"Сізді Нұрсұлтан Әбішұлы елге шақырып жатыр". Елбасының көзіне жас алдырған әнші

21 Қараша, 13:10
1
"Сізді Нұрсұлтан Әбішұлы елге шақырып жатыр". Елбасының көзіне жас алдырған әнші - Меруеш Башайқызы Елбасыға арнау айтып тұр. © youtube.com/Айсұлтан Жақыпов
Меруеш Башайқызы Елбасыға арнау айтып тұр. © youtube.com/Айсұлтан Жақыпов

Меруеш Башайқызы - Қазақстан мен Моңғолияның мәдениет қайраткері. Ол 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыртуымен атажұртқа оралған. Бүгінде дәстүрлі әнді халыққа насихаттап жүрген әнші Tengrinews.kz тілшісіне Елбасымен алғашқы кездесуі, атажұртқа қалай келгені жайлы әңгімелеп берді.  

Меруеш Башайқызы 1974 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Көпбалалы жанұяда өмірге келген ол 12 баланың тоғызыншысы. Әншінің айтуынша, бүгінде бауырларының әрқайсы әр салада еңбек етіп жүр. 


Сурет Меруеш Башайқызының жеке қорынан

Бір қызығы, Меруеш Башайқызы бала кезінде өнер ауылынан алыс болған екен. Өнер анасы жағынан да, әкесі жағынан да дарыған. Айтыскер ақын, көпшіл, білімді, сөзге шешен анасы он саусағынан өнер тамған тігін шебері болған. Ал әкесі байланыс саласында қызмет еткен екен. 

"1993 жылы 8-сыныптан кейін Моңғолиядағы мұғалімдер және мәдениет қызметкерлерінін дайындайтын колледжге түстім. Колледж қабырғасында үнемі мәдени шараларға қатысып, белсенді оқушы болдым. Көптің көзіне түсіп, сол кездегі аймақ әкімі Мизамхан Күнтуғанұлының шақыруымен Баян-Өлгейдегі қазақ музыкалық драма театрына әнші болып орналастым", - дейді ол.  

Елбасының атажұртқа шақыруы

Меруеш Башайқызы 1993 жылы колледжді бітіріп, әнші болып орналасқаннан кейін сол жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолия президенті Пунсалмаагийн Очирбаттың шақыртуымен ресми сапармен келген. Ол кез Меруеш Башайқызы әншілік мансабының алғашқы жылдары еді. 

"Мені режиссер кешкі уақыттарда шақырып, "Қазақ елінің президенті келе жатыр. Ертең таңертең Ұланбатыр қаласына барасыз" деп айтты. Баян-Өлгей аймағынан 10 адам делегация болып бардық. Сөйтіп, 1993 жылы 21 қазанда Ұланбатырға жолға шықтық. Ұшақта отырған кезде маған "Арнау" деген әннің сөзін берді. Сөзі ұзақ еді. Бірақ зеректігімнен болар, тез жаттап алдым. 22 қазанда таңертең Елбасын Ұланбатырда киіз үйдің алдында президент резиденциясында қарсы алдық. Мақсатым - әнімнің мәтінін жаңылмай айтып шығу еді. Себебі ол кезде толқу да болды", - дейді Меруеш Башайқызы. 

Видео Айсұлтан Жақыповтың YouTube-арнасынан:

Әншінің өнерін тамашалап тұрған Нұрсұлтан Әбішұлы көзіне жас алған екен. 

"Арнау" айтып тұрған кезде байқағаным - Елбасының көзіне жас алуы. Бұл естелік Қайнар Олжайдың "Президент пырағы" деген кітабында да жазылған. Сосын ол кісі келіп, қолымды алып, батасын берді. Мені елге, атажұртқа шақырды. Бірақ ол кезде 18-19 жастағы жас бала болғандықтан ойлана келе елге бірден қайта қойған жоқпын. Алғашында не деп жауап берерімді де білмей қалдым", - дейді әнші. 

"Сізді Нұрсұлтан Әбішұлы елге шақырып жатыр"

 

Елбасымен алғашқы кездесуінен кейін арада бірнеше жыл өтті. 2001 жылдары Елбасы Моңғолияның сол кездегі президенті Нацагийн Багабандидің шақыруымен екінші ресми сапарына келді. 

"Мен ол кезде жоғары оқу орнына түскенмін. Бұл жолы кешкі хабар тыңдап отырсам, Нұрсұлтан Әбішұлы Күләндә Шонайқызы деген моңғолиялық журналиске сұхбат беріп отыр екен. Тілші "Моңғолияға жасаған алғашқы ресми сапарыңызда қандай естелік сәттері есіңізде қалған еді?" деп сұрады.

Сол кезде Елбасы: "Атын ұмытып қалыппын, бірақ бір кішкентай қыз ән салған. Сол қыздың әні қатты ұнап еді" деп айтып отыр екен. Елбасының бұл әңгімесін естіп қатты қуандым. Кейіннен университетті бітіргеннен кейін 2006 жылы мен Нұрсұлтан Әбішұлына хат жаздым. Хат Елбасының қолына жетіп, маған Президент әкімшілігінен жауап келді. Сол кезде Мәулен Әшімбаев хабарласып, "Елбасы сіздің хатыңызды алды, жағдайыңызды жасаймыз. Сізді Нұрсұлтан Әбішұлы елге шақырып жатыр" деді", - дейді Меруеш Башайқызы.


Меруеш Башайқызы © Жеке архивінен

2007 жылы Тұңғыш Президент Ұланбатырға ресми сапармен үшінші рет келеді. Сол жылы Меруеш Башайқызына елшіліктің шақыруымен өнер көрсету бақыты бұйырып, Ұланбатырда Елбасымен тағы кездескен.

"Ол кісі мені бірден танып, "Енді еліңе қайт, елге еңбек ет" деді. Мен Елбасының осы жолғы ұсынысын ойланбастан қабыл алып, атажұртқа келдім. 

Елбасы мені астанаға шақырды. Бірақ менің туыстарым Қарағандыда тұратындықтан, осы елді мекенге көшіп келдім. Бүгінде Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестікте әншімін", - деп естелігін бөлісті әнші. 

Елбасымен кездесу барысында байқағаным - жүрегі мейірімге толы, қарапайым, жақсы адам екені. Ол кісінің есте сақтау қабілеті өте мықты екеніне таңғалдым. Елбасы айтқан нәрсесін ұмытпай, "Мен саған солай деп едім ғой" деп айтып отыратын. Елбасының есінде қалып, құрметін көріп, ақ батасын алып, елге келіп, еңбек ету - екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Тек мен емес дүниежүзіндегі бір миллионнан аса қазақты елге шақырып, олардың еңбек етіп, өмір сүріп, білім алуына ықпал еткені үшін алғыс білдіреді деп ойлаймын.

Алты баланың анасы, жеке кәсіп, өнер жолы

Әншінің айтуынша, алғашқы жылдары елге бейімделу қиын болған. Бүгінде ол - алты бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. 

"Себебі бір елден екінші елге көшіп, сіңісіп кету оңай емес. Бірақ бүгінде өсіп-өніп отырмыз. Жолдасым екеуміз 6 бала тәрбиелеп отырмыз. Ол кісінің есімі - Ерлан Бақтыгерей. "100 жаңа есім" ұлттық жобасының жеңімпазы, белгілі дирижер, ғылым кандидаты", - дейді әнші. 


Белгілі боксшы Қанат Исламмен. © Жеке архивінен

Өнер саласында жүргеніне 26 жылдың жүзі болған әнші Қазақстанға көшіп келген кезде Қарағанды техникалық университетінде экономика және менеджмент факультетінде білім алған.

"Қоғам дамып келеді, сәйкесінше адам да жан-жақты болуы керек. Әр отбасында шаруасын дөңгелетіп отыратын жеке бизнесі болуы керек деп есептейміз. Отбасымызда ол бағытта да аздап шұғылданып жүрген тірліктеріміз бар.


Меруеш Башайқызы © Жеке архивінен

Елге келгенде елдің жақсылығын көрдік. Елбасының өсиеті, ұлағатты жолымен шамамыз келгенше өнер саласында еңбек етіп жатырмыз. Шетел қазақтарының әндерін атажұртқа алып келдік. Соны насихаттап, әр жерде концерт өткізіп, халықтың рухани құндылығына үлес қосып жатырмыз деп есептеймін", - деп ойын бөлісті әнші. 

"Бірақ көзіме жас алдырған жалғыз әнші сенсің"

Өзге ұлт өкілдері көп тұратын Қарағанды қаласына келгеннен кейін ортаға үйрену әнші үшін алғашында қиын болған. 

"Қазақстанға алғаш келген жылдары орыс тілі қалыптасып қалғанын байқадым. Бірақ өнер адамы болғаннан кейін тез тіл табысып кеттім. Алғаш көшіп келген жылы менің жетекшім Александр Федорович деген өнер қайраткері болды. Сол кісінің арқасында орыс тілін де тез үйреніп, жетілдірдім. Бастысы қиындықтарға мойымай, еліме, жеріме келдім деген ой ғана алға жетеледі. Мақсатым да сол болды", - дейді әнші. 


Меруеш Башайқызы Елбасымен қол алысып амандасқан сәт © Жеке архивінен

Қос елдің мәдениет қайраткері бүгінге дейін он шақты елде өнер көрсеткен. 

"Жапония, Корея, Франция, Германия, Швеция, Швейцария, Түркия, Қытай және Ресейде, сонымен қатар, Моңғолияның барлық аймағында өнер көрсеттім. Өзім қызмет еткен өнер саласында еңбегімнің жемісін жедім. Одан артық бақыт жоқ деп есептеймін. Ең бастысы - еліміз тыныш, бейбіт те берекелі елде өмір сүріп жатырмыз. Атажұртына көшіп келген әр қазақ Елбасына ризашылықпен көңілін, ыстық ниетін білдіріп отырады", - дейді әнші. 

Нұрсұлтан Әбішұлымен өнер адамы болғаннан кейін үнемі кездесіп отыратынбыз. Маған Елбасының берген ең зор бағасы: "Менің алдымда ән айтқан әнші көп. Бірақ көзіме жас алдырған жалғыз әнші сенсің" деген сөзі еді. Ол - мен үшін үлкен бақыт, құрмет деп есептеймін.

Мақаланы дайындауға көмектескен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына алғыс білдіреміз 

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц