Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
18 апреля 2018 15:29

Қалыңдық көйлегінің құпиясы немесе биылғы басты трендтер

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қалыңдық Жансая. © Tengrinews.kz Қалыңдық Жансая. © Tengrinews.kz

Келген қонақтардың үйлену тойының басты кейіпкері - қалыңдыққа аса мән беріп қарайтыны сөзсіз. Соңғы кездері елімізде той көйлектері еуропалық стильде тігіліп жүр. Бірақ ақ көйлекті сатып алу немесе оны дизайнерге тіктіруге біреудің қалтасы көтерсе, енді біреулердің мүмкіндігі жоқ. 


Келген қонақтардың үйлену тойының басты кейіпкері - қалыңдыққа аса мән беріп қарайтыны сөзсіз. Соңғы кездері елімізде той көйлектері еуропалық стильде тігіліп жүр. Бірақ ақ көйлекті сатып алу немесе оны дизайнерге тіктіруге біреудің қалтасы көтерсе, енді біреулердің мүмкіндігі жоқ. 

Тарихқа үңілер болсақ, қалыңдықтың ақ түсті көйлек кию дәстүрі XIX ғасырдан бастау алған, нақты айтсақ, 1840 жылдың 10 ақпанында ағылшын ханшайымы Виктория алғаш рет неке қию рәсіміне ақ түсті көйлек киіп барған екен. Осыдан 200 жыл бұрын дәстүрге айналған ақ түсті қалыңдық көйлектері жыл сайын өзгеріп, түрлі тенденциялар пайда болып жатыр.


© the-wedding.ru

Қазақ халқында қалыңдықтар бұрыннан ұлттық нақышта ұлттық әшекейлермен сәнделген көйлектерді камзолмен киген. Қалыңдықтардың біреуі оны Қыз ұзатуға кисе, тағы біреулері оны үйлену тойына киюді жөн көреді. Айта кету керек, мұндай көйлектер әлі күнге дейін сұранысқа ие.


© kazgazeta.kz

Қазіргі уақытта заманауи қалыңдық көйлектерін ұсынатын Алматыдағы дүкендердің бірінің әкімшісі Зарема Салаватованың айтуынша, бүгінде Қазақстанда 3D аппликациялық көйлектер, кестеленген корсеттер мен жарқыраған белдемше түріндегі көйлектер сәнге айналған.

Сондай-ақ, маманның айтуынша, қазіргі уақытта атластан жасалған көйлектер жоғары сұранысқа ие.

Мысалы, дүкенде тұрған атластан тігілген мына көйлектің құны 460 000 теңге екен.


© Instagram.com

"Қазақстандық қалыңдықтардың талғамы жыл сайын өзгеріп жатыр деп айта алмаймын. Жалпы қазақстандық қалыңдықтардың талғамы ұқсас - көйлектің үсті жабық, ал жеңі ұзын болып келген көйлектер мен сәнді шлейфі бар көйлектерді таңдайды", - дейді дүкен әкімшісі.

Дегенмен маман қалыңдықтардың көйлек таңдау кезінде ерекше көйлек іздеп, қайталанбас образда болғысы келетінін айтады. "Қыздар соңғы кездері атластан жасалған көйлектерді іздейді. Бұл осы маусымда жасап шығарған соңғы образдарымыз. Ал жалпы фатин қалыңдық көйлегінің классикасы деуге болады. Фатин ешқашан да сәннен шықпайды", - дейді Зарема Салаватова.

Ал қалыңдықтар армандап жүрген мына көйлектің құны 950 000 теңге екен. 


© Instagram.com

Мұнымен қоса, ол дүкендергі барлық көйлек еуропалық модель бойынша тігілгенін және материалдардың барлығын Англия, Италия және Америка елдерінен жеткізілетінін айтып өтті.

Ал қалыңдық көйлектерінің қазіргі уақытта бағасы қандай екені жайлы сұраққа маман жеңілдікпен 36 000 теңгеден бастап 1,5 миллион теңге аралығында сатып алуға болатынын айтты.


Құны 380 000 теңге болатын қалыңдық көйлегі. © Instagram.com

Отандық сәнгер Құралай Нұрқаділованың айтуынша, той көйлектеріне де, ұзатуға арналған көйлектерге де тренд бар. Алайда тойдағы сән трендтері өзге сән трендтері секілді жиі өзгеріске ұшырай бермейді екен.

"Той көйлектерінде әлі күнге дейін ұлттық нақыш сақталып келеді. Қалыңдықтар қазіргі уақытта жабықтау келген көйлектерді таңдайды, себебі олар тойға үлкен кісілердің келетінін түсінеді. Дегенмен жабықтау келген көйлектер өте әдемі көрінеді", - дейді сәнгер.


© Құралай Нұрқаділова

Сонымен қатар, Нұрқаділованың айтуынша, соңғы жылдары той көйлектерін шараның жалпы безендіру көрінісіне қатысты өзгерту тренді байқалады.

"Жалпы соңғы жылдары қалыңдықтарымыз той көйлектерін шараның тематикасы, зал мен орындықтардың безендірілуіне қарай таңдайды. Ал ұзату көйлектері жайлы айтатын болсақ, бұрын қалыңдықтар сәукелені той басталғаннан кеш соңына дейін киіп жүретін. Ол нағыз әшекей ғой. Бірақ қазір қыздар сәукелені сағат 12-ге 10-15 минут қалғанда, көп дегенде бір сағат қалғанда ғана киіп жатады. Осындай сұлулықтың іс-шараның басынан аяғынан дейін көрінбей қалатыны өкінішті", - деді ол.


© Құралай Нұрқаділова

Ал биыл трендте өрнекті-торлы әрі жұқа селдір көйлектер екен.

"Қазақстандық қалыңдықтар көйлекті маусымға байланысты таңдайды. Қазіргі уақытта трендте өрнекті-торлы әрі жұқа селдір көйлектер. Немесе көйлек ұлттық нақышпен тігілуі мүмкін. Ол да өте әдемі көрінеді. Бұрын ондай өрнектер көйлектерде аса үлкен болып көрінбесе, қазір өрнектер ірі етіп салынған. Бұл жаңа бағыт жаңа тренд десе де болады. Той көйлектерін қандай маталардан тігетініміз жайлы айтатын болсам, біз әртүрлі маталарды қолданамыз: өте нәзік маталар, тафтадан немесе фетра материалынан жасалған аппликациялар. Кей қалыңдықтар камзол киюді қалайды - қысқа немесе ұзын. Барқыт матадан тігілген көйлектердің де тренді байқалады", - деді Нұрқаділова.

Сәнгердің айтуынша, дизайнерлік той көйлектерінің орташа бағасы 300-350 мың теңге. Алайда бұдан да арзан нұсқалары бар екен.

"Сәукеле қолөнер болғандықтан оның бағасы көйлектің бағасының жартысына тең болады. Көбі сәукеленің қымбат көрінгенін қалайды ғой. Жалпы айтатын болсақ, сәукеле еуропаланған көйлектерден кішкене қымбат тұрады. Еуропаланған көйлектер деп отырғаным, бұл жинақ, яғни, онда қалыңдық көйлегі, баскиім, фата, белдік болуы мүмкін немесе онда мойынға тағатын әшекей болуы мүмкін. Көбі менің дизайнерлік көйлектерімді қымбат деп ойлайды, бірақ менің көйлегімнің бағалары қисынға келеді және өз бағасына лайықты. Көбі мұны өте қымбат деп түсінеді"- дейді Құралай Нұрқаділова.

Сәнгер өз тәжірибесін бөлісе отырып, әрқашан да қалыңдықтың таңдауына икемделетінін айтады.

"Еліміздегі жақсы салондардың бірінен дайын тұрған немесе каталогтан еуропалық көйлекті сатып алсаңыз немесе басқа бір жақтан тіктіртіп жатсаңыз, оның бағасы біздің көйлектердің бағасымен бірдей болуы мүмкін. Бірақ мұнда бір ерекшелік болады. Яғни, мен қалыңдыққа әрқашан жаңа өңім ұсынамын, тек қана оған арналып жасалған кесте тігемін және де ондағы материалдың барлығы кутюрьеден болады. Міне, сол арқылы мен дайындаған қалыңдық өзгелерден ерекшеленеді және бұл қалыңдықтың даралығын көрсетеді. Ол әдеттегі қалыпты қалыңдық болмайды, мен әрқашан да қалыңдықтың таңдауына икемделемін", - деді ол.


© Құралай Нұрқаділова

Ал іс жүзінде той көйлегін алуда елімізде таңдау қандай? Бұл туралы таяуда тұрмыс құрған 23 жастағы Мария айтып берді. Қазірде босаға аттап, үй ошағын түтетіп отырған келін той көйлегін жалға алғанын айтады.

"Әрине, қалыңдық көйлегін алдын ала іздестіріп, қарап жүрдік. Содан дүкендердің бірінде маған бір көйлек ұнап қалды. Ол көйлек жаңа коллекциядан болған екен, осыған дейін ешкім кимеген. Бірақ жалға алсаң сол күні киіп, келесі күні әкеліп беруін тиіс. Оның құны - 100 мың теңге. Кейін тағы бірнеше дүкенді аралап қайттық, бірақ мына көйлек есімнен кетпей қойды. Қатты ұнады, бірақ көйлек ауыр болды. Содан қайта бірінші барған дүкенге бардым. Соңында сол көйлекті алатын болып шештім. Сыйлық ретінде қалыңдық қолына ұстайтын гүл мен жігіт тағатын гүл берілді. Өміріңде бір рет киетін болғандықтан, той көйлегімнің ерекше əрі бəрінің есінде қаларлықтай болғандығын қаладым. Өзім армандаған той көйлегін əперген жолдасыма алғысым шексіз", - дейді Мария.


Мария7 © Tengrinews.kz

 Ал екінші қалыңдық Жансая үйлену тойы күзде болғандықтан көйлек таңдау біраз қиындық туғызғанын айтады.

"Менің тойым қыркүйек айында болды. Қыркүйек күз кезі болғандыктан, калындық көйлегін таңдау біраз қиынға соқты. Қалыңдық үшін той көйлегі негізгі мәселе болғандықтан, өте қатты қобалжыдым. "Қалыңдық көйлегі - бұл бала кезіңдегі арман" демекші, өз ойымдағы көйлекті алдым. Қалыңдық көйлегім 2016 -2017 жылдың трендіне сәйкес келді. Көйлегім айвори түсінде еуропалық стильде болды. Бағасы да өзіне сай", - дейді Жансая.


Жансая. © Tengrinews.kz

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети