінетінін айтады.

"Балалар сабақ бойы ойына келгенді істейді. Бұл америкалықтар үшін қалыпты жағдай шығар, бірақ маған бұл құрметсіздік секілді көрінеді", - дейді ол.

Сонымен қатар, ол америкалық оқушылардың көбі еріншек екенін байқаған.

"Олар сабақ оқығысы келмейді. Мұндағы сабақтар өте оңай. Қазақстан мен АҚШ-тағы білім беру деңгейін салыстырсақ, мұндағы сабақтар бір сөзбен айтқанда easy", - деп күледі қазақстандық оқушы. 

Қайсардың айтуынша, оған АҚШ мектептеріндегі киім формасы ұнаған. Қалай киінгің келеді, солай киінесің. Шашың ұзын ба, боялған ба - бәрібір. Ешкімнің сенде шаруасы жоқ, дейді ол.

"Фильмдердегі сотқарлар шын өмірде жоқ"

Қайсар америкалық фильмдерде көрсетілетін мектептер мен өмірдегі мектептердің айырмашылығына тоққталды.  

"Фильмдерде америкалық мектепті көрсеткенде тым әсірелеп жіберген. Бірақ дәл келетін тұстары да бар. Фильмдерде мектептер спортқа көп көңіл бөлетіді, әр мектептің өз командасы болады. Мен оқып жатқан мектепте де солай. Спорт түрі көп. Олар үш маусымға бөлінген, тегін айналыса беруіңе болады. Сол спорттың арқасында университетке түсіп кетуің мүмкін. Мысалы, бір досым кросс-кантримен айналысады, оған бір университет грант ұсынды", - дейді оқушы. 

Сонымен қатар, Қайсар фильмдерде жиі кездесетін буллинг туралы да айтты. 

"Америкалық фильмдердегі әр мектепте қарапайым оқушыға тиісе беретін сотқар жігіттер бар. Мен ондайды байқамадым. Оқушылар не бір-бірімен дос болады, не бір-бірімен мүлдем араласпайды. Сонымен қатар, біздің мектепте денсаулығында кінәрат бар оқушылар оқиды. Олар мүгедектерге арналған арнайы мектепте емес, жалпы білім беретін мектептерде оқи береді. Соны көргенде, қатты таңғалдым", - дейді Қайсар. 

АҚШ-тағы оқушының күні қалай өтеді?

Қазір қазақстандық оқушы Сиэтлдегі host family-де (қабылдаушы отбасы - авт.) тұратынын айтты. Оның айтуынша, қабылдаушы отбасы дегеніміз - еріктілер. FLEX бағдарламасының әр финалисіне host family беріледі екен. 

"Әр күнім таңғы 7-де басталады. Жуынып, таңғы асымды ішемін де, 8-де сабаққа шығамын. Сабақ 8:45-те басталады. Әр сабақ 55 минуттан. Бір күнде алты сабақ болады. Үшінші сабақтан кейін ланч басталады, оған бір сағат беріледі. Сөйтіп, сабақ 15:35-те аяқталады.  

Кейін 16:00-17:00 шамасында спорт жаттығулары басталады. Күздегі маусымда қыздарға футбол, жігіттерге кросс-кантри мен америкалық футбол бар. Жаттығулар дүйсенбі мен жұмаға дейін күнде екі сағат болады", - дейді ол. 

Қайсар Жәрдемнің айтуынша, Қазақстанда оқушылар ҰБТ-ға бас қатырса, АҚШ-та жоғары сыныптағы оқушылар SAT-қа дайындалады екен.

"Сол тест арқылы университетке түседі. Егер жоғары балл жинаса, кей университет стипендия тағайындайды. Бірақ мұндағы студенттердің басым бөлігі ақылы түрде оқиды. Қазір достарымның көбі басқа штаттарда ақылы түрде оқуды жоспарлап жүр", - дейді қазақстандық оқушы. 

Суреттер Қайсар Жәрдемнің жеке мұрағатынан



Join Telegram