1. Главная
  2. TengriTV
  3. Новости

Қырғыздар ақ үйге 6 сағатта басып кірді. Оқиғалар хронологиясы

Қырғыздар ақ үйге 6 сағатта басып кірді. Оқиғалар хронологиясы

5 қазанда Қырғыз елінде басталған митинг жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Салдарынан көптеген адам жарақат алып, бір адам қаза тапты. Бүгінде елдегі жағдай өршіп тұр. Қырғыз еліндегі жаппай тәртіпсіздік қалай өрбіді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында.

4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтті. "Жогорку Кенештің" сайлауына барлығы 16 саяси партия қатысқан. Қырғызстанның "Жогорку Кенеші" - 120 депутаттан тұратын Қырғыз Республикасының бір палаталы парламенті, мемлекеттің заң шығарушы органы. "Жогорку Кенеш" пропорционалды жүйе бойынша 5 жыл мерзімге сайланады.

Cайлау нәтижесі бойынша бірінші орында "Биримдик" партиясы, екінші орында "Мекеним Кыргызстан" партиясы, үшінші орында "Кыргызстан" партиясы тұрған болатын. Сөйтіп сайлау нәтижесімен келіспей, оған қарсы болған халық митингіге шықты.

"Sputnik Қырғызстан" мәліметінше, жергілікті тұрғындар 5 қазан сағат 11:00 шамасында ел астанасындағы "Ала-Тоо" алаңына жиналған. Басылым хабарлауынша, бастапқыда наразылық шарасына мыңға жуық адам жиналып, бірнеше партияның жақтастары митингке шықты. Бішкекте митингіге шыққандар экс-президент Алмазбек Атамбаевты Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің тергеу изоляторынан босатты. Ведомствоның басшылығымен келіссөз жүргізілгеннен кейін оны Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің ғимаратынан шығарды. Митингіге шыққандар бірден экс-президентті қолдап, "Атамбаев" деп айғайлады.

Қырғызстан парламенті - Жогорку Кенеш сайлау қорытындылары жойылды. Бұл туралы 24.kg басылымына бас прокурордың міндетін атқарушы Алмамбет Шықмаматов хабарлады. Ол бұл оппозицияның басты талабы екенін және оның орындалғанын атап өтті. Шықмаматов әзірге жаңа дауыс беру күні белгіленбейтінін айтты. Сонымен қатар, Қырғызстанның бас прокурорының міндетін атқарушы Алмамбет Шыкмаматов жаңа қызметке тағайындалғаннан кейін жоспарын бөлісті. Ол жаппай тәртіпсіздіктерге, тонауға және жағдайдың қиындауына жол берілмеуі керегін, мүмкіндігінше заңды түрде әрекет жасалатынын айтты.

"Жогорку Кенеш депутаттарын сайлауды жаппай бұрмалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалады", - деді ол. Шықмаматов қадағалау органының басшысы ретінде ол бірқатар қылмыстық іс қозғамақ. БАҚ беттерінде Бішкектегі Ақ үйдің кабинеттері мен мәжіліс залының тас талқаны шыққаны туралы ақпарат тарады. Кабинеттердегі компьютерлер жоғалып, есіктердің терезі сындырылған. Бірнеше қабаттың төбесінен су ағып жатыр. Белсенді адамдар тобы Ақ үйді күзетіп, айналаны жинастыра бастаған.