Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
25 августа 2020 10:00

"Күніне 5 мың адамнан COVID-19 анықталады". Қазақстанмен көрші елдерде коронавирус жағдайы қалай?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Reuters © Reuters

Қазақстанда ұзақ уақыттан бері бірінші рет коронавирус жұқтырғандар саны тәулігіне 200-ден аз болып жүр. Кеше 184 адамнан коронавирус табылса, оның алдында 175 қазақстандықтан COVID-19 анықталған. Қазақстанмен шекаралас елдерде коронавирус жағдайы қалай? Tengrinews.kz тілшісі көрші елдердегі жағдайға шолу жасады.


Қазақстанда ұзақ уақыттан бері бірінші рет коронавирус жұқтырғандар саны тәулігіне 200-ден аз болып жүр. Кеше 184 адамнан коронавирус табылса, оның алдында 175 қазақстандықтан COVID-19 анықталған. Қазақстанмен шекаралас елдерде коронавирус жағдайы қалай? Tengrinews.kz тілшісі көрші елдердегі жағдайға шолу жасады.

Ресей


© РИА Новости 

Қазақстанмен шекаралас елдер ішінде жағдайы ең ауыры - Ресей. Бұл елде бүгінде 961 493 адамнан коронавирус табылған. Бұл көрсеткіш бойынша Ресей дүние жүзінде төртінші орында келеді.

Елде тамызда да эпидемиологиялық жағдай жақсармай тұр. Мысалы, тамыздың басында Ресейде 850 мыңнан аса адамнан коронавирус табылған. Соңғы 23 күнде елде тағы 115 мың адам коронавирус жұқтырған екен.

Жалпы, Ресейде күн сайын 5 мыңға жуық адамнан COVID-19 анықталады. Бұл көрсеткіш бойынша Ресей бізбен шекаралас елдер ішінде көш бастап тұр. Мұндай үрдіс жалғасса, Ресейде қыркүйектің басында коронавирус жұқтырғандар саны миллионнан асуы мүмкін.

Бүгінде елде 773 мыңнан аса адам аурудан жазылған. 16 480 науқас қайтыс болған. 172 мыңға жуық адам әлі аурудан емделіп жатыр.

Қытай


© Reuters 

Коронавирус бастауы болған Қытайда қазір жағдай тұрақталған. Көктемде 80 мың адам COVID-19 жұқтырып, дүние жүзінде бірінші орында тұрған қытайлықтар қазір 33-орында. 

Қытайда басқа елдер секілді күн сайын коронавирус табылмайды. Елде коронавирус соңғы рет бір апта бұрын анықталған. 17 тамызда 163 адам вирус жұқтырғаны хабарланған. Тамыздың басынан бері елде 1597 адам коронавирус жұқтырған.

Елде барлығы 89 377 адамнан COVID-19 табылған. Оның 83 200-і аурудан жазылған. 4 703 науқас қайтыс болған. Қытайда коронавирус жұқтырғандар ішінде адам өлімі 5 пайыздан асады. Бұл дүние жүзі бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі саналады. Бүгінде елде 1 474 адам ғана аурудан емделіп жатыр.

Қырғызстан


© Reuters 

Қырғызстанда да қазір коронавируспен күрес жалғасып жатыр. Шілденің ортасына дейін елде коронавирус деңгейі жоғары болмаған. Бірақ бір күннің ішінде бәрі өзгерді. 17 шілдеде Қырғызстанда барлығы 13 101 адамнан COVID-19 табылған. Ал келесі күні вирус жұқтырғандар саны 24 606-ға бір-ақ жеткен. Себебі сол күннен бастап елде коронавирус пен пневмония бірге есептелетін болды.

Бүгінде Қырғызстанда 43 126 адамнан вирус анықталған. Бұл көрсеткіш бойынша қырғыз елі 53-орында тұр.

Кеше 103 адамның коронавирус жұқтырғаны хабарланған. Жалпы, елде COVID-19 күн сайын 100-200 адамнан табылып отырады.

Елде дәл қазір аурудан емделіп жатқандар саны айтарлықтай көп емес. Бүгінде 36 мыңнан аса адам аурудан жазылған. 1498 науқас қайтыс болған. Қазіргі уақытта 5 мың адам коронавируспен күресіп жатыр.

Өзбекстан


© Reuters 

Өзбекстанның эпидемиологиялық жағдайы әлдеқайда жақсырақ. Кеше елде коронавирус жұқтырғандар саны 39 мыңнан асты. Мұндай көрсеткішпен өзбек елі дүние жүзінде 59-орында тұр.

Кеше елде 534 адамнан коронавирус табылған. Өзбекстанда коронавирус жұқтыру бойынша нақты үрдіс жоқ. Елде бір күні 800 адамнан коронавирус табылса, келесі күні 373 науқас, одан кейін 650 науқас анықталуы мүмкін. Сондықтан, бұл елде вирус әлсіреп жатыр не күшейіп жатыр деп айтуға келмейді.

Бірақ Өзбекстанда аурудан айығу деңгейі жақсы. Себебі бүгінде 39 мың науқастың 35 мыңға жуығы аурудан жазылған. Қазіргі уақытта 3,8 мың адамда әлі де вирус бар.

Елде коронавирустан қайтыс болғандар саны да көп емес. Бүгінге дейін елде COVID-19 жұқтырған 275 науқас көз жұмған. Адам өлімінің пайыздық көрсеткіші бойынша Өзбекстан үздіктер қатарына кіреді.

Қазақстан


© Reuters 

Қазақстанмен шекаралас жатқан елдер ішінде Түркіменстанда ғана ресми түрде коронавирус жоқ. Ал Қазақстандағы статистика қандай? Еліміз коронавирус жұқтырғандар саны бойынша дүние жүзінде 29-орында тұр. Елде 105 мыңға жуық адамнан COVID-19 табылған.

Бірақ Қазақстанда күн санап коронавирус деңгейі төмендеп келеді. Мысалы, тура бір ай бұрын, 25 шілдеде 1740 адамнан коронавирус анықталған. Ал кеше соңғы бір тәулікте 184 науқас вирус жұқтырғаны хабарланды.

Бүгінде Қазақстанда коронавирус жұқтырған науқастардың 93,4 мыңы аурудан жазылған. 10 мыңнан аса науқас әлі аурудан емделіп жатыр.

Елімізде 1415 науқас коронавирустан қайтыс болған. Вирус жұқтырғандар саны бойынша Қазақстанмен деңгейлес тұрған Украинада 2 мыңнан, Эквадорда 6 мыңнан аса адам көз жұмған.

Айта кетейік, бүгінде дүние жүзі бойынша 23,4 миллионнан аса адам COVID-19 жұқтырған. Оның 15,2 миллионнан астамы аурудан жазылған, ал 809 мыңнан аса науқас қайтыс болған.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.2   490.7   4.82 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети