ПОДЕЛИТЬСЯ
22 мая 2020 | 09:42
"COVID-19 - шағын тұмау". Бразилия президентінің вирусқа сенбеуі қандай жағдайға әкеп соқты?
Бразилия коронавирус жұқтырғандар саны бойынша дүние жүзінде үшінші, адам шығыны бойынша екінші орында тұр. Елде соңғы бір айда екі рет денсаулық сақтау министрі қызметінен кеткен. Ал ел президенті коронавирустың қауіпті екеніне сенбей жүр. Tengrinews.kz тілшісі Бразилиядағы коронавирус жағдайына шолу жасады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бразилия коронавирус жұқтырғандар саны бойынша дүние жүзінде үшінші, адам шығыны бойынша екінші орында тұр. Елде соңғы бір айда екі рет денсаулық сақтау министрі қызметінен кеткен. Ал ел президенті коронавирустың қауіпті екеніне сенбей жүр. Tengrinews.kz тілшісі Бразилиядағы коронавирус жағдайына шолу жасады.
Елде вирус жұқтырғандар саны 300 мыңға таяды
Коронавирус пандемиясы Бразилияда алғаш рет 26 ақпанда табылған. Наурыздан бастап елде вирус жұқтырғандар саны арта түсті. Тура бір айдан соң, 26 наурызда Бразилияда барлығы 2 985 адамнан вирус анықталған. Ол кезде елде күн сайын 400-ден аса адамнан COVID-19 табылған.
Ал сәуірде күн сайын вирус жұқтырғандар санына мың адамнан қосылып отырды. Айдың аяғына қарай тәулігіне 5-6 мың адамнан COVID-19 табылған. Салдарынан 26 сәуірде, алғашқы деректен екі ай өткеннен кейін елде 63 мыңнан аса адам вируспен ауырып жатты.
Бүгінде Бразилияда күн сайын 15 мыңға жуық адамнан вирус анықталады. 20 мамырда елде 19 951 адамнан коронавирус табылып, елдің бұл көрсеткіш бойынша антирекорды тіркелген. Қазіргі уақытта Бразилияда COVID-19 жұқтырғандар саны 310 087-ге жетті. Аурудан 125 960 адам жазылған.
© Reuters
Елде коронавирустан адам шығыны да көп. Күніне COVID-19 табылған мыңдаған адам қайтыс болып жатыр. Бүгінде 20 047 адам көз жұмған.
20 мамырда елде 1179 адам вирустан қайтыс болған. Бұл елдің антирекорды саналады. Бүгінде Бразилияның кей аймағы вирустан көз жұмғандарды жерлеп үлгермей жатыр екен.
Бразилия Латын Америка елдері арасында коронавирус жұқтыру дерегі мен адам өлімі бойынша бірінші орында тұр.
Соңғы күндерде Бразилия коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Испания, Италия, Франция мен Ұлыбританиядан озып кеткен.
© Reuters
Халықты маска тағуға міндеттемеген
Бүгінде Бразилия коронавирустың басты нысаналарының біріне айналған. Бұл ел вирус жұқтырғандар саны бойынша үшінші орында тұр. Адам өлімі бойынша АҚШ-қа ғана жол береді.
Мамандар елдегі денсаулық сақтау саласының дағдарыста екенін және карантиндік шаралардың нәтиже бермегенін айтады. Сондықтан губернаторлар аурудың тарауын тоқтату үшін шектеулерді күшейткен. COVID-19-дан қатты зардап шеккен қалалардың бірі Сан-Паулу карантинді 31 мамырға дейін ұзартты. Пандемия басталмас бұрын да денсаулық сақтау жүйесі ақсап тұрған солтүстіктегі қалалар карантинді одан сайын күшейтті.
Таяуда Бразилия конгресі жаңа заңды мақұлдаған. Бұл заң бойынша тұрғындар медициналық маска тағуға міндеттеледі. Тақпағандарға 50 доллар көлемінде айыппұл салынады. Енді бұл заңды Сенат мақұлдап, президент Жаир Болсонару қол қоюы керек. Бұған дейін билік халықты маска тағуға міндеттемеген.
© Reuters
Елде карантиндік шараны күшейгенімен, Бразилия халқының 25 пайызы тым кедей тұрады. Оларға карантин кезінде жұмыс істемеу одан сайын жүк болады. Тұрғын үйлер де бір-біріне тым жақын салынған, сондықтан ол жақта әлеуметтік қашықтықты сақтау мүмкін емес. Наурызда өнеркәсіп өнімі тоғыз пайызға төмендеген. Ал сәуірде автокөлік өнімі 1957 жылдан бері алғаш рет төмен болды.
Бразилияда халықтың аз ғана пайызын тесттен өткізеді екен. Сондықтан елде коронавирус жұқтырғанын білмейтін, ресми тіркелмеген тұрғын көп болуы мүмкін.
Ел президенті коронавирусты кішкентай тұмау деп санайды
Пандемия кезінде Бразилия президенті Болсонару жиі сынға ұшырады. Ол Беларусь президенті Александр Лукашенко секілді коронавирус қаупіне сенбейді екен. Мысалы, 24 наурызда Болсонару халыққа үндеуінде Рио-де-Жанейро мэрі мен Сан-Паулу губернаторына карантинді тоқтатуды тапсырған.
"Вирус 60 жастан асқандарға қауіпті. Мектепті жабудың не керегі бар?", - деген еді ол.
Сондай-ақ, президент коронавирусты "шағын тұмау" деп атаған. Ал БАҚ өкілдерін үрей тудырып отырғаны үшін айыптаған. Халық денсаулығын ойлап карантин жариялаған өңірдің басшыларын да сынап тастаған.
Жаир Болсонару. © Reuters
Жаир Болсонару халықтың жағдайына қарағанда, ел экономикасын көбірек ойлайтынға ұқсайды. Себебі оның айтуынша, дүкендер, мейрамханалар мен мектептердің жабылуын Бразилия экономикасы көтере алмайды. Осыдан кейін елдің денсаулық сақтау министрі Энрике Мандетта президентке қарсы шығып, қызметінен кеткен болатын.
Ал сәуірде президент өз жақтасы Нельсон Тейхты денсаулық сақтау министрі қызметіне тағайындап жатқан кезде шекараны ашып, сауда-саттықты қайда бастауды ұсынған.
"Шекараны ашу процесі қауіпті, мен мұны қабылдаймын. Себебі жағдай нашарласа, бәрі менің мойнымда болады. Бірақ көп адам мұның дұрыс екенін түсінеді", - деген еді ол сол кезде.
Бірақ Нельсон Тейх та ел президентінің сөзімен келіспей, көп ұзамай, қызметін босаған. Осылайша, елде бір айда екі рет денсаулық сақтау министрі отставкаға кеткен. Осының бәрі енді Жаир Болсонаруға импичмент жариялаумен аяқталуы әбден мүмкін.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также