1. Главная
  2. Узнай
  3. Спорт
  4. Спорт

"Айына 50-60 мың теңге кетеді". Спортшы ауылдағы үйінен тегін спортзал ашты 11 февраля 2021, 15:28

Алматы облысында жас спортшы Ақжол Олжабаев өз үйінде балаларға арналған тегін спортзал ашты. Оған ата-анасы көмектескен. Оның мақсаты - ауыл
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек

Алматы облысында жас спортшы Ақжол Олжабаев өз үйінде балаларға арналған тегін спортзал ашты. Оған ата-анасы көмектескен. Оның мақсаты - ауыл балаларының спортпен айналысуына көмектесу. Tengrinews.kz тілшісі Ақжолмен сөйлесіп, бұл идея қалай туғанын сұрады.

Ақжол Олжабаев - Алматы облысынан шыққан жас спортшы. 23 жастағы оның спорт әлемінде мақтанарлық жетістігі көп. Аралас жекпе-жектен Азия чемпионатының қола жүлдегері, панкратионнан Қазақстанның екі дүркін чемпионы болған. Грэпплингтен Қазақстан чемпионы, ММА-ден Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегері атанған.


Ақжол Олжабаев

Халықаралық, республикалық деңгейде жетістікке жеткен спортшы өз аулы - Көлбайды ұмытпаған. Қазір сонда ата-анасының қасында тұрып жатыр.

Көлбай ауылы Алматы облысы Алакөл ауданында орналасқан. Ауылда 400-ге жуық үй, яғни, 1 500-ден аса адам тұрады. Мектебі, балабақшасы, кітапханасы бар. Бірақ шағын ауылда спортзал жоқ екен.

"Біздің ауылда спортқа қызығатын жастар өте көп, сол себептен спортзал ашқымыз келді. Бірақ жаттығу жасайтын зал болмағаны қиындау еді. Сол кезде әкем үйді спорт залға айналдыруға ой салды. Сол кісінің арқасында қазір осындай шағын спортзалымыз  бар", - дейді Ақжол Олжабаев.


Спортзал ашылған үй 

Осылайша, Ақжол үйдің екі бөлмесін спортзалға айналдырған.

"Спортзалымыздың бір бөлмесінде кілем төселген, бір бөлмесінде түрлі жабдықпен жаттығу жасаймыз. Спорттық жабдықтар дегенде - көбі өзіміз қолдан жасаған заттар. Одан болек сенбі, жексенбіде өзіміздің ұлттық ойындарымызға көңіл бөлеміз. Көкпар ойнап, дайындаламыз", - дейді Ақжол.


Жаттығу бөлмесі 

Спорт залға қажетті қаражат мәселесіне келгенде Ақжолдың ата-анасы көмектескен. Көмір алып беріп, отты әкесі жағады екен.

"Олардан бөлек, ауыл азаматтары да қолдау көрсетіп жатыр. Ауылымыздың әкімі Ержан Шәкеровке де алғыс айтқым келеді. Біз спортзал ашамыз дегеннен бері демеу беріп жүр. Басында тек қолдан жасаған жабдықтармен жаттығатынбыз. Кейін "ҚазАвтоЖол" Алматы облыстық филиалының директоры Асқаров Мақсат біз туралы естіп, спортқа керек жабдықтармен қамтамасыз етті", - дейді ол.

Спортзал ашылғанына төрт ай уақыт болған. Қазіргі уақытта спортзалда жаттығуға келіп жүрген балалар саны өсіп келеді. Бүгінде залда 40-қа жуық бала дайындалып жатыр екен. Жастары да әртүрлі - 6-дан 20 жасқа дейінгілер. Олар екі топқа бөлініп, жаттығу жасайды. Зал да, жаттығу да тегін.

Ақжолдың айтуынша, спортзалға ай сайын 50-60 мың теңге ақша кетеді екен.

"Қазіргі уақытта ең маңыздысы - ауыл балаларына күш-жігер беру. Бұрын ниеттері болса да, жаттығатын жер жоқ еді. Қасымда Дулат деген жігіт бар. Екеуіміз бапкер болып, балаларды дайындап жатырмыз. Балаларды тек жаттықтырып қоймай, оларды турнирлерге алып бару қажет. Спортшы боламын деген әр балаға қажет нәрсе - осы. Қазір 19 ақпанда Қапшағайда өтетін панкратион грэпплингтен облыстық жарысқа алты бала дайындап жатырмыз", - дейді Ақжол.


Бапкерлердің бірі - Дулат 

Балалардың спортшы болу арманына жол ашқан Ақжол бұл бастамасын соңына дейін апармақ. Ауылдан шыққан балалар әлемдік деңгейге жетсе екен, дейді ол.

"Алдағы уақытта мықты спортшылар дайындап, Қазақстанның көк байрағын әлемде желбірететін спортшылар шығаруды мақсат етіп отырмын. Әр спортшының арманы - өз елінің намысын халықаралық деңгейде қорғау. Ата-анасының үмітін ақтайтын спортшылар шығарғым келеді. Өзім де спорттан кеткен жоқпын, әлі көк туымызды әлемдік деңгейдегі мықты додаларда желбіретемін", - дейді спортшы.

Суреттер Ақжол Олжабаевтың жеке мұрағатынан



Join Telegram