Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
23 октября 2019 14:37

"Бесбармақтың түрі ұнамады". Әлемге танымал спортшылар Қазақстан туралы не деген?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Екі салмақ дәрежесінде UFC-дің бұрынғы чемпионы ирландиялық Конор МакГрегор Қазақстан туралы сұраққа жауап берген болатын. Бұған дейін де әлем спортының танымал өкілдері Қазақстан туралы ойларын бөліскен. Тengrinews.kz тілшісі Қазақстан мен оның спорты туралы пікір білдірген атақты спортшыларға шолу жасады.


Екі салмақ дәрежесінде UFC-дің бұрынғы чемпионы ирландиялық Конор МакГрегор Қазақстан туралы сұраққа жауап берген болатын. Бұған дейін де әлем спортының танымал өкілдері Қазақстан туралы ойларын бөліскен. Тengrinews.kz тілшісі Қазақстан мен оның спорты туралы пікір білдірген атақты спортшыларға шолу жасады.

"Қазақстанда бокс ғажап дамыған"


© vesti.ru

UFC жұлдызы Конор МакГрегор Киевке барып, сонда баспасөз мәслихатын өткізген. Мұнда ол журналистермен қатар, жанкүйерлерімен де тілдесті. Баспасөз мәслихаты кезінде оған сүйікті тағамы, фильмі, сусыны секілді түрлі сұрақтар қойылған.

Жанкүйерлер арасында қазақстандық ММА туралы пікірін де сұрағандар болды.

"Қазақстаннан шыққан ММА файтерлерін білмеймін. Қазақстанда бокстың ғажап дамығанын, терең тарихы бар екенін білемін. Еркін күрес те солай. Бірақ қазақстандық файтерлерді көргенім есімде жоқ. Егер мені шақырсаңыздар, Қазақстанға барып қалармын", - деді МакГрегор.

31 жастағы Конор МакГрегор жеңіл және жартылай жеңіл салмақтарда UFC чемпионы болған. ММА-де 25 жекпе-жек өткізіп, оның 21-ін жеңіспен аяқтаған. 18 кездесуді нокаутпен тәмамдаған. Қалған төрт ұрыста қарсыласына жол берген.

2019 жылдың қазанындағы P4P рейтингінде МакГрегор 12-орында тұр.

"Қазақстандықтардың таланты көп"


© TASS/ZUMA

2017 жылы Бокс әлемінің жұлдызы Майк Тайсон Алматыда өткен Synergy Global Forum-ның екінші күнінде қонақ болған. Баспасөз мәслихатында "Темір Майк" қазақстандық боксшылардың болашағы туралы ойын айтқан.

Тайсонның пікірінше, қазақстандық боксшылардың бүкіл әлемге танылатын мүмкіндігі зор.

"Сіздер жаттығуды жалғастыра берулеріңіз керек. Сіздерде кем дегенде GGG бар, сондықтан жұдырықтасуды жалғастыра беру қажет. Қазақстандықтардың таланты зор, тек үлкен трибуналарға шығу керек", - деген еді Тайсон.

Майк Тайсон кәсіпқой рингте 20 жыл жұдырықтасқан. Осы уақыт ішінде 58 жекпе-жек өткізіп, оның 50-де жеңіске жеткен. 44 рет нокаутпен жеңген. Алты рет жеңілген, тағы екі кездесуі өтпей қалған.

Ауыр салмақта жұдырықтасатын америкалық боксшы үш жыл бойы абсолют әлем чемпионы атағын ұстап тұрған. Тайсон Гиннестің Рекордтар кітабына екі рет енген - ең жылдам нокауттар саны мен ауыр салмақта ең жас әлем чемпионы.

"Қазақстандағы ең танымал әнші - Қайрат Нұртас"


© Reuters

Ресейлік футболдың жұлдызы, лондондық "Арсеналда" ойнаған Андрей Аршавин карьерасының үш жылын алматылық "Қайратта" өткізген болатын. Осы уақыт ішінде ол Қазақстанмен жақынырақ танысқан.

2017 жылы ресейлік Gazeta.ru сайтына берген сұхбатында Аршавин қазақ мәдениеті мен асханасы туралы айтқан.

"Ол жақта көбіне жабық киінеді, не дегенмен Азия ғой. Үстел басында ер адам басшы, ал әйелі тыңдайды. Қалған кезде де өз колориті бар. Бұл көбіне елдің оңтүстігінде тараған. Қазақстанның солтүстігі ресейлік қалаларға ұқсас.

(...) Бесбармақты жеген жоқпын, себебі маған оның түрі ұнаған жоқ. Есесіне жылқы етін көп жедім, Қазақстанда ол кең таралған. Жылқы етін кез келген мейрамханада табуға болады, базарда да сатып алу оңай.

Қазақстандағы ең танымал әнші - Қайрат Нұртас. Оның Нюшамен бірге орындаған әнін көп естимін. Бұл композиция шынымен де әдемі естіледі", - деді Аршавин.

Аршавин карьерасының басым бөлігін санкт-петербургтік "Зенит" пен лондондық "Арсеналда" өткізген. Ресейдің үш дүркін чемпионы, Премьер-лига кубогы, Ресей Суперкубогы, УЕФА кубогы, УЕФА Суперкубогын жеңіп алған. "Қайрат" сапында екі рет Қазақстан кубогын, бір мәрте Суперкубогын иеленген.

"Мұндағы адамдар керемет"


© badlefthook.com

Әлі жеңілмеген ұлыбританиялық Билли Джо Сондерс биыл шілденің басында Қазақстанда өткен бокс кешінде құрметті қонақ болған.

Журналистермен қысқа ғана кездесуінде ол Қазақстанда бәрі ұнағанын айтты. Сондай-ақ ол Головкинді Қазақстанда жұдырықтасуға шақырған болатын.

"Маған бәрі ұнады, мұндағы адамдар керемет, бәрі жақсы. Мені жылы қарсы алған қазақстандық жанкүйерлерге рақмет - тамаша адамдар. Осында, "Барыс Аренада" Головкинмен жұдырықтасқым келеді! Мүмкіндікті пайдаланып, онымен Қазақстанда кездесуді қалаймын. Тағы айтайын: Головкин, сені жекпе-жекке шақырамын, сенімен "Барыс Аренада" жұдырықтасқым келеді. Қазақстандағы фанаттар ғажап, оларға лайықты жекпе-жек ұсынайық", - деді Сондерс.

30 жастағы ұлыбританиялық боксшы кәсіпқой рингте 27 жекпе-жек өткізіп, оның бәрін жеңіспен аяқтаған. 13 қарсыласын нокаутпен жеңген. Үш жыл бойы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы болған. Қазақстандық Головкиннің ықтимал қарсыластарының бірі саналады.

"Қазақстан қорғаушыларына жоғары баға беремін"


© Reuters

2013 жылы қыркүйекте футболдан Қазақстан құрамасы өз алаңында Швеция командасынан жеңілген болатын. Ойындағы жалғыз голды 1-минутта Златан Ибрагимович соққан.

Матчтан кейін швециялық жұлдыз Қазақстан футболшыларына жоғары баға берген еді.

"Қазақстан құрамасы біз күткендей өте жақсы ойын көрсетті. Қазақстандық футболшылар жақсы мүмкіндіктер жасап, алаңда командалық қозғалыспен ойнады. Қазақстан қорғаушыларына жоғары баға беремін. Бізге өте жақсы қорғаушылар қарсы тұрды. Шынында, қазақстандықтардың бәрі жақсы ойнады. Жасанды алаңда ойнау қиын болды, әсіресе маған. Мұндай алаңдарда ойнап үйренбегенмін. Оңай болмады, бірақ жеңіске жеттік", - деді Ибрагимович.

38 жастағы Златан Ибрагимович "Ювентус", "Интер", "Барселона", "Милан", "ПСЖ" және "Манчестер Юнайтед" секілді танымал клубтардың намысын қорғаған. Қазір MLS-те "Лос-Анджелес Гэлакси" сапында ойнап жүр.

Ибрагимович төрт түрлі лиганың чемпионы атанған. Карьерасында 31 турнирде топ жарған.

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 449.3   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети