26 апреля 2021 | 17:13

"Тәулігіне 60 мың адам жұқтырған". Қазақ студенті Түркиядағы жағдайды айтты

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Коронавирустың өршуіне байланысты локдаун жариялаған Түркияда тұрып жатқан қазақстандық студент ол елдегі бүгінгі ахуал мен өмірдің қандай екенін әңгімеледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Коронавирустың өршуіне байланысты локдаун жариялаған Түркияда тұрып жатқан қазақстандық студент ол елдегі бүгінгі ахуал мен өмірдің қандай екенін әңгімеледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Уақытша деп ойладық"

Аты-жөнім Бекзат Бекболат, Анкарадағы Ankara Hacı Bayram Veli Университетінің 1-курс студентімін. Түркияға 2019 жылдың күзінде келдім. Өткен жылдың басында бұл елде ковид жұқтырғандар жоқ еді. Алайда, көп ұзамай көрші Иран елінде коронавирус жұқтырғандар шыға бастады және жағдай бірден үдеп кетті. Содан бастап "дерт Түркияға да келеді", деген күдік пайда бола бастады. Ақыры, наурыз айының ортасында "Түркияда коронавирус жұқтырған адамдар шығыпты" деген хабар жетті. Бастапқыда қорқып, уайымдағанмен уақытша дүние деп ойладық.

Кейін бұл дерттің қысқа мерзімде жойылмайтынына көз жетіп, оқу онлайн форматқа көшті. Уақыт өте келе вирусты жұқтырғандар саны күн санап артып, қайтыс болғандар саны да өсе берді. Дәмхана, мейрамханалар жабылып, апта соңында көшеге шығуға тыйым салынды. Түркия үшін өткен жылдың сәуір, мамыр айлары өте ауыр болды.

 "Қазақстанға келіп таңғалдым"

Жаз мезгілінен бастап коронавирустың таралу қарқыны төмендеп, демалыс орындары қайта ашылып, рейстер қалыпқа келтіріле бастады. Былтыр шілде, тамыз айларында елге барып қайттым. Қазақстанда ол кезде барлығы еркін өмір сүріп жатты, ешкім маска тақпайтын, сақтық шараларының да аса қатты сақталмайтынын байқап, таңғалдым.

Ал, Түркияда күзден бастап бұл дерттің таралуы қайта белең алды, сақтық шаралары да күшейді. Алайда түркиялықтар да ол шараларға селсоқ қарап, желтоқсанда тәулігіне 30 мың адам коронавирус жұқтырған кездер болды. Сөйтіп, карантин қайта жарияланып, биыл қаңтар, ақпан айларына дейін жалғасты. Статистикалық көрсеткіштерде оң нәтижелер байқалғаннан кейін наурызда шектеу шараларының біразы алынды. Дәмханалар ашылды, демалыс күндеріндегі шектеулер алынды, осының барлығы кері әсерін тигізген сияқты, себебі осыдан кейін күніне 50-60 мың адам коронавирус жұқтырып, алдыңғылардан да қатаң шаралар енгізілді. 

Биыл Рамазан айының алғашқы күнінен бастап сағат 19.00-ге дейін ғана көшеге шығуға болады, одан кейін барлығы жабық. Бұл жағдайдың барлығы шағын кәсіп иелеріне ауыр тиіп жатыр, мемлекет тарапынан көмектер көрсетілсе де, олар орасан шығынға батты.

Дүкендерге, өзге де қоғамдық орындарға арнайы код арқылы кіргізеді, Түркияда оны HES код деп атайды. Код телефонда, егер вирус жұқтырмаған болсаңыз жасыл түс шығады, яғни, кіруіңізге болады.

Масканы бастапқыда көп адам кимеді, ал қазір әдетке айналды ма, әлде үйренді ме барлығына дерлігі киіп жүреді.

 "Туристерге де шектеу шаралары қолданылып жатыр"

Карантин шаралары күшейген кездерде шетелдіктерге ешқандай тыйым салынбады, туристер еркін қыдырып жүрді. Ал дәл қазіргі локдаунда туристерге де шектеу шаралары қолданылып жатыр. 

Коронавирус мен сияқты өзге елден барған студенттерге де оңай болмай жатыр. Себебі оқу қашықтан болғандықтан көпшілігі жатақханаға бармайды, орындар босап қалды, сол үшін басқа жатақханаға көшірді. Оқудың қашықтан болғанының өзі біз үшін жақсы емес. Себебі тіл үйренемін, жаңа достар табамын деген қуанышымыз су сепкендей басылды.

"Сабақ оқыған ғұрлы болмайсың"

Компьютер, телефонмен оқылған оқу толыққанды болады деп айта алмаймын, себебі оқытушылардың барлығы бірдей сабақ өтпейді, кейбірі тапсырма берумен шектеледі, сөйтіп сабақ оқыған ғұрлы болмайсың немесе оқуға деген құлшынысың төмендейді. Дегенмен, эмтихандар кезінде карантиннің көмегі болды, тапсырмалар жеңілдеді.

Коронавирус өршігеннен кейін қазақстандық студенттердің көбі елге оралды, мен қалдым. Ол достарым елге кеткеннен кейін қазіргі жағдайда күндерім сұрықсыз өтіп жатыр.

Әлеуметтік желіден достарымның жазбаларын көріп, қызығып отырамын, Түркияда қашан ондай еркіндік болар екен деп, ойға қаламын.

Ал, Түркиядағы бүгінгі өмір осындай. 65 жастан асқандар мен 18 жасқа толмағандар белгіленген уақыт аралығында ғана көшеге шыға алады. 

Қариялар да бұл пандемиядан шаршаған сияқты... 

Көшеге 19.00-ге дейін ғана шығуға болса, маркеттер 18.00-де жабылады. Сондай бір маркетте кезекте тұрғандар.

Рамазан айында ғана сатылатын пидені алу үшін кезекте тұрған жұрт.

Бекзат Бекболат жолдаған суреттер. 

Айта кетейік, бұған дейін Түркияда коменданттық сағаттың енгізілгені хабарланған болатын. Түркиядағы ведомстводағылар бұл шешімнің елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты қабылданғанын атап өтті. Статистикаға сәйкес, өткен жұмада, 16 сәуірде Түркияда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың рекордтық тәуліктік өсімі тіркелген. Бір тәулікте 63 082 жағдай анықталды.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 482.09   532.1   5.08 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети