Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
27 апреля 2020 15:53

"16 күн бойы көрінбеді". Ким Чен Ын көз жұмды деген ақпаратты кім таратты?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Reuters © Reuters

Соңғы күндері Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның қайтыс болғаны туралы шетелдік БАҚ өкілдері жарыса жазды. Бірақ кореялық билік оның жалған ақпарат, ел басшысы аман-сау екенін мәлімдеді. Tengrinews.kz тілшісі бұл ақпараттың қайдан шыққанына шолу жасады. 


Соңғы күндері Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның қайтыс болғаны туралы шетелдік БАҚ өкілдері жарыса жазды. Бірақ кореялық билік оның жалған ақпарат, ел басшысы аман-сау екенін мәлімдеді. Tengrinews.kz тілшісі бұл ақпараттың қайдан шыққанына шолу жасады. 

Ким Чен Ын қайтыс болды деген ақпарат қайдан тарады? 

Сәуірдің басында КХДР басшысының операциядан кейін ауыр жағдайда екені туралы ақпараттар шыға бастады. CNN мәліметінше, мұндай ақпарат америкалық барлау қызметкерлерінің қолына түскен.

Бұл ақпарат әлемге тарай бастағанда АҚШ президенті Дональд Трамп пікір білдірді: "Ким Чен Ынның денсаулығы жақсы деп үміттенемін. Әдетте CNN хабарлама жасап жатқанда, оларға аса сенбеймін".

Бірақ ол кезде Ким Чен Ынның денсаулығы туралы қауесетті тоқтату мүмкін болмады. Себебі кореялық басшы 15 сәуірде елдегі басты мерекелердің бірі - атасы Ким Ир Сеннің туған күнін тойлауға бармаған, ал бұл сыбыстың өршуіне себеп болды.


© Reuters 

Солтүстік Кореядағы Daily NK порталы 12 сәуірде Ким Чен Ынның жүрек-қантамырлары жүйесін емдеу үшін бірнеше процедурадан өткенін жазған. Басылым мемлекет басшысының "темекі шегу мен артық салмақ мәселесіне" байланысты емделгенін хабарлаған.

Көп ұзамай Солтүстік Корея билігі Ким Чен Ынның ауыр жағдайда жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

"Оның жағдайы нашарлағанын білдіретін белгі жоқ, бұл жалған", - деді сол кезде үкімет өкілі Yonhap агенттігіне.

Мұны артынша Оңтүстік Корея президентінің әкімшілігі де растаған.

"Ким Чен Ынның орнына адам дайындалып жатыр" 

Артынша Солтүстік Корея 2019 жылдың соңынан бастап ел басшысы Ким Чен Ынның орнына оның кенже қарындасы Ким Е Чжонды шұғыл жағдайларға байланысты дайындап жатқаны хабарланды.

Жапонияның Yomiuri газеті оңтүстіккореялық және америкалық дереккөздерге сілтеме жасап, 2019 жылдың соңында Корея Еңбек партиясының орталық аппаратының пленумында Ким Чен Ын аяқ астынан қайтыс болса, билікті оның қарындасы Ким Е Чжонға беру шешімін қабылданғанын жазды. Газеттің дереккөздерінің хабарлауынша, осы шешімнен кейін "Ким Е Чжонның атынан партиялық және әскери салада түрлі тапсырма берілген".

Yomiuri дереккөздерінің айтуынша, Пхеньянға қаңтар айында Ким Чен Ынның жағдайы нашарлаған соң Франциядан дәрігерлер келген. Ким Чен Ынның қан қысымы жоғары, жүрегі ауырады, диабеті бар деген ақпарат тарады. Оның орнына Ким Е Чжонды қою жұмыстары жылдамдап, қазір ол солтүстіккореялық иерархияның алдында "нөмірі екінші адам" болды.

"Қытайдан дәрігерлер жіберілген" 

Көп ұзамай Reuters Қытайдың Солтүстік Кореяға мамандар тобын жібергенін хабарлады. Бұл топқа медицина сарапшылары да енген.

Басылымның мәліметінше, Қытай коммунистік партиясы Орталық Комитетінің халықаралық бөлімінің аға өкілі бастаған делегация 23 сәуірде КХДР-ға аттанған. Агенттік бұл ақпаратты Ким Чен Ынның денсаулығына байланысты болуы мүмкін деген қауесеттермен байланыстырады.

Қытайлық дәрігерлер туралы ақпаратқа қатысты екі елдің де халықаралық ведомстволары пікір білдірмеді.

"Ким Чен Ын қайтыс болды" 

Америкалық The New York Post 25 сәуірде Ким Чен Ын қайтыс болды деген ақпарат тарай бастағанын жазды. Мұндай жаңалықты қытайлық Weibo әлеуметтік желісінде гонконгтік HKSTV телеарнасының вице-дирекоры бөліскен.

Вице-директордың жазуынша, оған ҚХДР басшының өлгенін "өте салмақты дереккөз" хабарлаған. Телеарна өкілінің бұл жазбасы әлеуметтік желіде кең тараған.


© Reuters

Бұл ақпараттың тарауына тағы бір жағдай себеп болды. 25 сәуірде КХДР-де Корея халық әскерінің құрылғанына 88 жылдық мереке атап өтелген. Ким Чен Ын бұл мерекеде де бой көрсетпеді.

Сол күні КХДР билігі де, елдегі БАҚ өкілдері де Ким Чен Ынның өлімі туралы жаңалыққа қатысты ешқандай мәлімдеме жасамаған.

Ким Чен Ынның кеңесшісі не деді?

Bloomberg мәліметінше, кейін Ким Чен Ынның өліміне қатысты ақпараттың жалған екені мәлім болды. Мұндай пікірді Корея достық қауымдастығының басшысы, дипломат Алехандро Као де Бенос айтты.

Као де Бенос "маршалымыздың өлімі туралы қауесет жалған және арам ниетпен жасалған" деп мәлімдеді.

Ал кеше елдің "Нодон синмун" деген орталық газеті Ким Чен Ынның әлі де құжаттармен жұмыс істеп жатқанын хабарлаған. Дәлірек айтқанда, ҚХДР басшысы Вонсан-Кальма шығыс жағалауындағы туристік аймақтағы құрылысшыларға алғыс хат жолдаған.

Бірақ бұл құжаттың нақты қай күні жіберілгені айтылмаған. Сондай-ақ, басылым ел басшысының жаңа суреттерін емес, ескі фотосуреттерін қолданған.


© Reuters

Сонымен қатар, Ким Чен Ын кеңесшісі Мун Чжон Ин CNN-ге берген сұхбатында Солтүстік Корея басшысының аман-сау екенін мәлімдеді.

"Ким Чен Ын тірі және аман-сау. 13 сәуірден бері Вонсан ауданында. Қозғалысында ешқандай күмән болмады", - деді ол. 

Елдің екі маңызды мерекесіне қатыспаған Ким Чен Ынның жағдайы туралы әлі ресми хабарланған жоқ. Ол соңғы рет 11 сәуірде үкімет отырысына қатысқан. Соңғы 16 күн бойы Солтүстік Корея басшысы әлі халық алдына шықпады.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 445.66   490.7   4.78 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети