1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости мира

"Жұмадан дүйсенбіге дейін үйден шығуға тыйым салынды" - сербиялықтар шеруге не үшін шықты?

© Reuters © Reuters

Сербия астанасы Белградта коронавирус пандемиясына байланысты комендант сағаты енгізілмек. Енді жергілікті халыққа жұмадан бастап дүйсенбіге дейін далаға шығуға тыйым салынады. Биліктің бұл шешіміне халық қарсы шығып, шеруге шықты. Нәтижесінде бірнеше адам зардап шеккен. Бірақ билік халықтың шеруге шығуына енгізілген шектеудің қатысы жоғын, оған басқа себеп болуы мүмкін екенін айтып отыр. Елдегі жаппай тәртіпсіздіктің болуына не себеп? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.  

Халық не үшін наразы болды?

7 шілдеде Сербия президенті Александр Вучич ел астанасы Белградта 10-13 шілде аралығында комендант сағаты енгізілетінін мәлімдеді. Бұл елде коронавирус тез тарап жатқандықтан қабылданған шешім. Жоспар бойынша, белградтықтарға жұма сағат 18:00-ден бастап дүйсенбі сағат 05:00-ге дейін сыртқа шығуға тыйым салынды. Жергілікті халық енгізілген шектеуге қарсы шықты. Парламент ғимараты алдында коронавирусқа байланысты қайтадан шектеу енгізуге қарсы бейбіт басталған шеру артынша тәртіпсіздікке ұласты. Ашуға булыққан халық парламент ғимаратына басып кірген. Нәтижесінде 60-қа жуық адам зардап шеккен. Оның ішінде, 43 полицей мен шеруге шыққан 17 адам жарақат алған. Тағы 23 адам ұсталған.

© Reuters

"Свобода" мәліметінше, шеруге 5 мыңға жуық адам қатысқан. Енгізілген шектеуге наразы болғандар ел президенті Александр Вучичтің отставкаға кетуін талап еткен. Олар үш полиция көлігі мен бірнеше қоқыс контейнерін өртеп жіберген.

Сербияда коронавирус пандемиясына байланысты шектеу алғаш 15 наурызда енгізілген. Артынша 7 мамырға қарай төтенше жағдай режимін алу туралы шешімге елдегі 250 депутаттың 155-і дауыс берген екен. Кейіннен 21 маусымда елде парламент сайлауы өтіп, нәтижесінде президент партиясы 60 пайызбен жеңіске жеткен.

Артынша сайлаудан кейін елдегі эпидемиологиялық ахуал нашарлай бастаған. Ауруханада COVID-19 жұқтырған науқастар толып, ал 7 шілдеде коронавирус жұқтырған бірден 13 адам қайтыс болған. Бұл Сербияда коронавирус пандемиясы басталғалы болған рекорд.

© Reuters

Сөйтіп ел президенті Александр Вучич Сербияда комендант сағаты енгізілетінін және бір жерде бес адамнан артық жиналуға тыйым салынатынын мәлімдеген. 

Вучичтің оппоненттері бұған дейін ол наурызда енгізілген карантин режимін ерте алып тастады деп айыптаған екен. Айта кетейік, елде карантин мамырдың басында жеңілдей бастаған: футбол матчтарын өткізуге, діни шаралар, кештер мен жиналыстарды өткізуге рұқсат берілген. Оппозиция пікірінше, Александр Вучич карантин режимін 21 маусымда өтетін парламент сайлауын кейінге қалдырмау үшін жеңілдеткен болуы мүкін.

Жергілікті билік не дейді?

ВВС мәліметінше, президент Вучич полицейлерге шабуылды және тәртіпсіздікті радикал ұлтшылдар мен түрлі теорияға сенетіндер ұйымдастырған.

"Бұл адамдар коронавирус туралы емес, сатқындық, иммигранттар, 5G желісі туралы айтты. Және олар шеруге алғаш шыққан адамдар емес, олар осы жолы қатты ашулы болды", - деді президент.

© Reuters

Ал РБК Сербияның ішкі істер министрі Небойш Стефановичтың сөзін келтірген. ІІМ басшысының сөзінше, елде болған соңғы акциялар билікке сайлаусыз келуді көздеп жүргендердің әрекеті болуы мүмкін. Яғни, елдегі наразылық шарасы коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеуге қатысты емес, ол алдын ала жоспарланған. Сонымен қатар, Стефанович шеруге шыққандар жауапкершілікке тартылатынын айтқан.

DW мәліметінше, елдегі жаппай тәртіпсіздіктен кейін президент Александр Вучич 8 шілдеде комендант сағатына байланысты енгізілген шектеуді қайтадан қарастыратынын хабарлады. Сонымен қатар, Вучич пандемияға қарсы енгізілген шектеу қатаң болатынын айтқан.

"Үкіметтің дағдарыс штабы комендант сағатынан бас тарту керек екенін айтып отыр", - деді Вучич. Шектеуге қатысты нақты шешім 9 шілдеде қабылданады.

Айта кетейік, 9 шілдедегі мәлімет бойынша, Сербияда 17 мыңнан аса адам COVID-19 жұқтырған. Оның ішінде, 13 366 адам аурудан айығып шықса, жалпы 341 адам қайтыс болған.