ПОДЕЛИТЬСЯ
01 мая 2020 | 09:52
"9,3 миллион адам аш отыр". Венесуэла халқы дүкендерді тонап, полициямен қақтығысты
Коронавирус Венесуэла экономикасына қатты соққы жасады. Онсыз да жағдайы ауыр тұрғындар елде карантин жарияланғалы жеуге тамақ таппай қиналып кеткен. Сондықтан таяуда Венесуэлада аштық наразылығы өтіп, тұрғындар супермаркеттерді тонаған. Tengrinews.kz тілшісі елдегі жағдайды баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Коронавирус Венесуэла экономикасына қатты соққы жасады. Онсыз да жағдайы ауыр тұрғындар елде карантин жарияланғалы жеуге тамақ таппай қиналып кеткен. Сондықтан таяуда Венесуэлада аштық наразылығы өтіп, тұрғындар супермаркеттерді тонаған. Tengrinews.kz тілшісі елдегі жағдайды баяндайды.
Былтыр он миллионға жуық адам азық-түліксіз қалған
Венесуэлада аштық қаупі бұрыннан бар. Елдегі мұнай компаниялары үлкен табыс әкелмейді, жергілікті кәсіпорындардың көбі жабылған, жемқорлық бойлаған - мұның бәрі қарапайым халықтың тиын санап, кедей өмір сүруіне әкелген.
Бірер жыл бұрын Венесуэлада болған украиналық Юлия Пинья Диас елдегі азық-түлік пен жалақы жағдайы туралы блог жазған. Сонда ол Венесуэладағы инфляция туралы баяндап берген.
"Жарым нан сатып алған кезде оның берген ақшасын санамады, өлшеп алды. Тамақ туралы айтсақ. Олардың екі санаты бар - арзандау, бірақ сіз 6-12 сағат кезекте тұруыңыз керек және қымбат, ол еркін сатылымда, бірақ бағасы аспаннан алынғандай. Мысалы, барлық бонуспен бірге ең төменгі жалақы 5 миллион боливар шамасында. Еркін сатылымдағы 30 жұмыртқаның бағасы 1,5 миллион, жарты келі макарон - 800 мың, кішкентай дөңгелек нан - 80 мың, бутербродқа арналған ұзын нан - 380 мың, ет - 4-5 миллион боливар", - деп жазды ол өз блогында.
Оның мәлімдеуінше, Венесуэлада адам метрода аштықтан талып қалса, бұл қалыпты жағдай.
Venezuelan Observatory of Social Conflict құқықтық ұйымының мәлімдеуінше, елде экономикалық және азық-түлік дағдарысы бұрыннан бар. Венесуэлада бірнеше жыл бойы инвестициялардың жеткіліксіздігі, техникалық қызметтің болмауы және АҚШ-тың санкцияларынан кейін мұнай өңдеу желісінің толықтай құлдырауына байланысты мотор отынының тапшылығы байқалады.
Осыған байланысты кей аймақ азық-түліксіз қалған. БҰҰ мәліметі бойынша, 2019 жылы Венесуэланың 9,3 миллион тұрғыны (халықтың 32 пайызы) тамаққа қол жеткізе алмаған.
Халық митингіге шығып, дүкендерді тонаған
Елде коронавирус тарауына байланысты 16 наурызда Венесуэлада бір айға карантин жарияланған. Таяуда карантин мерзімі тағы ұзартылған болатын. Ал бұл режим елдегі аштықты одан сайын күшейтті.
Сондықтан сәуірдің аяғында Венесуэланың бірнеше қаласында - Шығыстағы Пунта де Матадан Анд тауындағы Мериадағы дейін халық наразылық білдірді. Митингіге шыққандар дүкендерді бұзып, тонап, полициямен қақтығысқан. Халық елде азық-түліктің жетіспеуіне, өнімдердің тым қымбат болғанына наразылығын білдірген.
El Mundo мәліметі бойынша, шенеуніктер, полицейлер митингіге шыққандармен жанжалдасып, арта қақтығысқа айналған. Салдарынан Боливар штатындағы Упата қаласында 29 жастағы ер адам қаза тапқан. Қақтығыс кезінде Чарлис Антонино Нуньестің басына екі жерден оқ тиген. Бүгінде ол қаза тапқан жер қанға толы. Тұрғындар Нуньес көз жұмған жерге бормен билікке үндеу жасаған: "Ол аштықтан өлді".
"55 ел аштыққа ұшырауы мүмкін"
Акция кезінде бірнеше адам жарақат алып, 30-ға жуық қатысушы ұсталған. Митингіге шыққандар жергілікті полицияны тым қатал болғаны үшін айыптап жатыр. Операцияға биліктің әскери құрылымдары да қатысқан.
"Әлеуметтік қашықтық - орындалмайтын арман. Елді тамақсыз, сусыз, газсыз, электрсіз, жұмыссыз және бензинсіз шектеп тастай алмайсыңдар", - дейді азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы және құқық қорғаушы Сусана Раффалли.
Желіде Венесуэладағы қақтығыстың видеосы мен суреттері тарап жатыр. Фотосуреттерден қираған дүкендерді көруге болады.
Сонымен қатар, митингіге шыққандар мен полицейлер арасындағы қақтығыстың да видеосы тарады.
Бүгінде Венесуэлада коронавирус жұқтырған 331 адам анықталды, оның ішінде 10 адам қайтыс болған. Енді Венесуэла COVID-19 індеті салдарынан аштыққа ұшырайтын жалғыз ел болмауы мүмкін.
Өткен аптада БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы ескерту жасаған - коронавирус пандемиясы дүние жүзінде аштықтың тарауына әкеп соғуы мүмкін, сол кезде 55 мемлекет халықты неден құтқаратынын таңдауы керек болады: COVID-19-дан немесе аштықтан.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также