1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости мира

Коронавирус пандемиясы кезінде қай елдерде демалуға болады?09 июня 2020, 15:39

©️ elements.envato.com ©️ elements.envato.com

Дүние жүзінде коронавирус жұқтырғандардың саны 7,2 миллионнан асты. Әдетте жаз мезгілі шетелге шығып, саяхаттайтын маусым. Алайда биыл коронавирус пандемиясына байланысты көптеген туристік нысан жабылып, шетелге шығу мүмкін болмай отыр. Дегенмен бірнеше ел туристерді қабылдай бастайтынын мәлімдеді. 2020 жылғы туристік маусымда қай жерге демалуға болады? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында. 

Испания

Испания - коронавирус жұқтырған адам саны бойынша дүние жүзінде төртінші орында тұр. Бүгінде елде жалпы 288 мыңнан аса адам COVID-19 жұқтырса, 27 мыңнан аса адам қайтыс болған. Дегенмен, Испания шілдеден бастап туристерді қабылдай бастайды. Елдің премьері Педро Санчес "Испанияға туризм қажет, ал туризм қауіпсіз болуы керегін" айтқан. 

"Сондықтан біз шетелдік туристердің қауіпсіздігіне кепілдік береміз", - дейді премьер.  

Алайда Испанияның нақты қандай елдермен әуе байланысы жаңартылатыны, нақты қандай шаралар қабылданаты белгісіз. Премьердің сөзінше, бұған байланысты толық мәліметті министрлік жақын арада береді. Педро Санчес испандықтарға демалысты қазірден бастап жоспарлауды ұсынған. Оның айтуынша, жергілікті тұрғындар Испанияда провинциялар арасында жүруге тыйым алынып тасталғанда, эпидемиологиялық жағдай жақсарғанда саяхаттай алады. Испания премьері Педро Санчестің мәлімдемесі бойынша, ел қалыпты өмірге маусымның аяғында келуі мүмкін.

Грузия

Грузия коронавирус пандемиясына қарамастан шетелдік туристерді қабылдауға дайындалып жүрген елдердің бірі. Елдің премьер-министрі Георгий Гахария 15 маусымнан бастап ішкі туризм ашылса, 1 шілдеден бастап шетелдік туризм іске қосылатынын мәлімдеген.

Одан бөлек, маусымнан бастап Грузия жағалауындағы жағажайлар ашылған. Алайда жағажайда демалушылар дәрігерлердің ұсыныстары және әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек. 

Түркия

Бүгін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов маусымда Түркиядан Қазақстанға рейстер іске қосылатынын мәлімдеді.

Одан бөлек, бұған дейін 1 маусымнан бастап Корея, Қытай және Әзербайжанға әуе рейстері іске қосылады.

"Одан кейін Германия, БАӘ, Чехия және Таиланд деп жоспарлап отырмыз. Польша мен Венгрияға да рұқсат алуымыз мүмкін. Ол екінші кезең, 15 маусымнан кейін. Мен өз әріптестеріммен үнемі байланыстамын. Олар өздері үшін 20 маусымды қарастырып отыр. Антальяға бағытталған рейстерді іске қоспақ", - деген еді Атамқұлов.

Болгария

Болгария - маусымнан бастап шетелдіктерді қабылдай бастайтын елдердің бірі. Елге кіру үшін COVID-19 тестін тапсырудың және екі апта карантинде жатудың қажеті жоқ. Алайда туристер Болгарияға келер алдында елдегі эпидемиологиялық жағдайдан хабардар екені және барлық шартпен келісетіні туралы декларацияға қол қоюы керек. Егер елге келген шетелдіктен коронавирус инфекциясы анықталса, емдеу турист есебінен не сақтандыруы бойынша жүргізіледі.

Болгария 2020 жылғы туристік маусымды қолдау мақсатында жағажайдағы шезлонгтар мен қолшатырдың бағасын 50 пайызға арзандатуға шешім қабылдаған. Одан бөлек, елдегі 132 жағажайдың 23-інде шезлонгтар тегін болады. Ал қалған жағажайларда 1-5 лев (330-1200 теңге арасында).

Айта кетейік, Болгарияда коронавирус пандемиясы басталғалы жалпы 2810 адам COVID-19 жұқтырып, 1587 аурудан емделіп шыққан. Елде шамамен мыңнан аса адам әлі ем қабылдап жатыр. 

Коронавирус пандемиясы кезінде тағы қай елдерге саяхаттауға болады?

Күні кеше коронавирус кезінде саяхаттауға болатын елдердің тізімі пайда болды. Бұл тізімге елдер коронавирус жұқтырғандар саны аз болғандықтан енген. Оның ішінде Барбадос - COVID-19 жұқтырғандардың жалпы саны 92, Багам аралдары - барлығы 102 адам, Мэн аралы - 336 адам, Норманд аралдары - 561 адам, Мальта - 625 адам және Кипр - 958 адам. 

The Sun басылымының мәліметінше, аталған елдер дер кезінде коронавирусқа қарсы шара қабылдағандықтан аурудың алдын алған.