Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
19 августа 2021 17:44

Ауғанның тәуелсіздік күнінде тәліптер күшіне мінді, ал президент ақталды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: Reuters Фото: Reuters

Ауғанстаннан жаңалық күн сайын емес, сағат сайын шығып жатыр. Бүгін бұл елде - Тәуелсіздік күні. Кей өңірде тұрғындар "Талибан" қозғалысына (Қазақстанда террористік ұйым деп танылып, тыйым салынған) қарсы наразылық шарасын өткізіп жатыр. Қаза тапқандар бар. Tengrinews.kz тілшісі Ауғанстандағы кейінгі оқиғаларға шолу жасады.


Ауғанстаннан жаңалық күн сайын емес, сағат сайын шығып жатыр. Бүгін бұл елде - Тәуелсіздік күні. Кей өңірде тұрғындар "Талибан" қозғалысына (Қазақстанда террористік ұйым деп танылып, тыйым салынған) қарсы наразылық шарасын өткізіп жатыр. Қаза тапқандар бар. Tengrinews.kz тілшісі Ауғанстандағы кейінгі оқиғаларға шолу жасады.

Тәліптер тұрғындарға оқ жаудырды

Бүгін ауғандар Тәуелсіздік күнін атап өтіп жатыр. РИА Новости мәліметінше, Нангархар провинциясындағы Джелалабад (қырғыздың Жалалабадымен шатастырмайық) қаласында тұрғындар көшеге елдің туын ұстап шыққан. "Талибан" содырлары жиналған жұртты қайтару үшін оқ жаудырған. Салдарынан кем дегенде төрт адам қаза тапқан. Тағы үш адамды тәліптер ұстап алған. 

Агенттіктің тағы бір ақпаратына сүйенсек, елдің шығысында Кунар провинциясындағы Асадабад қаласында содырлар ту ілінген көлікке оқ атқан. Үш адам қаза болыпты


Фото: Reuters

Reuters мәліметінше, осы Асадабад қаласында ту ұстап, наразылық білдірген жұртқа да тәліптер оқ атқан. Бірақ онда қанша адам қаза болғаны белгісіз. 

Ауғанстан демократиялық ел болмайды

Reuters мәліметінше, "Талибан" қозғалысының өкілі Вахидулла Хашими Ауғанстан демократиялық мемлекет болмайтынын айтты. Оның сөзінше, "Талибан" қозғалысы Ауғанстанды қалай басқаратыны туралы көп мәселе әлі шешілмеген, бірақ Ауғанстандағы жаңа басқару формасы демократиялық болмайды.

"Демократиялық жүйе мүлде болмайды, өйткені біздің елде бұған ешқандай негіз жоқ. Біз Ауғанстанда қандай саяси жүйені қолдану керегін талқыламаймыз, себебі бәрі түсінікті. Бұл шариғат заңы", - деді ол.


Фото: Reuters

Лаңкестік қозғалыс өкілдері "Талибан" билікке келгеннен кейін Ауғанстанды ислам қозғалысының жоғарғы жетекшісі Хайбатулла Ахундзада жетекшісі болатын кеңес басқаруы мүмкін екенін айтты.

Хашимидің айтуынша, "Талибан" жаңа ұлттық күш құруды жоспарлап отыр, оның құрамына қозғалыс мүшелері де, Ауғанстанның бұрынғы әскери ұшқыштары мен оларға қосылғысы келетін сарбаздар да болады.

Ауғанстан президенті үндеу жасады

Бүгінде БАӘ-де жүрген Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден қашқаннан кейін Facebook-парақшасында алғаш рет бейнеүндеу жариялады. 

Бұған дейін Желіде Ғани елін сатып кеткені туралы мәлімдемелер болған. Кейін ол елден қашып бара жатқанда, мемлекет қазынасынан 169 миллион доллар жымқырды делінген болатын.

"Кабул құлаған күні не болғанын егжей-тегжейлі кейін айтып беремін... Ауғанстаннан кетуге мәжбүр болдым, себебі Кабулда қан төгілуіне себепші болғым келмеді", - деп келтірді оның сөзін РИА Новости.


Фото: Reuters

"Мен Кабулдан ақшамен кетіп қалдым деген айыптаулар шындыққа жанаспайды", - деді Ғани. Сонымен қатар, ол жақында Ауғанстанға оралатынын айтты. 

Ауған басшысы отандастарын өз халқын сатты және бас амандығы үшін қашып кетті деген сөздерге сенбеуге шақырды.

"Егер біреу сізге "Президент сендерді сатып кетті, өзінің қаржылық мүддесі және жанын аман алып қалу үшін қашты" десе, сенбеңіз", - деді Ғани.

Түркия президенті тәліптермен серіктес болмақ

"Анадолу" мәліметінше, Түркия билігі "Талибан" қозғалысымен серіктес болуға дайын. Ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, Түркия Ауғанстандағы бейбітшілік, осы елде тұратын қандастарының амандығы, сондай-ақ өз мүдделерін қорғау үшін ынтымақтастықтың кез келген түріне дайын.

"Бұл елде кім билік құрғанына қарамастан, Түркия бауырлас Ауғанстанды жақсы да, қиын да уақытта қолдайды", - деді Ердоған сәрсенбіде түркиялық БАҚ-қа берген сұхбатында.


Фото: Reuters

Түркия басшысы Анкара елде билікке келгеннен кейін "Талибан" басшыларының қалыпты және байсалды мәлімдемелерін құптайтынын атап өтті. Сондай-ақ, ұйым басшыларымен кездесу өткізуге дайын екенін растады.

"Біз бұған дейін "Талибан" басшыларын қабылдай алатынымызды айттық. Бұл ұстанымды өзгерткен жоқпыз", - деді ол. 

Тәліптер тамақ жасаудан бас тартқан әйелді сабап өлтірген бе?

CNN телеарнасының ақпаратына сүйенсек, "Талибан" өкілдері Ауғанстанның солтүстігіндегі Фарьяб провинциясында 15 содырды тамақтандырудан бас тартқаны үшін бір әйелді сабап өлтірді.

Оқиға 12 шілдеде болған. Бірақ бұл туралы қазір ғана белгілі болды. Әйелдің қызы болған жағдайды журналистерге айтып берген. Телеарна қызды Манижа, ал анасын Наджия деп атап көрсеткен. Бірақ бұл есімдер қауіпсіздік мақсатында ойдан шығарылған.


Фото: Reuters

Содырлар Наджияға тамақ жасауды талап етіп үш рет келген. Әйел кедей және оларды тамақтандыруға қаражаты болмағандықтан бас тартқан.

Төртінші күні содырлар оны тағы бас тартқаны үшін ұрып-соққан.

"Анам кедей екенімізді айтып, тамақ жасай алмаймыз дегенде тәліпер оны ұра бастады. Анам есінен танып қалды, олар оны қарудың сабымен ұрды", - деді Манижа.

Манижа тәліптерге анасын ұруды тоқтатуын сұрағанда, олар көрші бөлмеге граната лақтырып, қашып кеткен. Төрт баланың анасы соққыдан оқиға орнында қаза болған.

Кабулдан Алматыға қанша адам келді?

"Хабар 24" мәліметінше, 18 тамызда Алматыға Ауғанстаннан келген екі ұшақ сәтті қонды. Бірінші ұшақтың бортында 42 жолаушы болды. Оның ішінде 25 қазақстандық (15 ересек пен 10 бала), 17 шетел азаматы, оның ішінде 14-і қырғыз болған.

Кейін Ауғанстаннан Қазақстанға екінші ұшақ ұшып келді. Ол БҰҰ қызметкерлерін елге жеткізді. Алматыға Ауғанстанға көмек миссиясынан 141 қызметкері келді. БҰҰ республика басшылығына қызметкерлерді уақытша қабылдап, қашықтан жұмыс істеуіне көмек сұрап жүгінген. Президент бұл ұсынысты қолдады. БҰҰ қызметкерлері елде бірнеше ай болады деп болжанған. Олардың шығынын БҰҰ көтереді.

"Бізді қабылдағаны үшін Қазақстанға алғыс айтамыз. Қазіргі уақытта кеңселерді тек Қазақстанда ашамыз. Бірақ БҰҰ Ауғанстаннан кетпейді. Қазір миллиондаған ауғанға гуманитарлық көмек көрсетуге болатын маңызды сәт", - деді БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Строй.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.44   490.7   4.77 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети