Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
17 января 2020 12:05

"Тойға 35 адам келді" - даниялық жігітпен отау құрған қазақ қызы

ПОДЕЛИТЬСЯ

© instagram.com/alimaholck © instagram.com/alimaholck

Алима Төлешова Данияның Орхус қаласында тұрады. Халықаралық сауда бойынша магистр дәрежесі бар ол бүгінде даниялық ірі компанияда қызмет етеді. Алима 2016 жылы Йеппе есімді даниялық жігітке тұрмысқа шыққан. Бұған дейін 30 елді аралап үлгерген кейіпкеріміз Tengrinews.kz тілшісіне интернационал отбасы және Даниядағы өмірі туралы айтып берді.


Алима Төлешова Данияның Орхус қаласында тұрады. Халықаралық сауда бойынша магистр дәрежесі бар ол бүгінде даниялық ірі компанияда қызмет етеді. Алима 2016 жылы Йеппе есімді даниялық жігітке тұрмысқа шыққан. Бұған дейін 30 елді аралап үлгерген кейіпкеріміз Tengrinews.kz тілшісіне интернационал отбасы және Даниядағы өмірі туралы айтып берді.

Даниядағы өмірі

Алиманың айтуынша, Дания - экономикасы қарқынды дамыған мемлекет. Бұл елде жемқорлық төмен деңгейде болғандықтан халықтың өмір сүру жағдайы жақсы.

"Дания өмір сүру деңгейі, медицина, білім жағынан түрлі рейтингтерде көш бастап тұр. Сонымен қатар, даниялықтар бірнеше рет әлемнің ең бақытты халқы атанған. Бұл ел Қазақстанға қарағанда көпұлтты емес, мұндағы халықтың 80 пайызы - даниялықтар. Қазақтар мен даниялықтардың мәдениетінде де ерекшеліктер бар: олар көбіне қарапайым келеді. Мұнда бай адам қайсы, кедей адам қайсы - ажырата алмайсың", - дейді Алима.


© instagram.com/alimaholck

Кейіпкеріміздің айтуынша, Данияда шетелдіктерге жақсы жағдай жасалған. Мәселен, тіл білмейтіндерге арналған тегін курстар бар.

"Әрине, жаңа елге көшудің артықшылығы мен кемшілігі қатар болады. Ортаға тез үйренісіп кетуге маған дат тілін үйренуге арналған курстар көмектесті. Бұл - мемлекет тарапынан кез келген шетелдікке арналған тегін курс. Осы арқылы мен жұмысқа да аз уақыттың ішінде орналастым.

Данияда жұмыс істеу - үлкен ғанибет. Мұнда арнайы дресс-код жоқ, жұмыс күні сағат 16:00-ге дейін, ал жұма күні сағат 15:00-ге дейін. Сонымен қатар, мұнда медицина мен білім тегін", - дейді Төлешова.

Алима өзі тұрып жатқан мемлекетте салынатын салық көп екенін айта кетті. Айтуынша, мұндағы табыс салығы 40-60 пайыз аралығында екен.

"Кемшіліктері жайлы айтсам, ол салық мәселесі шығар. Себебі мұндағы табыс салығы 40-60 пайыз, мүлік салығы да қымбат. Одан бөлек, сыйлықтарға да салық салынады. Көшіп келген кезде жаңа достар тауып, орта қалыптастыру қиын болды. Бұл жағынан маған жолдасым мен оның отбасы қолдау көрсетіп, көмектесті. Күйеуімнің достары үнемі қонаққа шақырып, жаңа адамдармен таныстым. Даниядағы төрт жыл ішінде өз ортамды қалыптастыра алдым", - дейді Алима.

Болашақ жарымен қалай танысқан?

Алима болашақ жары Йеппемен Қытайдың Шанхай қаласында танысқан. Бүгінде отау құрғандарына төрт жыл болыпты. 

Төлешова екі жылдай Тұңғыш Президент Қорында істегеннен кейін Қытайға магистратураға түсуге шешім қабылдаған.

"Шанхайда 3,5 жылдай тұрып, болашақ жарымды кездестірдім. Магистратураны аяқтағаннан кейін күйеуіме Данияда жұмыс істеуге ұсыныс түсіп, көшіп кеттік. Қазір Орхуста тұрамыз. Орхус - Дания астанасы Копенгагеннен кейін екінші ірі қала. Әрине, қазақстандық өлшемдер бойынша үлкен қала емес: шамамен 300 мыңдай адам тұрады", - дейді Алима.


© instagram.com/alimaholck

Кейіпкеріміз жарымен үйдегі жұмыстарды тең бөліп алатынан айтады.

"Біздің шаңырағымызда басқа отбасылар секілді құқығымыз тең: күйеуіммен үйдегі жұмыстарды бөліп аламыз. Ас дайындау жолдасымның мойнында, ал мен үй жинаумен айналысамын. Мен іс сапарға кеткен кездері күйеуімнің қарны ашып не көйлегі үтіктелмей қалды-ау деп уайымдамаймын.

Одан бөлек, даниялық жігіттер бір айға болсын декретке шығады. Себебі олардың өмірінде бала тәрбиесі, баламен қарым-қатынас орнату ең бірінші орында. Одан бөлек, жақында Данияда жаңа заң шықты: 2021 жылдан бастап ер адам 2 айға декретке шығуға тиіс", - дейді ол.

Дат-қазақ тойы қалай өтті?

Интернационал отбасыда екі той болған: бірі қазақша, екіншісі дат дәстүрі бойынша.

"Бір аңғарғаным - қазақтың және даниялық тойдың айтарлықтай айырмашылығы бар. Біздің тойлар қызық шоу-бағдарлама, тамада, ойын, бисіз өтпейді. Одан бөлек қазақтың дастарханы молынан және келетін адам саны да көп болады.

Ал Данияда үйлену тойлары өте қарапайым өтеді. Тойға ең көбі 40 адам ғана келеді. Тойды жас жұбайлар мойнына алады. Әдетте 6-7 жыл бірге өмір сүргеннен кейін шаңырақ құрады. Даниядағы той шіркеуде не АХАЖ бөлімінде басталады. Артынан қонақтар мейрамханаға барады. Кеш кезінде қонақтар жас жұбайларға ақ тілектерін айтып, ықыластарын білдіреді. Ал антракт сағат кешкі 11 шамасында басталады", - дейді Алима.


© instagram.com/alimaholck

Алима мен Йеппенің даниялық тойында 35 адам болған.

"Тек жақындарымыз бен достарымыз болды. Ал Қазақстандағы тойға Даниядан 40 адам келді. Тіпті 88 жастағы атамыз да Даниядан ұшып келді. Біз жақтағы тойда құдалық пен қыз ұзату болды. Құдалық өте қызық өтті. Дәстүр бойынша Йеппе әртүрлі сынақтардан өткен соң сырға салу рәсімі болды. Артынша қонақтар ас ішіп, би биледі. Қыз ұзату да 40 градус ыстыққа қарамастан тамаша өтті. Мені ақ жол салып, ата-анам ұзатқан сәт даниялық қонақтарымызға әсер етпей қоймады", - дейді кейіпкеріміз.

Алимаға жарының отбасына үйренісіп, қарым-қатынас орнату қиын болмаған.

"Данияда жас жұбайлар мен туыстары арасындағы қарым-қатынас орнату оңай. Мұнда ешкім басқаның жеке өміріне қол сұқпайды. Күйеуімнің туыстарымен жиі бас қосамыз. Даниялықтарда келінге қатысты қатып қалған ереже жоқ. Туыстардың жақсы қарым-қатынас орнатуы - Даниядағы басты қағидалардың бірі. Туыстар үнемі бір-бірімен хабарласып, жағдай білісіп отырады", - дейді ол.


© instagram.com/alimaholck

Төлешованың айтуынша, ағылшын тілін білмейтін оның ата-анасы алғашында қыздары шетелдік жігітке тұрмысқа шығатынын естігенде қатты қобалжыған.

"Әр ата-ана баласы үшін алаңдайтыны белгілі. Әрине менің ата-анам алғашында күйеуіммен таныспай тұрып қатты қобалжыды. Одан әкем мен анам тіл мәселесі кедергі болады деп ойлады, себебі олар ағылшын тілін білмейтін. Бірақ оған қарамастан болашақ күйеубалалары ұнады.

Йеппе ата-анамды жеңіл мінезімен, алған тәрбиесімен баурап алды десем болады. Күйеуім де ата-анаммен танысар алдында қатты қобалжыды. Тіпті, жақсы әсер қалдыру үшін бірнеше қазақша сөз үйреніп алды. Танысқаннан кейін ата-анам күйеуімді өз балаларындай жақсы қабылдады", - дейді Алима. 


© instagram.com/alimaholck

Алима бұрындары шетелдік жігітке тұрмысқа шығамын деп ойламағанын, алайда ол жайлы негатив ой болмағанын айтады.

"Әркімнің маңдайына жазылған тағдыры бар. Махаббатты ешқашан жоспарлауға болмайды. Меніңше, отбасының бақытты болуы ұлтқа байланысты емес. Жақсы не сәтсіз неке Қазақстанда да, Данияда да бар. Кейбір отандастарымыз "Қазақтар өзі аз, қайдағы интернационал неке?" деп ашуланып жатады. Бұл пікір маған екі түрлі ой салады: онда неліктен өзі бізден аз даниялықтар қан тазалығы жайлы әңгіме айтпайды?

Меніңше, ол менталитетке байланысты: даниялықтар жеке өмірді құрметтейді. Бізде, керісінше, адамның жеке өміріне араласу қалыпты жағдай деп есептейді, ол жақсы пейілмен болса да. Мен интернационал некеге бірқалыпты қараймын. Мұндай отбасыларға адамдар Желіде негатив жазғанымен бастысы отбасым мен достарым менің таңдауымды құрметтейді", - дейді Алима. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 445.66   490.7   4.78 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети