Сұлулықты кәсіп еткен қазақстандық бьюти-блогерлер

08 Тамыз, 13:04
10
© Tengrinews.kz коллажы
© Tengrinews.kz коллажы

Бүгінде сұлулықтың бизнеске айналғаны рас. Оған дәлел ретінде елімізде бьюти-блог түсінігінің қалыптасып, сұлулық индустриясындағы отандық мамандардың күн санап артып жатқанын айтуға болады. Қазақстандық қыздар да қазір сұлу болу үшін отандық бьюти-блогерлердің жазбалары мен видеоларына қызығушылық танытып, тіпті солар сияқты блог жүргізгісі келеді. Сұлулық жайлы блог жазу оңай болып көрінетіні рас. Дегенмен расында ол көп еңбекті және көп уақытты талап ететін кәсіп.

Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі қазақ бьюти-блогерлермен тілдесіп, қазіргі бьюти-индустриядағы трендтер жайлы әңгімелесіп және бьюти-блогтар арқылы табыс табудың қаншалықты мүмкін екенін сұрап көрді.

Instagram желісінде 620 мыңнан аса жазылушысы бар қазақстандық бьюти-блогер, визажист әрі кәсіпкер 21 жастағы Айым Алтынбекова негізі ағылшын-түрік тілдерінің аудармашы-оқытушысы мамандығын оқыған екен. Ал бьюти-индустрияға келгеніне 6 жыл болыпты.

Айтуынша, бұл саланы ол жанына жақын болғандықтан таңдаған. Блогер әлеуметтік желідегі парақшасында косметикаларға сипаттама беріп, кеңестерін беріп отырады.

Айым Алтынбекованың айтуынша, бүгінде сұлулық индустриясында бәсекелестік өте жоғары. Бірақ блогердің сөзіне сүйенсек, осы саладағы әрбір маманның өз фишкасы, өз техникасы және өз клиенттері болады.

"Бірақ мен бәсекелестерім жоқ деп санаймын. Себебі менің өз клиенттерім жетіп артылады және жеке техникам бар. Ешкімде жоқ техника десе де болады. Сондықтан болар, бәсекелестіктен қорықпаймын", - дейді Айым Алтынбекова.


Айым Алтынбекова © Instagram парақшасынан алынған сурет

Ал табысы жайлы сұраққа блогер қазір жеке бизнесі болғандықтан қанша табыс табатынын атай алмайтынын айтты. 

"Қазір осы салада бизнесім бар. Бірақ әлеуметтік желілер арқылы қанша ақша табатынымды айта алмаймын. Ал бұрын, иә, тек әлеуметтік желілер менің табыс көзім болды. Жалпы Instagram-нан айына шамамен 700 - 800 мың теңге, кейде одан да көп болып қалады", - дейді блогер Айым.


Айым Алтынбекова © Instagram парақшасынан алынған сурет

Бұдан бөлек, блогер бүгінде бьюти-индустриядағы трендтерге тоқталды.

"Қазіргі уақытта макияж жайлы айтатын болсақ, nude стилі трендте. Көбі қазір қас пен көзді қатты боямай, кремді азырақ жағуды жөн көреді. Көбі табиғи сұлулыққа мән беріп жатыр", - дейді Айым Алтынбекова.

Madina About лақап атымен танымал болған бьюти-блогер Мадина Бағдатова да қазіргі уақытта табиғи сұлулықтың трендке айналғанын айтады.  Блогердің айтуынша, әдемі және жарқын бет терісі, тыныққан ұйқы мен дұрыс тамақтану әрдайым трендте болады.

Instagram желісінде сұлулық жайлы блогтарымен танымал болған Мадина Бағдатова сәулет-құрылыс факультетінде оқыған. Ал бұл саламен ол өзінің қызығушылығы болғаннан айналысып жатыр екен.


Мадина Бағдатова © Instagram парақшасынан алынған сурет

Пайдалы жазбаларын бөлісіп отыратын блогер қыз сұлулық индустриясының күннен-күнге тез дамып жатқанын айтады. 

"Бьюти-индустрияда бәсекелестік өте үлкен. Күнделікті жаңа сұлулық салондары ашылып, визажистер саны артып келеді. Дегенмен елімізде нағыз бьюти-блогер деп 10 адамды атап бере аламын. Себебі блогер мынадай бәсекелестікте жоқ болып кетеді немесе мүлде аса қызығушылық танытпай, сапасыз контент жасайды. Әдетте менің жағдайымда, яғни бьюти-блогер ретінде аудитория жинап, оны әрі қарай дамыту өте қиын. Себебі қазір әдемі қыздардың блогтары жетіп артылып, лайктар мен қаралымдарды көптеп жинайды. Сондықтан қазіргі уақытта блогерлер өз контенті үшін жеке өмірлері жайлы жазатын болды", - дейді блогер Madina About.


© Instagram парақшасынан алынған сурет

Сондай-ақ, бьюти-блогер жұртта блогерлердің әлеуметтік желілерде оңай табыс табады деген түсініктің бар екенін айтады.

"Біздің менталитетте Instagram-дағы блогер ақшаны оңай табады деген түсінік қалыптасқан. Адамдардың өзі жарнама іздеп, тіпті оның шынайы кеңес немесе тек жарнама екенін ажырата алмай қалып жатыр. Бірақ мен өз блогым арқылы ешқандай табыс таппаймын. Өзім құрылыс саласында жұмыс істеймін. Бірақ бьюти-салада 5 000 теңге тапсам, оны міндетті түрде блогқа саламын. Контентті толтырудың өзіне және суретке фон таңдаудың өзі қаншама уақытты алады. Сондай-ақ, SMM мен блогымды дамытуға да біраз қаржы кетеді: косметика аламын, басқа блогерлерден жарнама сатып аламын. Мұның барлығы басқа қыздар менің де контентім жайлы білуі үшін жасалады", - деп түсіндірді Мадина.

Сондай-ақ, соңғы кездері елімізде бьюти-индустрияда ер адамдардың да саны артып жатқанын байқауға болады. Олар бояуға және косметикаға келгенде қыз балалардан кем түспейді және оларға деген сұраныс та жетерлік. Мысалы, Instagram желісінде 36 мыңнан аса жазылушысы бар павлодарлық 19 жастағы Әділ Хэйнс бьюти-блог жүргізумен қатар, түрлі тренингтер өткізуді қолға алған.

Блогер оқуын әлі аяқтамапты. Шет тілдерін оқып жатыр екен. Ал неліктен осы салаға келгенін ол бірде өзін бояндырып көрген соң оған мұның ұнап қалғанын, сондықтан осы кәсіпті таңдағанымен түсіндіреді. Бірақ Әділдің айтуынша, расында бьюти-индустрияда ешқандай бәсекелестік жоқ. Себебі бүгінде Қазақстанда бьюти-блогерлер өте аз.


Әділ Хэйнс. © Instagram парақшасынан алынған сурет

Сондай-ақ, визажист әлеуметтік желілер арқылы табыс таппайтынын айтады. Оның табыс көзі әзірге визаждан ғана екен.

Ал қазіргі уақытта сұлулық индустриясындағы трендтер жайлы сұраққа блогер былай деп жауап берді: "Қазіргі уақытта трендте минимализм, барынша табиғи макияж. Яғни, барлығы жеңіл түрде боянғанды қалайды: крем, табиғи қас және кішкене хайлайтер".

Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесін оқыған Алика Байбачинова қазіргі кезде қазақстандық қыздардың табиғи сұлулыққа ұмтылып жатқанын айтады. "Бұрынғыдай қатты бояу, қатты боялған қастар жоқ. Табиғи сұлулық пен baby glow стиліндегі макияждар трендке айналды", - дейді блогер.


Алика Байбачинова. © Instagram парақшасынан алынған сурет

Бьюти-блогер әлеуметтік желідегі парақшасында пайдалы кеңестерін жариялап отырады. Сатып алған косметикаларының артықшылықтары мен кемшіліктерін жазып жүреді. Бірақ, Аликаның айтуынша, бұл оның табыс көзі емес. Ол қыздарға курс өткізуден ғана табыс табады екен.

Сондай-ақ, боянуы мен киім киісінен ерекшеленіп, қыздар арасында қызығушылық тудырған астаналық Әсия Жидебайдың айтуынша, ол бастапқыда нақты бьюти-блог жазуды мақсат етпеген. 

"Жалпы мен менеджмент факультетінде оқығанмын. Сұлулық жайлы блог жүргізу мақсатым болған жоқ. Өздігінен сол саламен айналысып кеттім. Себебі қыздардан менің бет-әлпетіме қатысты және қандай косметика қолданатыным жайлы түрлі сұрақтар келіп жатты. Содан бьюти-блогтар жаза бастадым. Расында мен ол салаға аса жақын емеспін. Тек пайдалы кеңестерді бөлісемін. Басқа блогерлермен жарыспаймын да", - дейді Әсия Жидебай.


Әсия Жидебай. © Instagram парақшасынан алынған сурет

Бьюти-блогердің айтуынша, соңғы уақытта тері күтімі жайлы мәліметтерге сұраныс көп. "Қыздар арасында дәл осы тренд өзекті болып жатыр. Ал декоратив косметика тренді сәл әлсіреген секілді. Расында да мен оған қуанамын. Себебі маған көбіне тері күтімі, бет терісін қалай дұрыс күту тақырыбы қызығырақ әрі жаныма жақын", - деп түсіндірді блогер.


Әсия Жидебай. © Instagram парақшасынан алынған сурет

Бұдан бөлек, блогер қазіргі уақытта табыс көзі жарнама екенін жоққа шығармады. Бірақ ол блогтардан қанша табыс табатынын нақтыламады.

"Маған ең маңыздысы - оқырмандарымның мен кеңес берген контенттен көңілі қалмауы. Сондай-ақ, маған беделім мен аудиториямның маған деген сенімі маңызды. Білетінім, мен кеңес берген өнімдерге артынша сұраныс артып жатады. Сондықтан мен өзім қолданғым келетін және өзім қолданған өнімдер жайлы жазамын", - дейді астаналық бьюти-блогер. Айта кетейік, Әсия Жидебай Instagram желісінде ғана емес, Youtube хостингінде де бет терісі және шаш күтімі жайлы пайдалы видеолар жариялап отырады.

Қазақ ютуберлері қанша ақша тауып жүргенін айтып берді

Получить короткую ссылку


Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (10)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц