Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
20 октября 2020 13:40

Францияны дүр сілкіндірген қылмыс

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Reuters © Reuters

16 қазанда Францияның Конфлан-Сент-Онорин коммунасында ауыр қылмыс жасалды. Мектеп оқушыларына Мұхамед пайғамбар туралы карикатура көрсеткен мұғалімнің қылығына наразы болған адам оның басын шапты. Tengrinews.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтады.  


16 қазанда Францияның Конфлан-Сент-Онорин коммунасында ауыр қылмыс жасалды. Мектеп оқушыларына Мұхамед пайғамбар туралы карикатура көрсеткен мұғалімнің қылығына наразы болған адам оның басын шапты. Tengrinews.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтады.  

Оқиға туралы не белгілі?

5 қазанда тарих пәнінің мұғалімі "БАҚ еркіндігі" атты тақырыпта сабақ өткізіп отырған. Сөйтіп мұғалім Мұхамед пайғамбар туралы Charlie Hebdo жариялаған карикатураны көрсетпек болып, ислам дінін ұстанатын оқушыларға сыныптан шығып кетуге болатынын алдын ала ескерткен. 13 жастағы қыз сыныптан шығудан бас тартқан. Кейін болған оқиға туралы ата-анасына айтып барған.


Самюэль Пати © Facebook 

Оқушы қыз мұғаліммен сөзге келісіп қалғандықтан оған екі күн бойы мектепке келуге тыйым салынған. Ал әкесі наразылығын білдіріп, Желіге видео салған. Ата-аналар болған оқиғаға қатысты мектеп әкімшілігіне дейін барған кезде, олар мұғалім қарапайым әдісті қолданғанын айтқан. Ал мұғалімнің сөзінше, оқушы қыз сабақтан үнемі кешіге беретіні үшін босатылған екен.

Артынша сыныпта болған оқиғаға наразы болған адамдардың бірі 16 қазанда 47 жастағы мұғалімнің басын шауып кеткен. Мұғалімнің денесі мектепке жақын жерде табылған. Куәгерлердің айтуынша, күдікті "Аллах акбар" деп айғайлаған.

Пышақпен қаруланған күдіктіні полицейлер Эраньи қаласынан тапқан. Ол тәртіп сақшыларының қаруды тастау туралы бұйрығын тыңдамаған. Сөйтіп полицейлер күдіктіге бірнеше рет оқ атуға мәжбүр болған. Француз БАҚ-тарының мәліметінше, күдікті оқиға орнында қаза тапқан.

Оқиға орнына келген Франция президенті Эммануэль Макрон бұл қылмысты террористік шабуыл деп бағалады.

"Біздің отандасымыз сабақ бергені үшін, балаларды сөз бостандығын, сену-сенбеуді үйреткені үшін қаза тапты. Біздің отандасымыз террористік шабуыл құрбаны болды", - дейді Макрон.

Күдікті жайлы не белгілі?

47 жастағы мектеп мұғалімінің басын шауып тастаған қылмыскер Францияда босқын мәртебесін алған екен. Бұл туралы елдің антитеррористік прокуратурасының басшысы Жан-Франсуа Рикар мәлімдеді.

Прокурордың сөзінше, полицейлер ұстаған ер адамда биыл 4 наурыздан 2030 жылдың наурызына дейін Абдулак Анзоровтың атына берілген тұру ықтиярхаты табылған. Ол 2002 жылы 12 наурызда Мәскеуде туған. Жан-Франсуа Рикар қылмыскер ұлты шешен ресейлік азамат екенін айтты. Тергеу мәліметі бойынша, мұғалімді өлтірген ер адам бұған дейін сотты болмаған. Күдікті Францияға отбасымен бірге 12 жыл бұрын Мәскеуден көшіп келген.

Абдулак Анзоров © "МК" / Әлеуметтік желіден

РИА Новости мәліметінше, Франция билігі бастапқыда Анзоровтардың отбасына босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Алайда олардың отбасы босқын мәртебесін 2011 жылы сот арқылы алған.

Анзоровтардың отбасы 2000 жылдардың ортасында Мәскеуге көшіп келген кезде тәртіп сақшыларының назарында болған көрінеді: олар Шалажидегі үйіне содырларды кіргізгені туралы ақпарат тараған. Ал Шешенстанға келген кезде оларды ұстап, террористермен байланысы бар-жоғын тексерген, алайда ол ақпарат расталмаған.


Абдулак Анзоров © "МК" / Әлеуметтік желіден

Абдулак Анзоров уақытша құрылысшы болып істеп жүрген және күзетші мамандығы бойынша оқып жүрген. Жақында қолына дипломын алуы керек болған. Туыстарының айтуынша, ол мұғаліммен жеке таныс болмаған. Мұхамед пайғамбар туралы карикатура жайлы ол танысынан білген. Сол сабаққа қатысқан қыз болған оқиға туралы Анзоров та отыратын желідегі топта айтқан.

Одан бөлек, тергеу барысында қылмыс бойынша бес адам ұсталған. Оның төртеуі - күдіктінің туысы. Сонымен қатар, тағы екі адам жұма күні Эвредегі комиссариатқа күдіктімен байланысы болғанын айтып, өз еркімен келген. Ұсталғандардың қатарында радикал діни уағызшы Абдельхаким Сефриуи мен мұғалімі туралы айтып барғандардың бірінің әкесі Брахим Шнина да бар. Ер адамның әпкесі 2014 жылы Сириядағы ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған) террористік топқа кіргені белгілі болды. Аталған адамдар әлеуметтік желіде сабақта болған оқиғадан кейін "бірнәрсе істеу керегін" айтқан.

Оқиғаға қатысты қандай реакция болды?

Франциядағы мұғалімнің өліміне кінәлі адамды жақтағандар да, даттағандар да болды. Кеше екі ресейлік файтер Зелим Имадаев пен Альберт Дураев 18 жастағы Абдулак Анзоровтың әрекетін қолдайтынын жеткізген. Имадаев инстаграм-сториз арқылы мұғалімді өлтірген адам "батыр" десе, Дураев сториз арқылы "Франциядағы сөз бостандығы басталмай жатып жоғалды" деп смайликпен жазған екен. Артынша файтерлер жазбаларын өшіріп тастаған. Алайда ресейлік журналист Александр Лютиков скрин жасап үлгерген. Қазір жазбалар "Двач" Telegram-каналында сақталып қалған.  

Ал өткен демалыс күндері Францияда мұғаліммен қоштасу рәсімі өтті. Акцияға қатысушылар "Сөз еркіндігі, сабақ беру еркіндігі" деген лозунгпен шыққан.

Оған Францияның премьер-министрі Жан Кастекс те қатысты. Шараға жергілікті мұсылман қауымының өкілдері де келген. Олар қылмыскерге қатысты "жауыздық, адамгершілікке жат қылық" деген айыптаулармен шыққан. Сонымен қатар, Францияның ІІМ басшысы Жеральд Дарманен алдағы таңда экстремизм бойынша күдікке ілініп, тіркеуде тұрған 231 адам депортацияланатынын айтты.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 442.05   490.7   4.74 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети