Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
03 августа 2020 17:10

Коронавирусқа қарсы вакцина қашан дайын болады?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Reuters © Reuters

Коронавирус геномының анықталғалы бері жарты жылдан соң дүние жүзінде 140-тан аса вакцина әзірленіп, оның 20-сы адамдардан сынақтан өткен екен. Әлем елдері коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізіп жатқанына қарамастан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны жартыжылдықта күтудің қажеті жоқ екенін айтады. COVID-19-ға қарсы вакцина қашан қолданысқа енеді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында. 


Коронавирус геномының анықталғалы бері жарты жылдан соң дүние жүзінде 140-тан аса вакцина әзірленіп, оның 20-сы адамдардан сынақтан өткен екен. Әлем елдері коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізіп жатқанына қарамастан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны жартыжылдықта күтудің қажеті жоқ екенін айтады. COVID-19-ға қарсы вакцина қашан қолданысқа енеді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында. 

Ресей

Коронавирусқа қарсы вакцина дайындалып, сынақтан өткен елдердің бірі - Ресей. 17 маусымда Мәскеуде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның екі формасы сынақтан өткізіле бастады. Оны Гамалеи атындағы эпидемиология және микробиологияны зерттеуге арналған ұлттық орталық жасап шығарған. 

Ал 18 маусымда коронавирусқа қарсы вакцинаны тестілеуден өткізуге алғашқы 18 адам қатысқан. Олар екі топқа бөлініп, тәжірибеге қатысушыларға екі түрлі компоненттегі вакцина салынған. Бүгін екі топтағы адамдардың жағдайы белгілі болды. РИА Новости хабарына қарағанда, еріктілердің жағдайы жақсы. Олар Бурденко атындағы госпиталь мамандарының бақылауында болған.


© РФ Қорғаныс министрлігі 

Ал 1 тамызда қазаннан бастап ресейліктерге коронавирусқа қарсы жаппай вакцина салынатыны белгілі болды. Ресейдің денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко коронавирусқа қарсы вакцинаны клиникалық сынақтан өткізу жұмыстары аяқталғанын мәлімдеген болатын.

"Вирустың емі емес". Ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцина туралы не ойлайды?

Министрдің айтуынша, бүгінде бұл препаратты тіркеу үшін құжаттар дайындалып жатыр. Ел билігі алдағы бір жарым-екі айда клиникалық зерттеулер жүргізуге рұқсат беру үшін кем дегенде екі өтінішті күтіп отыр. Тіркеу куәлігін алғаннан кейін вакциналарды қолдану басталады. Ең алдымен, арнайы топтарға вакцина салынады екен. 

"Ең алдымен, медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге салынады, сосын вакцина салынған науқастарға бақылау жүргізіледі", - дейді Мурашко. 

Айта кетейік, 1 тамызда Мурашко халықты жаппай вакцинациялау бюджет қаржысы есебінен болатынын, яғни, тегін жасалатынын айтты.

Қазақстан

"Хабар 24" телеарнасының мәліметінше, Қазақстанның жеке вакцинасын дайындаумен Жамбыл облысы Отар аулында орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты айналысып жатыр.

9 мамырда жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесінде институт ғалымдары алғашқы вакцинаны әзірледі. 15 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) оны өз сайтында клиникаға дейінгі сынақтарға арналған вакцина ретінде тіркеді. Содан кейін вакцинаны зертхана жағдайында жануарларға, атап айтқанда: тышқандар, сириялық хомяктар, егеуқұйрықтар, гвинея шошқалары, паромдар, қояндар және басқаларына клиникаға дейінгі сынақтар жүргізу басталды.

Ал 1 тамызда Қазақстанда коронавирусқа қарсы алғашқы екпе салынды. Ол Қазақ Ұлттық аграрлық университеті жанындағы Халықаралық вакцинология орталығында салынды. Вакцинаны салған алғашқы қазақстандық - аталған орталық директоры Қайсар Табынов. Препаратқа COVAX-19 атауы берілген. Аустралияда жасалған вакцина клиникалық сынаманың бірінші фазасынан өткен.  


© РИА Новости

"Антидене қалыптасты". Коронавирусқа қарсы вакциналар қандай нәтиже көрсетті?

Қайсар Табынов денсаулығын скринингтен өткізгеннен кейін және дәрігердің қарауынан өткеннен кейін COVAX-19 вакцинасын салдырған. Бүгінде ол өзін жақсы сезінетінін, елеулі жағымсыз құбылыстар анықталмағанын айтады.  

"Жақында зерттеу мақсатында өндірушісі Vaxine Pty Ltd болып саналатын COVAX-19 вакцинасын алдырдық. Аталған компания Аустралияның ең беделді биотехнологиялық компанияларының бірі және бүгінде елде аталған вакцинаны І-фазалы клиникалық сынақтан өткізуге 40 адам қатысып жатыр. Аралық нәтижелер жаман емес, осы аптада вакцинаны сынақтан екінші рет өтеді. Үш айдан кейін клиникалық сынақтан өткізу үшін екінші және үшінші фазаны шығару жоспарланған, ол жерде 10 елден 30-100 мың ерікті қатысады. Біздің ел де сынақтарға қосылады деп үміттенемін", - дейді Қайсар Табынов.  

Қытай

Қытайлық билік вакцина әзірлеу жұмыстары басталғанын ақпанда мәлімдеген. Ол клиникалық сынақтан сәуірге дейін басталуы керек болған. Оған дейін вакцинаның үлгісін жануарлардан сынақтан өткізген.

Сәуірдің ортасында Қытайда үш вакцина сынақтан өте бастаған. Ал мамыр айының ортасында еріктілер бес вакцинаны сынақтан өткізген. Вакцинаның екінші фазасын сынақтан өткізу шілденің аяғына жоспарланған. Ал жалпы коронавирусқа қарсы вакцина 2020 жылдың аяғына дейін дайын болады деп жоспарланған екен.

АҚШ

АҚШ-та коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірлеумен Массачусетс штатындағы Moderna биотехнологиялық компаниясы белсенді түрде айналысып жатыр. мРНК-1273 атаулы вакцина мРНК генетикалық платформасын қолдану арқылы жасалған. Мамандардың сөзінше, ол берік иммундық жүйені қалыптастыратын ақуыз. Вакцина өзге де препараттар секілді алдымен жануарлардан сынақтан өткен. Артынша клиникалық сынақтан өткізуге 44 ерікті адам қатысқан.

"Газета.Ru" мәліметінше, институт өкілдері клиникалық сынақ сәтті өткен күннің өзінде вакцина нарыққа 18 айдан ерте уақытта шықпайтынын айтқан.

18 мамырда Moderna компаниясы вакцина клиникалық сынақтан сәтті өткенін хабарлаған. Мамандар тәжірибеге қатысқан адамдарда антидене қалыптасқанын мәлімдеген.

29 шілдеде компания вакцина бағасы 50-60 доллар (20-25 мың теңге аралығында) болатынын айтты. Баға өзгеруі де мүмкін, себебі Moderna өз вакцинасын Pfizer және BioNTech вакцинасының бағасына қарағанда қымбат ұсынып отыр. Аталған екі компания алдыңғы аптада жасап шыққан 600 миллион доза вакцинаны АҚШ билігімен әр дозасын 19,5 долларға сатуға келісім жасаған. 

© Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп 15 мамырда елдегі ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцинаны қаңтардан әзірлей бастағанын айтқан.  

"Ол кезде адамдар айналада не болып жатқанын білген жоқ, ал біз немен күресіп жатқанымызды түсінбесек те вакцина әзірлей бастадық", - деді Трамп Ақ үйде өткен брифингте.

Трамп вакцина әзірлеумен айналысып жатқан ғалымдарға алғыс білдіріп, препарат жыл соңына дейін дайын болады деген үмітте екенін жеткізген.

Аталған екі елден бөлек, тағы бірнеше мемлекетте вакцина сынақтан өтіп жатқанына қарамастан ДДҰ өкілдері алдағы жартыжылдықта "қауіпсіз және тиімді" вакцинаны күтудің қажеті жоғын айтады.  

"Бұл бағыттағы ғылыми жұмыс жылдамдығы таңғаларлық болды. Бүгінде аурудың тарауын тоқтатып, адам өмірін сақтап қалатын құралдар бар", - дейді ДДҰ төтенше аурулар бөлімінің басшысы эпидемиолог Мария Ван Керкхове.

Маманның атап айтқан құралдарына науқастармен байланыста болғандарды бақылау, халықты жаппай тесттен өткізу, медициналық мекемелерді жабдықтау, әлеуметтік қашықтық пен масқа тағу жатады.

Оның үстіне вакцинаны сынақтан өткізу бірнеше фазадан тұрады. Препаратты үшінші фазадан өткізудің өзіне жарты жылға жуық уақыт қажет екен.

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 451.08   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети