1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости мира

Қарағанды облысында карантин кезінде 2600 адам жұмыссыз қалған

Фото ©REUTERS Фото ©REUTERS

Қарағанды облысында осы жылдың 1 қаңтарында 4 200 адам жұмыссыз болса, карантин кезінде 6 800 адамға жеткен. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Saryarqa телеарнасының тікелей эфирінде айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Облыс әкімінің айтуынша, коронавирус пандемиясына байланысты карантин салдарынан жыл басынан бері өңірде жұмыссыздар саны 2 800-ге артқан.

"Жыл басында 1 қаңтарда облыс бойынша жұмыссыз жүргендер саны 4200 болса, қазір 6800 адамға жетті. Коронавирусқа байланысты көп мекеме жабылды. Енді қайтадан ашылып жатыр. Жыл соңына дейін жұмыссыз жүргендер саны сол деңгейде қалады деп отырмыз", - деді әкім.

Жеңіс Қасымбек жыл соңына дейін облыста 40 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылатынын айтты. Бұл карантинге қарамастан жоспарланып отыр екен.

"Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында биыл Қарағанды бойынша жалпы 40 мыңнан астам жұмыс орнын ашамыз. Оның ішінде жұмыспен қамту жол картасы. Осы бағытта Үкіметтен 60 миллиард облысқа түсті. Ол - әртүрлі жоба. Оның 30 пайызы - жаңа нысандар... Бірнеше мектеп бар. Әр қалада, әр ауданда жаңа нысан салынады. Сонымен қатар, қаражаттың үштен екісі күрделі және орташа жөндеуге барады. Бұл - жалпы инфрақұрылым, қалалардың, ауылдардың көшелері, үйлердің шатырлары, медицина, білім беру саласындағы нысандардың жөндеуіне. Соған осы қаражат жұмсалады және осы жұмыстардың арқасында 16 мың адам еңбекпен қамтылады.

Оның жартысы Жұмыспен қамту орталықтарынан тартылады. Бұдан басқа инвестицияның арқасында карантинге қарамай, жаңа зауыттар салынып жатыр... Биыл облысқа 800 миллиардтан (теңге) астам инвестиция келеді. Коронавирусқа қарамай жоспар бойынша жұмыс жалғасады", - деді ол. 

Еске салайық, соңғы мәліметтер бойынша Қарағанды облысында 662 адам коронавирус жұқтырған. Ел бойынша 8969 адам тіркелді. Коронавирус жұқтырған 4515 адам жазылды. 35 адам қайтыс болды.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!