Коронавирустың әлемге тарауы дәрігерлердің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Бірақ кей елде дәрігерлерге жағдай жасалмаған. Осындай наразылықпен әлемнің түкпір-түкпірінен дәрігерлер митингіге шығып, шағымданып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі коронавирусқа байланысты шеруге шыққан дәрігерлер туралы баяндайды.
Коронавирустың әлемге тарауы дәрігерлердің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Бірақ кей елде дәрігерлерге жағдай жасалмаған. Осындай наразылықпен әлемнің түкпір-түкпірінен дәрігерлер митингіге шығып, шағымданып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі коронавирусқа байланысты шеруге шыққан дәрігерлер туралы баяндайды.
"Тіпті, маска жоқ"
Кеше Мексика астанасында дәрігерлер қала көшелерінің бірін жауып, шеруге шықты. Олар коронавирус жұқтырғандармен жұмыс істеуге қажетті маскалар және қорғаныс костюмдерінің аз екеніне шағымданған.
Ондаған дәрігер мен медбике осы проблеманы көтеру үшін көшеге шыққан. Медбикелердің бірі Associated Press агенттігіне берген сұхбатында COVID-19 жұқтырғандар жататын қабатта жұмыс істесе де, күніне бір ғана маска алатынын айтқан. Оның сөзінше, ол жұмыс істейтін ауруханада бір медбике қайтыс болған.
"Қажетті құрал, тіпті маска жоқ кезде әріптестерім қалай хаттаманы ұстанады?", - дейді митингіге шыққандар.
Бұған дейін Мехикода мемлекеттік аурухананың науқастары мен қызметкерлері жергілікі денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдап, қауіпсіздік шарасын арттыруды талап еткен болатын.
"Сіздер үшін күресіп жатырмыз"
Бір апта бұрын Грекияның бірнеше қаласында бірқатар аурухананың медициналық қызметкерлері үнсіз шеру акциясына шықты. Дәрігерлердің назы - коронавирус кезінде қызметкерлердің жетіспеуі, жағдай жасалмауы.
Акцияны Грекия коммунистік партиясының қатысуымен кәсіподақ ұйымдастырған. Дәрігерлер үкіметке талап қойған: штатты кеңейтіп, қосымша медициналық қызметкерлер алып, денсаулық сақтау саласына қаржыны көбейту.
Грекиялық дәрігерлер шеруді Дүниежүзілік денсаулық күніне арнаған. Маска мен қорғаныс костюмдерін киген дәрігерлер үлкен ауруханалардың кіреберісіне жиналған. Плакаттарында "Сіздер үшін күресіп жатырмыз, біз үшін қаттырақ қолдау көрсетіңіздер" деп жазылған.
Пәкістанда жүзге жуық дәрігер ұсталған
6 сәуірде Пәкістанның Квет қаласында да дәрігерлер шеруге шыққан. Оны Жас дәрігерлер қауымдастығы ұйымдастырған.
Митингіге шыққандар медициналық қызметкерлердің коронавирусқа қарсы қорғаныс құрылғылары болмауына наразылық білдірген. Дәрігерлердің пікірінше, биліктің дұрыс дайын болмауы ірі ауруханалардағы медициналық қызметкерлердің қауіпті жағдайда қалуына әкелген.
Real is so rare these days..
— Ghulam Nabi (@GhulamN007) April 6, 2020
Power changes everything till it is difficult to say who are the heroes and who the vilains... #ProtectDoctorsOfBalochishtan pic.twitter.com/tleASv1nIR
Артынша қала билігі полицияға шеруге шыққандарды таратуға тапсырма берген. Нәтижесінде жүзге жуық дәрігер ұсталған. 7 сәуірде дәрігерлер мен қала билігі келіссөздер жүргізген, бірақ ол да сәтсіз аяқталған.
"Қорғаныс өндірісін бастаңыздар"
Сәуірдің басында АҚШ-та да коронавирусқа байланысты шеру өткен. Оған бірнеше дәрігер мен медбике қатысқан. Митингіге шыққан басқа ел дәрігерлері секілді олар да жағдай жасалмағанына наразылығын білдірген.
Дәлірек айтқанда олар қорғаныс киімдері мен өкпеге жасанды тыныс беру аппаратының жетіспейтінін мәлімдеген.
"Қорғаныс өндірісін бастаңыздар! Бізге ауруханаға қажетті өкпеге жасанды тыныс беру аппаратын, дәрілер, N-95 маскасын, басқа да қорғаныс құрылғыларын жаппай өндіру керек", - дейді медбике Джиллиан Примиано.
Сонымен қатар, Нью-Йоркте пәтер жалдап тұратындардың төлемін алып тастауды сұраған. Дәрігерлердің пікірінше, сол кезде тұрғындар үйде болады.
Гонконг дәрігерлері шекараны жабуды талап еткен
Ақпанда коронавирус Қытайда жаппай тарап жатқанда Гонконгта жүздеген дәрігер мен медбике митингіге шыққан. Олар Қытаймен шекараны жабуды талап еткен. Дәрігерлердің ойынша, бұл Гонконгта коронавирус тарауын алдын алады.
Медициналық қызметкерлер коронавирус жұқтырған науқастар саны артса, Гонконгтағы ауруханалар науқастың бәрін қабылдай алмауы мүмкін екенін айтқан.
Митингіні Hospital Authority Employees Alliance медқызметкерлер одағы ұйымдастырған. Олар Гонконг билігі талапты орындамаса, келесіде алты мың дәрігер шеруге шығады деп мәлімдеген. Нәтижесінде ақпанның басында Гонконг Қытайдан келетін азаматтарға шектеу қойған еді.
Тоқаевқа хат жолдаған дәрігерлер
Ал Алматы қаласы Орталық клиникалық аурухананың медициналық қызметкерлері қалалық бас санитар дәрігер Айзат Молдағасымоваға қарсы шықты. Мәселе аурухана дәрігерлерінің жаппай коронавирус жұқтыруынан басталған.
Алматы қаласы Орталық клиникалық аурухананың 147 медициналық қызметкері коронавирус жұқтырған, оның 110-ы соңғы бір тәулікте табылған болатын. Қазір ауруханаға карантин жарияланған.
Артынша Айзат Молдағасымова дәрігерлердің вирус жұқтыруына олардың сақтық шараларын қолданбағаны себеп болуы мүмкін екенін айтқан еді.
Бұған жауап ретінде Желіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданған хат жарияланған, онда Президенттен Алматы қаласы Орталық клиникалық ауруханада коронавирус жұқтырған дәрігерлер жағдайына көңіл аударуды сұраған.
"Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімі бастығының "себептердің бірі медициналық қызметкерлердің барлық сақтық шарасын сақтамауы" деген мәлімдемесі - жала жабу. COVID-19 қаупі және сақтық шараларын қабылдау қажет екені туралы медициналық қызметкерлерден артық кім біледі?", - делінген үндеуде.
Ал бүгін қалалық Орталық клиникалық аурухананың тағы 35 қызметкерінен коронавирус табылды. Осылайша, бұл ауруханада вирус анықталған дәрігерлер саны 182-ге жетті.