100-ден аса адам көз жұмған деген дерек бар. Иранда халық неге көтеріліп жатыр?

21 Қараша, 17:19
5
100-ден аса адам көз жұмған деген дерек бар. Иранда халық неге көтеріліп жатыр? - Ирандағы наразылық шаралары © REUTERS
Ирандағы наразылық шаралары © REUTERS

Иран - әлемдегі ең ірі мұнай қорларының бірі. Ал 15 қарашада Иран Ұлттық мұнай тарату компаниясы бензиннің бағасын көтеріп, оны бөлшек саудада сатуға квоталар енгізгенін хабарлады. Аталған квота аясында бензин құны 50 пайызға қымбаттаған. Соған байланысты ирандықтар ереуілге шыққан. Наразылық шаралары әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі Ирандағы тәртіпсіздік қалай өрбігеніне шолу жасады.

Ирандықтар неліктен ереуілге шықты?

Өзгеріс енген квота бойынша көлік жүргізушілері айына 60 литр, ал қос түрлі отынмен жүретін автомобиль иелері 30 литр бензин алады. Таксистерге жеке квота - 400 литр. Ал мотоцикл тізгіндегендерге квота бойынша айына 25 литр бензин беріледі. Сонымен қатар, жүк көлігі жүргізушілері мен жедел-жәрдем көліктеріне де жеке квота қарастырылған.

Жаңа квота бойынша 1 литр бензин - 15 мың иран риалы (шамамен 138 теңге). Ал квотадан тыс бензин алу үшін ирандықтар бензин литріне 30 мың иран риалын төлеуі керек (шамамен 275 теңге).


Ирандағы наразылық шаралары © REUTERS

РИА Новости мәліметінше, Иран ең ірі мұнай қорларының бірі болғанымен, мұнайды қайта өңдеуде туындаған мәселеге байланысты елге бензин экспорттауға мәжбүр болып отыр. Алайда 2019 жылдың басында Иран мұнай министрі Бижан Зангане елде бензин тапшылығы жоқ екенін мәлімдеген.

16 қарашада кешкі уақытта Иранның бірнеше қаласында бензин сатып алуда болған өзгерістерге байланысты ереуілдердің алғашқы толқыны басталды.

Ирандық "IRNA" басылымының мәліметінше, бензинге қатысты дауға байланысты ондаған адам Мешхедте ереуілге шыққанымен, тез басылған. Ал Сирджандағы бейбіт шеруде бұзақылар жергілікті мұнай қоймасын өртеп жібермек болған. Салдарынан ереуіл кезінде бір адам көз жұмған.

Ирандағы тәртіпсіздікке АҚШ-тың қатысы болуы мүмкін бе?

17 қарашада АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Морган Ортагус Иран билігінің жергілікті интернетті өшіру әрекеттеріне АҚШ билігі наразы екенін жеткізген. Сонымен қатар, мемлекеттік департаменттің ресми өкілі Америка "көп азап шеккен" ирандықтарды қолдайтынын жеткізген.

Артынша америкалық биліктің пікіріне Иран СІМ ресми өкілі Аббас Мусави пікір білдірген.

"Иран халқы мұндай мәлімдемелер жалған және екіжүзділікті айқын көрсететін көзбояушылық әрекеттері екенін жақсы түсінеді", - деп мәлімдеді СІМ өкілі ресми сайтта.


Ирандағы наразылық шаралары © REUTERS

Айта кетейік, ирандықтар мобиль байланысының нашарлығына шағымдана бастаған. Қазір елде интернет толығымен өшкен. Байланыс министрлігінің өкілі Al Arabiya телеарнасында бұл - елдің Ұлттық қауіпсіздік Жоғарғы Кеңесінің бұйрығымен жасалған әрекет екенін түсіндіген.

Сонымен қатар, Аббас Мусави Американың бұл әрекеті "елдің ішкі ісіне бас сұғу" деп атады.

Артынша АҚШ Ақ үйінің баспасөз хатшысы Стефани Гришэм Америка билігі ирандықтардың бензин бағасының қымбаттауына қарсы шығып жатқан бейбіт шерулерін қолдайтынын және демонстранттарға қарсы күш қолдану шараларына наразы екенін мәлімдеген.

Ал Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф АҚШ-тың мәлімдемелеріне "масқара өтірік" деген баға берген. Министр елдегі наразылық шараларын өткізуге халықтың заң бойынша құқығы барын және ирандықтар Американың "өтірік қолдауына" зәру емес екенін айтқан.

Ирандағы тәртіпсіздікке Біріккен ұлттар ұйымы да араласа бастады. БҰҰ Иран билігін ереуілшілерді тарату кезінде қару-жарақ қолданбауға шақырып, елдегі интернетті қалпына келтіруді ұсынды.


Ирандағы наразылық шаралары © REUTERS

РИА Новости мәліметінше, күні кеше Иран президенті Хасан Рухани елдегі тәртіпсіздікті Израиль мен АҚШ өкілдері ұйымдастырған деген пікірде екенін жеткізген. Президенттің ойынша, екі ел мақсаты - Иранның қауіпсіздігіне нұқсан келтіру.

"Наразылыққа қатысушылар ұйымдастырылған түрде әрекет еткен. Олар аймақтың реакциялық күштері, сионистер мен америкалықтар құрған белгілі жоспармен жұмыс істеген және тұтас қаруланған", - делінген президенттің ресми сайтында.

Ал Amnesty International құқық қорғау ұйымының мәліметінше, бүгінге дейін ереуіл кезінде 106-ға жуық адам көз жұмып, шамамен 1000 адам тұтқындалған. Иран билігі бұл сандармен келіспей отыр, алайда өз статистикаларын да әлі көрсетпеген.

Бұл - елдегі алғашқы ереуіл емес

2017 жылдың желтоқсанынан 2018 жылдың қаңтары аралығында Иранда азық-түлік бағасының өсуіне қарсы әлеуметтік наразылықтар болған. Алайда қоғамдық наразылық ереуілдері артынша саяси сипатқа ұласқан. Жергілікті халық ислам республикасының басшылығына және елдегі діни қызмет режиміне қарсы шыққан.

Иран публицисі Маджид Мохаммадидің сөзінше, 2017-2018 жылғы ереуілде халық үш мәселеде наразы болған: сыбайлас жемқорлықтың өршуі, экономикалық мәселелер және ислам дінбасыларының күші.


2017-2018 жылдардағы наразылық шаралары © ru.wikipedia.org

Бұл жолғы ереуіл болжам бойынша әлеуметтік желіде хат-хабар алмасуға арналған мобиль қосымшасы арқылы ұйымдастырылған. Ереуілшілер азық-түлік бағасының өсуіне қарсы шығып, "Руханидің өлімі" деп ұрандатқан. Доруд қаласындағы ереуіл кезінде екі ереуілші көз жұмған.

Артынша Иранда 5 балдық жер сілкінісі болған. Табиғи құбылыс елдегі тәртіпсіздіктің бәсеңдеуіне әсер еткен. Осыдан кейін наразылық шаралары іс жүзінде аяқталған.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (5)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц